Тараз қаласы түрлене түседі

Тараз қаласы түрлене түседі
ашық дереккөз
Тараз қаласы түрлене түседі
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы Жамбыл өңірінде сәтті жалғасып жатыр. Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданына барып, жаңадан бой көтеріп жатқан саябаққа тал екті. Жалпы, бұл жаңа саябақтың аумағы 10 гектарды құрайды. Мұнда 3500 түп ағаш көшетін отырғызу көзделген. Бүгінгі таңда 90 пайыз тал көшеттері отырғызылып, тұрғындарды қуанышқа бөлеп отыр. Кеше де 200- ден астам тал көшеттері отырғызылды. Саябаққа шырша, сирень, терек және жеміс ағаштарын отырғызу, кәусар гүлін егу жоспарланған. Саябақтың құрылысы толық аяқталған кезде тал көшеттері мен гүлдер де өсіп, айналаға сән беретіні анық. Мұнан соң облыс басшысына Тараз қаласының абаттандырылуы бойынша жұмыстарды Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы таныстырды. Шаһар басшысы түсіндіріп өткендей, абаттандыру, көгеріштендіру жұмыстары айтарлықтай қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Тектұрмас кешеніне 4860 дана тал көшетін отырғызу жоспарланған. Қала бойынша 25 ірі аумақты абаттандыру жоспарда бар. Қаланың аумағынан 8 канал өтіп жатыр. Оның ішінде Түйте каналын жөндеп, әлеуетін пайдалану қолға алынған. Сонымен қатар, шаһар бойынша 160 шақырым арық жүйелерін тазарту, кезекте тұрған тұрғындарды тұрғын үймен қамтуды жалғастыру мәселелері өзекті. Былтыр кезекте тұрған 200 отбасыға пәтер берілсе, биыл 669 отбасы қоныстойын тойлайды деп күтілуде. Қаланың Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері және Абай даңғылында көпқабатты үйлердің шатырлары мен сыртқы қасбеттері жөнделіп, жарық орнатылмақ. Яғни, самаладай жарқыраған түнгі Тараз қонақтар мен тұрғындардың назарын аударатын болады. Қаланың 10 шағынауданында жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Кіші архитектуралық жұмыстарға да назар аударылады. Былтыр 81 көше жарықтанса, биыл 76 көше жарқырайды. Былтыр 146 көше мен бұрылыстардың жолы жөнделсе, биыл 200 көшенің жолы айнадай тегіс болуы жоспарланған. Сондай-ақ, қала әкімі Шөлдала, Құмшағал аумақтарында жарық пен су мәселесі шешілгенін, енді жол жөндеу бойынша жұмыстар кезең- кезеңімен жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Тараз қаласында жасалып жатқан жұмыстардың сапалы, тұрғындардың талап-тілегіне тегіс сай болуын назарға алуды қала әкіміне тапсырып, жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұқаралық ақпрат құралдары өкілдерінің алдында шағын сұхбат берді. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық акциясы біздің өңірде қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл Тараз қаласының өзіне 40 мың ағаш көшеті, 1 миллион түп гүл, оның ішінде 15 мың түп көпжылдық раушан гүлі егілуде. 60 мәдени архитектуралық нысандардың айналасын тазалау және абаттандыру жұмысына көңіл бөлінуде. Кезекте тұрған қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары үздіксіз жалғасады. Әсіресе, осал топтағы азаматтарды ең алдымен пәтермен қамтып, заң аясында жағдайларын жасаймыз. Мен Тараз қаласының әкіміне жасыл желек отырғызудың дендрологиялық картасын жасауды, көпқабатты тұрғын үйлерді, жолдарды, саябақтарды жарықтандыруды сапалы жүргізуді тапсырдым. Тұрғындар тарапынан реніш тумауын өтіндім. Барлық аумақта балалар ойын алаңшалары салынып жатыр. Сонымен қатар, қарттарымыздың саябақта алаңсыз серуендеуіне, ертелі-кеш дене қимылын жасап, сергек жүрулері үшін қолымыздан келген мүмкіндіктің барлығын жасауға тиіспіз. Биыл Тараз қаласында Қаратау мен Алатау аудандары ашылып, жұмысын жүргізеді. Аудандардың бөлінісі де сәтті жүзеге асады. Бізде қала көшелерінің тазалығы бір жүйемен жүргізілуі тиіс. Егер Тараз қаласында тазалық жұмыстарының сәтті жобасы жүзеге асып жатса, ол үлгіні Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларына тарату жұмыстарын жүргіземіз. Аталған қалалардың әкіміне тазалық және абаттандыру жұмыстары бойынша нақты тапсырма бердім. Билік тарапынан белсенді шаралар жүргізіліп жатыр. Негізі әр ауланың тазалығына тұрғындар да үлес қосулары тиіс. Тұрғындар тарапынан жанашырлық болғаны маңызды. Жалпы, өңірімізде абаттандыру, көріктендіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Егілген көшеттердің суарылуы, күтімі назарымызда болады. Осы көшеттер көгеріп өссе, Тараз жасыл қалаға айналады, ауаның тазалығына да оң әсері болады, – деді. Аймақ басшысы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар