Ауыл әкімі Ерсайын Қуандықтың айтуынша, Жаңатұрмыста 600-ге жуық жас бар. Ортақ іске қажетті қаржы жинау үшін қор құрылып, жастар өз араларынан Мақсат Әбдірахмановты «Қожай» қорына төраға етіп сайлаған.
– Округіміздегі 569 жастың біреуі NET-жастар санатында. Дегенмен, ол да ауылдастарының бастамаларына өз үлесін қосудан қалыс қалмайды. Жеке ісін жүргізіп отырған 35 кәсіпкер жастарымыз да бар. Бірі жылдам дайын болатын тағам, чикен, суши, пицца әзірлейтін «MIX FAST FOOD» асханасымен, екі жас кәсіпкер шағын көлік жөндеу орталығымен халыққа қызмет көрсетсе, тағы бірі ат әбзелдерін жасап, былғары аяқ киім тігіп, көлік жуу орталығын ашып, ауыл экономикасын ілгерілетуге де атсалысып отыр. Ал, Төле Құлбарақов «Ауыл аманаты» бағдарламасымен құрылған «Қамқор Табыс» кооперативіне төрағалық етуде. Ауылымыздың жастары істе де, қайырымдылықта да, қоғамдық жұмыстарда да өте ұйымшыл. Осынау ұйымшылдығы үшін оларға әкімшілік тарапынан зор алғысымды айтамын. Мемлекет тарапынан да жастарды қолдап, жігерлендіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мысалы, былтыр 5 гектар жерге «Жасыл белдеу» бағдарламасымен жастарға арналған саябақ салынды. Онда 5-6 түрлі тал егілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынып жатқан спорт кешенінің құрылысы тамыз-қыркүйек айларында аяқталып, пайдалануға беріледі. Тұрғындардың мәдени-рухани құндылықтарын байытуға қызмет ететін 90 орындық Мәдениет үйі салынбақшы, қазіргі уақытта мердігері анықталды, құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Жақында «Жаңатұрмыс NEWS» интернет кана лын іске қо стық. Онда жастарымыздың жетістіктері, ауылымыздың жаңалықтары, айтары бар тұлғаларымыздың сыр-сұхбаттары жарияланып тұрады, – дейді Ерсайын Талғатұлы.
Ауыл жастарын игі істерге ұйымдастырып жүрген Мұханбетали Омашов «Билібайтегі» шаруа қожалығының иесі.
– Ең алғаш құрылысы бітпей тұрған ауылымыздың асханасын салып аяқтауға жұмылдық. Басқаларды жақсы іске ұйымдастыру үшін өзіңнен бастау керек. Жеке шаруа қожалығым болған соң қажеттіні өз шаруашылығымнан қо сып, содан соң ортақ жиынға басқаларды шақырамын. Мұндайда ауылымыздың жастары өте ұйымшыл, ауызбіршіліктерінің беріктігіне қуанамын. Алғашқы бастаған асхана құрылысын 7-8 айда аяқтап, мешітке тапсырғанбыз. Содан кейін тоза бастаған ауылдың спорт залына жөндеу жүргіздік. Сол жерде күрес үйірмесі ашылып, ауыл балаларының сүйікті орындарының біріне айналды. Шүкір, қазір сол спорт залда тәрбиеленген балаларымыз жүлдегер атанып, абыройымызды арттырып жүр. Тек өз еліміздің ғана емес, Азия чемпионы атанып жүрген бүлдіршіндеріміз де бар. Міне, еңбектің еш кетпегенінің бір көрінісі, – деді бізге ауылдастарының үлгілі әрекеттерін әңгімелеген Мұханбетали Билібайұлы.
Кез келген қиындық адами қасиеттерді сынға салып, көпшілікті біріктіретінін көріп жүрміз. Елімізде қуаңшылық болған жылы Жаңатұрмыстың тұрғындары 2200 түк шөпті 3 вагонға тиеп, Қызылордаға жіберген еді. Оған да тұрғындардың бірі 10-20 түк шөп қосса, өз шаруа қожалығы барлар 60-80 түктен қосып, жанашырлық танытқан болатын.
– Біздің ауыл адамдары ақын Сабыр Адайдың өлеңіндегі «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөзін ұстанады. Сынақ түскен сәттерде басқаның мұңы деп қарап отырмай, адамгершілік көрсетіп, көмек жинағанда көп үлес қосқан Ғалым Кемелұлы ағамызды атап айтқым келеді. Өткен жылы Түркияда жер сілкінісі апаты болғанда да жаңатұрмыстықтар өз көмектерін жинап, жолдаған болатын. Биылғы көктемде де су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысына қажетті заттарды жинап, ауылымыздың имамы Жанболат Әубәкіров екеуміз жәрдемші жастарға бас-көз болып, көмегімізді жібердік. Қандай іс жасалса да ауыл азаматтары бірге ақылдаса отырып, әрекет етеді. Ауыл әкіміміз Ерсайын Талғатұлы да жас азамат қой, жаңа бастамаларын, ойын бізге айтып, ақсақалдарымыз бен жастарымыз бірге кеңесеміз. Жастарға рақмет, нендей ұсыныс айтсақ та қарсылық білдірмейді, бірден қолдап әкетеді. Сөзсіз, ұйымшылдық болған жерде барлық игілік орнайды, – деп Мұханбетали Омашов разылығын да жеткізді.
Бұл ауылда бірлесіп ас тарату, жетім-жесірге бірігіп көмек көрсету секілді игі істер жиі болып тұрады. Жаңатұрмыстықтар ондай іс-шаралар бірлікті бекітуге ықпал етеді деп біледі. Сондықтан, ортақ іске жұмылудан ешқайсысы бас тартпайды. Осындай ынтымақтың арқасында болар, бұл ауылда қылмыс та жоқ. Жасы үлкендердің айтуынша, ішімдік пен есірткіге құмартатындар Жаңатұрмыста жоқ. Себебі, ішімдікке масайған бір кісіні көрсе, ауылдастар бірігіп сонымен жұмыс жүргізеді екен. Бізбен тілдескен жаңатұрмыстықтар «Әйткенмен, ауылда ешкім арақ ішпейді, бұзақылық жасалмайды дей алмаймыз, әр ауылда бір тентегі болады ғой. Тентегімізді түзеу үшін де ақсақалдар алқасы, қамқорлық кеңес, қоғамдық кеңес мүшелері бар, бәрі жұмыс жасайды», деп олқы тұстарын да жасырмады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді