2 миллиард ағаш егу туралы Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:35
- 140
Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары облыс аумағында аталған саланы дамыту бағытында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылған. Нәтижесінде, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша аймаққа 212 400 турист келсе, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 6,7 пайызға артқанын аңғартады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы және өзге де салаларды дамыту мен «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясын тиімді ұйымдастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Басқосуда ең әуелі облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов сөз алып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іске асырылу барысы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, былтыр облыстық мәслихаттың шешімімен 2030 жылға дейін «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспары бекітілген. Ал бас-аяғы 47 іс-шарадан тұратын бұл жоспар негізгі үш бағытты қамтымақ.
– Жоспардың 6-тармағына сәйкес, жасыл желектерді түгендеу, цифрландыру жұмыстары Тараз, Қаратау қалаларында жүргізіліп, жасыл желектер дерекқоры енгізілген арнайы taraz.botsad.kz сайты құрылды. Бірақ Жаңатас және Шу қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жүйесін енгізу бойынша жұмыстар әлі күнге басталмай отыр. Осы уақытқа дейін «Таза Қазақстан» акциясына 16,8 мың тұрғын және 850 аса кәсіпорын мен мекеме қатысты. Іс-шаралар аясында 45,8 мың жасыл желек отырғызылып, 1,5 мың шақырым көше жолдары, 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар, сондай-ақ 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтары тазартылды. 1,8 мың тонна күл-қоқыс шығарылды. Экологиялық қағидаттарды бұзу фактісі бойынша 38,7 мың дерек тіркелс е, жергілікті полиция қызметі тарапынан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505, 434-баптарына сәйкес жауаптыларға 229,2 миллион теңгеге айыппұл салынды. Биылғы жоспар бойынша өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында акция аясында 50 мың, ал облыстың даму жоспарына сәйкес қосымша 195 мың жасыл желек отырғызу көзделген. Дегенмен, аталған басқарма жүргізген зерделеу жұмыстары Тараз қаласы мен аудандардың санитарлық жай-күйі мен абаттандыру деңгейінде бірқатар олқылықтардың бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, елді мекендердің аумақтарында, жол бойында, кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлердің маңында күл-қоқыстың үйіліп, бей-берекет шашылуы жиі кездеседі. Сонымен қатар арық жүйелерінің тазаланбауы, электр бағаналарының сырланбауы, жол жиектері мен белгілерінің тиісті тәртіпке келтірілмеуі сияқты кемшіліктер де анықталды, – деді Дамир Сейсенбекұлы.
Айта кетейік, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша телеграмм-бот арқылы жалпы 263 өтінім түскен. Оның ішінде 251 өтінім мерзімінде қарастырылса, 3 өтінімнен шағымданушылар бас тартқан. Ал қазір 9 өтінім қаралып жатқан көрінеді. Мұнан соң облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Жаңатас пен Шу қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жұмыстарының әлі басталмағанын сынға алып, бір апта бұрын берілген тапсырманың орындалуын талап етті. Сондай-ақ аймақ басшысы Тараз қаласының әкімінен көне шаһардағы экобокстар мен фондаматтарды орнату жұмысы сылбыр жүргізілуінің себебін сұрады.
Өз кезегінде Бақытжан Орынбеков бұл бағыттағы жұмыстарды бастау үшін кәсіпкерлермен келісімшарт жасалғанын мәлімдеді. Сөзінше, қазірге дейін қаладағы ірі сауда орындарында 7 экобокс қойылса, ал негізгі жұмыстар сәуір айының соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар шаһар басшысы «Мамыр» саябағы аумағында Экология министрлігінің стандарттарына сай келетін экопарк құру жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілгенін жеткізді. Алдағы аптада мердігер анықталса, құрылыс жұмыстары басталмақ екен.
Бүгінгі таңда өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы – 4,4 миллион гектарды құрайды. Оның 52,3 пайызы орманмен көмкерілген. Бұл туралы кеңес барысында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев айтты. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қабылданған кешенді жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін облыс аумағында 143 миллион дана ағаш отырғызу көзделіп отырғанын тілге тиек етті.
«Бұл күнде өткен жылдары шығымдылығы төмен болған 350 гектар орман екпелеріне 322 мың дана көшеттерді егу арқылы толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар күзде сексеуілдің ұрығы піскенде жоспарға сәйкес 6600 гектар алқапқа 7,3 миллион дана сексеуіл тұқымын себу арқылы орман екпелерін құру жоспарланған. Жұмыстар қарашажелтоқсан айларында жүргізіледі. 2021- 2025 жылдар аралығында облыс аумағында жүргізілген ормандарды молайту, қорғау мен күзету жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік орман қорының 47,9 мың гектар алқабы орманмен көмкерілген жерлерге ауыстырылды. Оның ішінде табиғи түрде өскен екпелер 24,4 мың гектарды құрайды. Жыл сайын кешенді жоспарға сәйкес, тұрақты орман тұқым учаскелерінен орман тұқымдары жиналып, 164,5 гектар алқапта уақытша тұқымбақтарда қажетті көшет материалдарын өсіруде. Мемлекет басшысының орман қорында 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасы биылғы жылы тиісті деңгейде орындалатын болады», – деген Нартай Әлібекұлы саладағы өзекті мәселелерге де тоқталды.
Оның айтуынша, басқармаға қарасты 16 мекемеде 1200-ден астам маман еңбек еткенімен, нормативке сәйкес материалдықтехникалық жабдықталу деңгейі небәрі 38 пайызды құрайды. Ал лизингтік қаржыландыру аясында өртке қарсы техникалар алынғанымен, ормандарды молықтыру, қорғау мен күзетуге арналған техникалар саны нормативке сай келмейді. Тіпті техникалардың көбісінің тозығы жеткен, есептен шығаруға жатады. Сонымен қатар 10 мекеменің әкімшілік ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу немесе жаңадан салу керек. Орман орналастыру материалдарына сәйкес, облыста 79 орманшылардың қызметтік үйі болуы керек болса, тек 40 қызметтік үй бар. Өкінішке қарай, олардың да көбісінің тозығы жеткен. Осылай деген Нартай Егембердиев облыс әкімінен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық базасын жақсартуға жүйелі түрде қаржы бөлуге ықпал етуді сұрады.
Бұдан кейін облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі туризм саласында атқарылған жұмыстар жайында егжейтегжейлі есеп берді. Айтуынша, 2025 жылы туризм саласына 20,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 9,4 пайызды құраған. Қазіргі уақытта туризм саласында жалпы құны – 15 миллиард теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда екен.
– Бүгінгі таңда облыста 234 туристерді орналастыру орны, 395 тамақтану пункті, 7 санаторий, 90 демалыс аймағы, 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Туристерге өз қызметтерін 20 туристік компания және 25 көлік субъектілері ұсынады. Негізгі туристік нысандардың саны 45-ті құрайды. Биылғы жылы осы туристік объектілер мен субъектілерге тексеру жұмыстары жүргізіліп, олардың талаптарға сай болуы бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді Аспандияр Мұратәліұлы.
Жиын соңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің көне шаһардың сәулеттік келбеті бойынша баяндамасы да тыңдалды. Қала әкімінің сөзінше, биылғы жылы 466,2 миллион теңгеге Абай даңғылын абаттандыру, қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек жаяу жүргінші жолдарды абаттандыру, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнату, талдар егу, жаңа үлгідегі жарықтандыру мен басты көшенің жарығын ұлғайту қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар 2026 жылға жалпы құны – 1,5 миллиард теңгеге 9 үйдің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлануда.
Қазіргі таңда мердігерлер анықталып, келісімшарттар жасалған. Ал жұмыстар мамыр айында басталады деп күтілуде. Жиын соңында облыс әкімі жауаптыларға «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын сапалы орындауды, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді және Президенттің орман қорын молайту жөніндегі тапсырмасын мүлтіксіз жүзеге асыруды жүктеді. Ербол Шырақпайұлы қалалардың сәулеттік келбетін реттеу үшін бірыңғай дизайн-код енгізуді, туризм инфрақұрылымын дамытуды және анықталған кемшіліктерді жедел жоюды қатаң тапсырды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Көмірден электр энергиясын өндіру қолға алынбақ
- Бүгін, 15:42
Бос орынға конкурс жариялау туралы хабарландыру
- 7 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




