Қаратауда қауыз жарған, Мәңгілікке аңыз болған – қызғалдақ
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:44
- 85
Осыдан он ғасыр бұрын Әулиеата топырағында іргетасы қаланып, әлемнің жеті кереметінің бірі саналған Тәж-Махалдың өзінен алты ғасыр бұрын Орта Азияда бой көтерген бірегей сәулеттік нысан Айша бибі кесенесі күмбезінің ұшарбасында қауыз жармаған қызғалдақтың бедерленуі тамыры Қаратауға байланған осы гүлдің тарих пен өркениеттен алар орны әу бастан орасан зор болғанын айғақтайды.
Осылайша Қарахан Айша аруға мәңгілік тарту еткен қызғалдақ гүлі Ұлы Жібек жолымен жаһанға тамыр жайып, алты құрлыққа жұпарын таратты. Әлемнің дамыған елдерінде әдеміліктің символына айналды. Өнер мен өркениет, қайталанбас жеңісті сәттер мен махаббаттың нәзік те нәркес нышаны, экономика мен мәдениеттің шедевріне айналған шаһарлардың басты құндылығы, құрметтің шыңы атанды. Ал сол гүлдердің тамыр-тарихы қасиетті Қаратау бөктерінде жатқаны бұған дейін жаһан жұртына беймәлім болғаны жасырын емес. Осыған орай облыс басшылығы өңір аумағында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтардың арнайы картасын әзірлеп, әрбір гүлдің таралу аймағын зерделеген болатын. Нәтижесінде Әулиеата топырағында әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен сарапшылардың, табиғат жанашырларының басын қосып, әлемге мәшһүр гүлдердің бастауы Жамбыл өңірі екенін айғақтаған еді.
Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық фестиваль аясында шетелдік меймандар қызғалдақтардың қауыз жару сәтін тамашалап, талайға таңсық болған табиғат тылсымының түп тамыры Қаратау бөктерінен тарағанын тағы да мойындап кетті. Топырағы текті, даласы дастан Талас ауданындағы Есейхан ауылында ұйымдастырылған дүбірлі шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып беріп, дәстүрлі фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан әрбір азаматқа және арнайы алыстан ат терлетіп келген қонақтарға алғысын жеткізді.
– Бүгін табиғат пен мәдениет тоғысқан киелі мекенде «Қызғалдақ мұра» халықаралық туристік фестивалі өз мәресіне жетіп отыр. Бұл – халқымыздың жүрегінде сақталған мәңгілік мұраның жарқын көрінісі. Күн нұрына шомылған қызғалдақтар алқабы – тек табиғаттың сұлу көркі ғана емес, ол – дала өркениетінің үнсіз шежіресі, ұлттық рухтың тірі куәсі. Осы игі бастама арқылы біз табиғат пен дәстүрді қастерлей отырып, келешек ұрпаққа аманат болар асыл құндылықтарды ұлықтадық. Фестиваль аясында ғасырлардан сыр шертетін «Қымызмұрындық» дәстүріне және ұлттық спорт сайыстарына ортақ жанкүйер болдық. Қолөнершілердің туындылары халқымыздың шеберлігі мен өнерге деген сүйіспеншілігін паш етті. Осы дәстүрлерді жастардың қызығушылықпен тамашалауы – тарих пен болашақты жалғаған алтын көпір деп білемін. Бүгінгі мереке тек қуаныш сыйлап қана қоймай, Жамбыл өңірінің туристік әлеуетін әлем жұртшылығына танытуға кең мүмкіндік берді деп есептеймін. Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған салт-дәстүрлер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Баршаңызға амандық, зор денсаулық, әр отбасына шаттық пен береке тілеймін,– деді Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде.
Мұнан соң сөз тізгіндеген «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев құт дарыған Қаратау қойнауындағы құндылықты барынша қорғап, құрметтеудің маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
– Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған іс-шара ұрпақ сабақтастығына ұласар әдемі дәстүрге айналып келе жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан бұл фестиваль ел аумағындағы «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған ауқымды жобалардың ең маңыздысы деп айтар едім. Баршамызға рух беретін қастерлі Әнұранымызда «Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, туған жерім менің – Қазақстаным» деген сөздердің мағынасымен тікелей әрі терең ұштасып отыр. Осы қызғалдағымызды қорғап, құрметтей білуіміз керек. Қазақ даласының әрбір жапырағы, әр бұтағы, әрбір тасы киелі. Жастарға тәрбиелік мәні зор осындай іс-шаралар жалғасын таба берсін. Елімізді, табиғатымызды аялайық, – деді ол.
Айта кетсек, биылғы фестивальдің басты жаңалығы – Нидерланд Корольдігі Жамбыл облысына 40 мың түп қызғалдақ тұқымын тарту етті. Корольдіктің аманатын Holland Bulb Market компаниясының менеджері, Нидерланд елінің өкілі Марсели Пьехна жеткізіп, арнайы сертификатты облыс басшысына салтанатты түрде табыстады.
«Осындай игі іс-шараға арнайы шақырған облыс әкіміне алғыс айтамын. Біз үшін бұл іс-шараның маңызы өте жоғары. Бұл іс-шара әлемдік өнімге айналған қызғалдақтарды насихаттауға керемет мүмкіндік. Еларалық әріптестігіміз жемісті жалғасын таба берсін», – деді М.Пьехна салтанатты сәтте.
Жаһанға жар салған фестиваль тек Нидерландыдан келген қонақтармен ғана шектелген жоқ. Сондай-ақ Голландия, Қытай, Түркия, Сингапур, АҚШ, Украина, Финляндия, Швейцария және Чехия елдерінен шетелдік қонақтар келді. Қазақтың ұлттық дәмінен ауыз тиіп, спорттық ойындардың куәсі болды. Фестиваль аясында демеушілер тарапынан жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын ұлттық спорт ойындарының 8 түрінен жарыс өтті. «Сен тұр, мен атайын» деген жампоздар аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық атудан алдарына жан салмады. Фестиваль аясында «Үздік бие сауыншы», «Бауырсақ Фест» сайысы, қаздай тізілген қазақы киіз үйлерде жергілікті қолөнершілердің көрмесі мен қызғалдақтарға арналған фотосурет көрмесі ұйымдастырылды.
Дәстүр-салтты дәріптейтін ашық аспан астында өткен ауқымды фестивальде 20-дан астам ақшаңқан киіз үй тігіліп, мәдени-көпшілік шаралар мерекенің мерейін асырды. Белгілі эстрада жұлдыздары Серік Ибрагимов, Тоқтар Серіков және Бейбіт Сейдуалиева бастаған, облыстық филармонияның күміс көмей, жезтаңдай әншілері қостаған концерттік бағдарлама дала төсін дүбірге бөледі. Осылайша қызғалдақтың отаны саналатын Әулиеата жерінде табиғат пен тарихты, құндылық пен тағылымды тоғыстырған іс-шара жоғары деңгейде өтіп, рухани брендке айналған қызғалдақтар көптің құрметі мен риясыз ықыласына бөленді.
Фестиваль соңында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университеті мен «Ауыл» партиясының 200-ден астам еріктісі іс-шара аумағын тазалап, табиғат-Анаға деген құрметін ілкімді іспен қорытындылады.
Қызғалдақ
Күн иіскеп, ай аймалап әрбірін,
Дауылдардан тауып алған тағдырын.
Ғашықтардың жүрегіндей бұл гүлдер,
Тәңір тауға байлап қойған тамырын.
Ынтықтырған жыртқышты да, жауды да,
Сенің ернің секілді естен тандыра.
Бұл гүлдерде мейірім бар бізде жоқ,
Қара тасты басып жатқан баурына.
Сағындырар сағым қуып жоғалсаң,
Жаныңды ұғар айтқызбай-ақ оралсаң...
Осы гүлдер шынайы һәм шыдамды,
Біз сияқты жасанды емес одан соң.
Сең соқса да, сел басса да лайланбай,
Қураса да құламайтын жайдан-жай.
Бір-бір «Қызыл кітап» сынды барлығы,
Және оған бізді жазып қойғандай...
Бала кезде кең даладан көп тергем,
Менен басқа біреу үзсе, жек көргем.
Бұл гүлдерде адалдық бар бізде жоқ,
Бірге туып, бірге өлетін көктеммен!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақ пейілмен қолға алынған іс берекелі болады
- Бүгін, 15:41
Үйді басқару: Жауапкершілік, сенім, нәтиже
- Бүгін, 15:35
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




