«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үйді басқару: Жауапкершілік, сенім, нәтиже

Үйді басқару: Жауапкершілік, сенім, нәтиже
Автор
Қай кезеңде де қала тұрғындары үшін көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы таза әрі жайлы болуы – аса маңызды. Десе де бүгінгі таңда еліміздегі кейбір шаһарларда инженерлік желілердің тозуы, тұрғын үйлерге қатысты қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстардың жеткіліксіздігі, төлемдер басқару мәселелеріндегі түсініспеушіліктердің жиі орын алатыны жасырын емес. Осы себепті өткен жылы Amanat партиясы көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқаруды көздейтін «Тurgyndar amanaty» жобасын қолға алғаны белгілі. Жалпы, аталған жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында іске асырылуда. Яғни, көпқабатты баспананың басқарушысына көңілі толмаған немесе ұтымды ұсынысы ескерілмеген кез келген тұрғын Amanat партиясының жанынан құрылған комиссияға жүгіне алады. Облыс орталығындағы «Достық үйінде» алғаш рет өткен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форумы аясында қатысушылар мүлік иелерінің бірлестігі мен жеке пәтер иелері кооперативіне қатысты мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік алды.

Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік және коммуналдық сала өкілдері қатысты.

Басқосуда ең әуелі сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелері әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды болып қала беретінін әрі бұл мәселе халықтың мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде тұрғын үй қорын басқару саласындағы реформаларды жүйелі түрде іске асыру арқылы басқару субъектілерінің жауапкершілігін, ашықтығын және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда.

– Бүгінгі таңда облыс аумағында 2101 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 1921 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркеуге жатады. Мұнда 1 811 үй тіркелген. Жыл соңына дейін қалған 110 көппәтерлі тұрғын үйді тіркеу жоспарлануда. Жалпы, өңір аумағында жалпы 1488 жаңа басқару нысандары тіркелген. Бұл көрсеткіштер реформалау үдерісінің жалғасып жатқанын және оны әрі қарай жүйелі түрде сүйемелдеуді қажет ететінін айқын көрсетеді. Тұрғын үй қорын басқару және олардың ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығындардың ең төменгі мөлшері Тараз қаласында 1 шаршы метрге 29 теңге көлемінде белгіленген. Ал Қаратау және Жаңатас қалаларында 20 теңге, Шу қаласында 35 теңге болып бекітілген. Қазіргі кезде үйлердің жаңа басқару нысандарына көшу қарқынының біркелкі болмауы, кейбір басқару субъектілерінің кәсіби даярлық деңгейінің жеткіліксіздігі, тұрғын үй иелерінің шешім қабылдау үдерістеріне тартылуының әлсіздігі, қаржылық тәртіп пен ашықтық мәселелері, тұрғындар белсенділігінің төменділігі, жауапкершіліктен бас тарту, құқықтық түсінбеушілік және тұрғындар арасында ортақ пікірдің болмауы сияқты проблемалық мәселелер бар. Бұған қоса Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларында басқару органдарын құру жұмыстары баяу жүргізілуде. Дегенмен заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес тұрғындар басқару органдарын құрудан бас тартқан жағдайда жергілікті әкімдіктердің тұрғын үй инспекциялары бір жылға басқару субъектісін тағайындап беру құзыреттілігі берілген. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдармен тұрғындар және бастамашыл топтар арасында нысаналы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінгі күнге жалпы үш мыңнан аса кездесу өтті. Барлық 17 пәтер иелері кооперативтерімен және 9 басқарушы компаниялармен заңнамаға енгізілген өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында бейнероликтер мен хабарламалар жарияланды. Бұдан бөлек, тұрғын үй инспекциялары тарапынан мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары және пәтер иелері кооперативтерінің басшылары арасында өзара іс-қимыл күшейтілді, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова өз сөзінде «Тurgyndar amanaty» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелердің оң шешімін табуға бағытталғанын атап өтті. Жоба аясында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын оқыту, депутаттармен кері байланысты күшейту, әкімдіктермен бірлескен жұмысты жолға қою, аулаларды абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» тетігін кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Сөзінше, бұған дейін ел аумағындағы бірнеше өңірде дәл осы бағыттағы жүйелі жұмыс жүргізілген. Мәселен, төрт айда Астанада ашылған жобалық фронтофисте 114 өтініш қабылданып, 67 мәселе бойынша кеңес берілген екен. 

– Тариф, абаттандыру, жарықтандыру, лифт, интернет пен қауіпсіздік мәселелері – тұрғындар үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін партия бастамасымен «Тurgyndar amanaty» жобасы іске қосылды. Осы бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар еліміздің 11 өңірінде өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Осы тәжірибені ескере отырып, біз бұл жұмысты Жамбыл облысында жалғастырып отырмыз. Бұл ретте біз мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларының қолдауына үлкен сенім артамыз. Себебі олар күн сайын қаладағы көппәтерлі үйдің тұрғындарымен тікелей байланыста болып, олардың нақты сұраныстарын жақсы біледі, халықтың үнін жергілікті билікке жеткізеді. Олардың мол тәжірибесі маңызды рөл атқарады, – деді Ш.Каринова.

Мұнан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров елімізде әлеуметтік-экономикалық даму мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды заңнамалық шешімдер қабылданып жатқанын жеткізді. Халық қалаулысының сөзіне сенсек, өзекті мәселелер Мәжіліс мінберінде де тұрақты түрде көтеріліп, назарға алынуда. Сондайақ жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев та сөз сөйлеп, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы қордаланған мәселелерді көтерді.

Оның айтуынша, аталған министрлік пен Amanat партиясы іске қосқан жоба аясында түйткілді мәселелерді дер кезінде шешу жолдары қарастырылып жатыр. Форумда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков көне шаһарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жөнінде баяндады. Ал форум жұмысы оқыту семинарымен жалғасын тапты. Мұнда қатысушыларға практикалық білімдерін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар