«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақ пейілмен қолға алынған іс берекелі болады

Ақ пейілмен қолға алынған іс берекелі болады
Автор
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде Тараз қаласындағы «Денсаулық» саябағында кең көлемді көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Экологиялық бастаманы қолдауға арналған бұл іс-шара барысында жалпы саны 450 түп ағаш егіліп, қала ажарын айшықтай түсті.

Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, сондай-ақ ардагерлер, ерікті жастар мен қала тұрғындары белсенді қатысты. Акция барысында Мемлекет басшысымен тікелей эфир арқылы бейнебайланыс орнатылып, бұл сәт іс-шараның маңызын одан әрі арттыра түсті. Бейнебайланыс арқылы еліміздің әр өңірінде қатар ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының кең ауқымы айқын көрініс тапты. Сонымен қатар бұл байланыс елдің түкпіртүкпіріндегі жұртшылықтың ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етіп жатқанын көрсетіп, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған игі істердің бір арнаға тоғысқанын ерекше атап өтті. Акция барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, екі жыл бұрын тағылымы мол, мән-мазмұны айрықша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғанын айтты.

– Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы. Дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды, – деген Президент бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Жалпы, акция аясында облыс көлемінде ауқымды көгалдандыру және тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, нәтижесінде 1500-ге жуық талдарақ егілді. Бұл бастама өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға тың серпін берді. Атқарылған жұмыстардың аясында қоғамдық орындар тазартылып, қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған игі істер кеңінен жүзеге асырылды. Аталған іс-шараға 10 000-нан астам тұрғын белсенді қатысып, ортақ іске жұмыла атсалысу арқылы елдік бірлік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар