Ата заңның қағидаттары үлгілік оқу бағдарламаларына енгізілмек
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күні кеше Үкімет еліміздің Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қазіргі таңда сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Конституцияның барлық новеллалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, – деді Олжас Бектенов.
Осы ретте бүгінгі қарқынды баяулатып алмау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Үкімет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағыттағы жоспарлы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне өз алдына бөлек назар аударылды. Олжас Бектенов ол бойынша білім беру саласындағы министрліктерге тапсырма берді.
«Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері халықтың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру жөніндегі кешенді бағдарламаны уақтылы әзірлеп, Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс», – деді Премьер-министр.
Сондай-ақ заңнамалық базаны қабылданған нормаларға сәйкестендіру қажеттігі атап өтілді. Барлық мемлекеттік органдарға Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру тапсырылды.
«Жаңа Конституцияның нормаларын ескере отырып, белгіленген мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет. Барлық орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарында
Күн тәртібіне сәйкес көмір энергетикасын дамыту және көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралған үкімет отырысында Премьер-министр бәсекелестік артықшылықты пайдалануды және көмір өнеркәсібін дамытуды тапсырды.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көмір энергетикасын дамытудың маңыздылығына тоқталып, көмірмен қуат өндіру ісі бойынша Ұлттық жоба қабылдауды тапсырды. Жоба аясында 5 жыл ішінде жаңа станса салу және қолданыстағы 11 стансаны жаңғырту есебінен 8 ГВт қосымша энергия қуатын алу көзделіп отыр. Көмір өнеркәсібі және көмір стансаларында электр энергиясын өндіру отандық отынэнергетикалық кешеннің негізгі салалары саналады. Олар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы ел экономикасында көмірмен қуат өндіру ісінің маңызын әрдайым атап өтіп, саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар бағыттарды айқындап берді. Көмір қоры бойынша біз әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреміз. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз, оны тиімді пайдалануымыз керек, – деді Олжас Бектенов.
Көмір әлем елдерінде, соның ішінде ең көп энергия пайдаланатын өндірістермен қатар, цифрлық платформалар үшін де маңызды қуат көздерінің бірі болып қала беретіні, сонымен қатар кейінгі уақытта қоршаған ортаға әсері барынша аз «таза көмір» технологиялары белсенді дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл бағытта Қытай, АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея және басқа елдердің қалыптасқан тәжірибелері бар. Кейінгі жылдары көмірқышқыл газы мен қоспаларды 90 пайызға дейін ұстап қалып, зиянды қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар қарқынды дамып келе жатыр.
Премьер-министр қолданыстағы көмір стансаларын жаңғырту, ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін азайтып, тиімділігін арттыру үшін белсенді қолдану қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанда тұтыну көлемінің өсуі мен цифрлық активтердің қарқынды дамуын ескере отырып, энергия нысандарын жоспарлы және уақтылы іске қосу керек. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне «Самұрық-Энерго» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Ұлттық жобаның орындалуын ерекше бақылауға алу тапсырылды.
«Мемлекет басшысы жаңа жылу стансаларының құрылысын жеделдету қажеттігін атап өтті. Қазақстанда тұтыну көлемінің өсуі мен цифрлық активтердің қарқынды дамуын ескере отырып, энергия нысандарын жоспарлы және уақтылы іске қосу керек. Осы мақсатта наурыз айында көмір генерациясы бойынша Ұлттық жоба қабылданды. Энергетика министрлігі «Самұрық-Энерго» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Ұлттық жобаның орындалуын ерекше бақылауға алсын. Әрбір жаңа стансаның іргетасын қалаудан бастап, іске қосуға дейінгі барлық жұмыстардың нақты жоспары болуға тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиында Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО3 нысандарын жаңғырту мәселесіне назар аударылды. Премьер-министр «СамұрықЭнерго» басшысының баяндамасын тыңдап, жұмыстарды аяқтау мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу қажеттігін атап өтті, жобаларды жүзеге асыруды бақылауды күшейтуді тапсырды. Отырыста Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Энергетика министрлігі Экология министрлігімен бірге бір ай ішінде қолданыстағы энергия көздеріне талдау жүргізіп, әрбір станса бойынша «таза көмірге» негізделген заманауи экологиялық технологияларды енгізуге байланысты жол картасын әзірлеп, бекітуі тиіс.
Қолданыстағы көмір электр стансаларында заманауи тазарту жүйелерін, оның ішінде электрофильтрлерді қолдана отырып, кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Тазарту жүйелерінің тиімділігін арттыру және халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу бойынша зерттеу жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Қазақстанда көмір химиясы саласының әлеуеті жоғары болғанымен, әлі де қалыптасу үстінде. Көмірден қосылған құны жоғары өнім алу экономиканы әртараптандырып, экспорттық әлеуетті нығайтуға белсенді ықпал етеді. Осыған байланысты, Энергетика министрлігіне 1 шілдеге дейін көмір химиясы саласын кешенді мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен бірге көмір химиясы жобаларын қаржыландырудың нақты тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі көмір өнеркәсібі кәсіпорындарымен бірге цифрлық технологияларды пайдалана отырып, бір ай ішінде көмір өндіру тиімділігін арттыру және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуі тиіс. Көмірді ашық әдіспен өндіру дәстүрлі технологиялар негізінде, көбінесе ескірген жабдықтарды пайдалана отырып жүзеге асырылады. Бұл көмір кен орындарын игеру тиімділігіне ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың қауіпсіздігіне де әсерін тигізеді.
Aq jol-Aqparat
Ұқсас жаңалықтар
Бос орынға конкурс жариялау туралы хабарландыру
- 7 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




