Таластағы Наршаның ақындығын Астана мен Алматыда жүрген мықты ақындар, жазушылар мойындады. Неге? Себебі, Нарша арзан ой, жеңіл сезімнің адамы емес. Ол – іріліктің үлгісі. Білімімен, өлең жазу шеберлігімен, өзіндік қолтаңбасымен дараланды. Елде жүріп ерекше өлеңдер жаза білуімен қатар, бай кітапхана жинаған тұлғаның бірі – Нарша Қашағанұлы. Біз жақында ақынның Қаратау қаласындағы қарашаңырағында болып, үлкен бөлмеге орналасқан кітапханасын көрдік.
Сөрелерде сықиып тұрған қалың-қалың кітаптар рухани байлықтың кәусар бұлағы іспетті. Шайырдан қалған мұндағы кітап-қазына шамамен 3 мыңға жуықтайды. Бір ауылдағы кітапханалар қорының жартысын осы жерден табуға болады десек, қателесе қоймаспыз. Мұнда қандай қазына жоқ дейсіз? Бәрі бар. Советтік энциклопедияның және Қазақ Советтік энциклопедиясының 36 томдығы, шетелдік әлем жауһарлары Джеймс Купер, Радий Фин, Владимир Кариев, Евгений Леведов, Василий Шукшин, Шыңғыс Айтматов шығармалары көзге оттай басылады. Қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Әбіш Кекілбаевтың да көптомдықтары да сөренің сәнін келтіріп тұр. Шерхан Мұртаза, Сағи Жиенбаев, Сафуан Шаймерденов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова шығармаларының осында тұруын заңдылық деп қабылдадық.
Шайырдың ұрпақтары үшін де бұл бөлменің құны жоғары. «Әкеміздің кітапханасы» деп құрметтейді. Ақнар, Алдияр бастаған немерелері аталарынан қалған кітап мұрасын мақтан тұтады.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Нарша ақыннан мал да, тал да қалған, кітаптар да қалды. Аталған рухани қазыналар – талай оқырманның олжасы. «Әкемнен қалған кітапхана – біз үшін баға жетпес құндылық. Осы бөлмеге кірген сайын ерекше күйге бөленемін. Бұл кітаптар – әкемнің өсиетіндей. Өзім де соңғы кезде Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» атты төрт томдығын, Қажығұмар Шабданұлының алты томдығын сатып алдым. Қазір өзім оқып жатырмын, сосын бауырларым, балаларым оқиды. Кітапханасы өз алдына, біздерге «Нарша ақынның балалары ғой» деген құрметтің өзі үлкен күш береді», – дейді қарашаңырақта отырған ұлы Ернар Наршаұлы.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Той тағылым мен талғамды тоғыстыру керек
- 10 желтоқсан, 2024
Қатар сапары: Президент Доха форумына қатысты
- 10 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді