- Advertisement -

Періште әумин деп қойды ма?..

96

- Advertisement -

(қаз қалпында)

Ол кезде көктем еді. Он алтыншы көктемімді қарсы алғанмын. Балалықпен қоштасып, студент те атанып қалатын күн алыс емес. Бірақ, студенттің күнін кешкеніме үш жылдың жүзі болды. Неге дейсіз ғой? Себебі, Алматы қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта оқимын. Жетіншіні аяқтай салысымен, анамның қайрауымен туған жерден жырақ кетуге мәжбүр болғанмын. Жатақхана. Жанымда ата-анам жоқ. Қарбаласқан қала өмірі. Студенттен қай жерім кем? Міне, сондықтан өзімді «аш» халықтың өкілі санаймын. Бастапқыда қатты қиналдым. Бірақ, «Үш күннен соң көрге де үйренесің» дегендей, бұған да көндіктім.
Қарбаласқа толы интернат өмірінің қай күні екені есімде жоқ, анам телефон шалды. Ұялы телефонмен сөйлескенді ұнатпасам да, үй ішін сағынғанда немесе ақша керек болғанда хабарласып қоятын әдетім бар. Ал әке-шешем аптасына бір жайымды біліп тұруды әдетке айналдырған.
Әдепкідей амандық сұрасқан соң анам:
– Жұмағұлдың баласы қайтыс болды, – деді.
– Қай Жұмағұл? – деген сұрақ мен жақ тараптан қойылды (ауылда, қателеспесем, үш Жұмағұл бар).
– Жамбыл көшесінде тұратын Жұмағұлдың Әлім деген баласы ше?! – деп анам нақтылап берді.
– Танушы ма едің?
– Әрине, танимын. Неден қайтыс болды?
– Асылып қалған жерінен үй іші байқап қалып, ауруханаға апарған екен, бірақ, құтқарып қала алмады. Мәйіті моргта екен…
Мәйіті моргта екен… Даусым дірілдеді. Анама сабақты сылтауратып, тұтқаны қойдым. Жатақхананың қылтимасына шығып, жанарымнан жылып аққан жасты саусағыммен сылып тастап, алыс көкжиекке көз тіктім.

* * *

Үшінші сыныпты аяқтап, жазғы демалысқа шыққанбыз. Қырсық-қанда, қойшымыз ауырып, ендігәрі қой бақпайтынын айтты. Қойшының таяғын екі-үш жас үлкендігі бар ағам және жұмсауға жарап қалған маған табыстап, қой бағуға көндірді. Көндірді дегенде, бізден сұрап жатқан кім бар дейсің?! Армандап жеткен демалысымыз азапты күндерге айналды. Таң қылаң бере қойды қорадан шығарып беріп, қолымызға бірер тілім нан, піскен ет салынған түйіншекті ұстатады да жібереді. Жаяу жүріп қой бағып, әбүйір таппайды екенсің. Аяқ тілім-тілім болды. Ұзақты күн іш пысады. Содан не керек, қой бағып жүрген ауылдағы бай Жұмағұлдың оныншы сыныпты бітірген, бойы теректей Әлім деген баласын жағалаймыз.
Неге екенін қайдам Жұмағұл қойды бақташыға бақтырмайды. Сабақ кезінде өзі, демалыс кезінде осы баласы – қойшы. Әлім бізді баласынбады, бірден достасып кеттік. Оның бір емес, екі аты бар. Көк биесі біздің тақымымызға тиді. Аз күннің ішінде оған ағамдай бауыр басып қалдым. Не керек, осылай күндеріміз жылжи берді. Бір күні қой қайыруға көк биеге мінгесіп Әлім екеуміз шықтық. Жолда әр нәрсені әңгімелеп келе жатқанбыз, бір кезде ол: «Болашақта кім болғың келеді?», – деп сұрады. Көп ойланып жатпадым «Жазушы, ақын болғым келеді», – дедім жұлып алғандай.
– Мен хирург болғым келеді, – деді.
– Ол не?
Білімімнің таяздығын көрсетіп алғанымды біліп, тұқшыңдап төмен қарадым.
– Сен моргтың не екенін білемісің? – деді ол маған қарсы сұрақ қойып. Мен басымды шайқадым.
– Морг деген – өлген адамдарды соятын жер – деді, ол таңсық әңгіменің ұштығын шығарып, арманым – сол моргқа бір кіру.
Үрейлі жүзбен көзіне қарадым. Өтірік не шын айтып тұрғанын аңғара алмадым. Тек қорқынышты әңгіме екенін ұғып, сұрақ қойып қазбаламадым. Жабулы қазан жабулы күйі қалды.
Уақытқа шектеу жоқ екен. Жадыраған жаз да бітіп, сабақ та басталды. Қой бағатын қойшы да табыла кетті. Біз Әлімді де, оның көк биесін де ұмыттық…
Адам тағдыры сан қилы болады екен. Байлық деген – қолдың кірі. Бір кездері жамыраған бір отар қойы бар, ауылдағы ең бақуатты тұратын Жұмағұлдың да байлығы сарқылды. Онысы қайда кетті? Дөп басып айта алмаймын. Бар білерім – Әлім мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсе алмады. Ауылда қойын бағып жүре берген.
Сол жаздан кейін мен оны көрмедім. Әйтсе де, тағдырдың соққан дауылына төтеп бере алмай, әлсіздік танытты дегенге сенгім келмеді.
Мәйіті моргта екен…
Бала кезімізде жаман сөз айта қалсақ, үлкендер бірден «Тәйт, жаман сөйлеме. Періште әумин деп қоймасын. Жақсы сөйлеп, жақсы ой ойлаңдар» деп ұрсып тастайтын. Содан ба, ондайды ойлауға да қорқатынбыз.
Мәйіті моргта… Әлде періште әумин деп қойды ма екен? Кім білсін… Жаның жаннатта болсын, бауырым!

Нұрдәулет Омарбек,
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support