- Advertisement -

Теректер өспейді деп ойлады ма?

127

- Advertisement -

Басшылар Мойынқұм ауылының бұрынғы әкімі Бәкен Бейсебаевқа ауданға кіреберістегі Амангелді көшесінің оң жағалауындағы Ақиық каналының маңынан ауылды көгалдандыру мақсатында терек көшеттерін егуді тапсырыпты. Теректер тамырын тереңге жіберіп, жайқалып тұрған бұл жер «Тәуелсіздік паркі» деп аталады. Яғни, берілген тапсырманы орындаған ауыл әкімінің бұл жұмысында асығыстық байқалады. Ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізгенімен 5 жылда 5-6 метрге дейін өскен терек бұтақтары электр сымдарына жеткен. Өйткені, 200 түп терек бағандардың бойымен бір қатарда егіліпті. Соның салдарынан жауын-шашынды күні жел тұрса болды көшеде жарықтар сөніп, тұрғындардың наразылығын тудыруда. Жарық жиі сөнген соң Қ.Нұрбеков және Ғ.Мұратбаев көшесінің тұрғындары «Тәуелсіздік паркіндегі» теректердің дұрыс егілмегені жөнінде аудандық электр жүйесіне шағымданыпты. Аудандық электр жүйесінің бас инженері Серік Оспанов, сол жылы ауыл әкімі болған Бәкен Бейсебаевқа егілетін ағаштың 10 киловаттық әуе желісінен қашықтығы 10 метр болуын қатаң ескертіпті. Бірақ, ескерту ескерілмеген. Бас инженер мұндай келеңсіз жағдайды кейінге қалдыруға болмайтынын жақсы түсінеді. Сөйтіп, қазіргі ауыл әкімі Темірбек Көпбаевқа 5 тамыз күні жазбаша хат жолдайды. Хатта «Сізге төмендегі жайды хабардар етемін. Мойынқұм ауылы, Амангелді көшесі бойындағы теректер 10 киловаттық әуе желісіне жақын егілгеніне байланысты желіге жетіп, апатты жағдай тудырып, бір фазадағы сым жарамсыз болып қалды. Бұтақтарын кескенімен, тым жақын егілген. Толық кеспесе нәтиже болмайды. Көше тұрғындары жарық жиі сөнеді деп өз наразылықтарын білдіруде. Сізден осы айтылған талдарды электр желілерінен төмен кескізуіңізді сұранамыз. Айтылған жайтты комиссиямен тексеруіңізге болады» делінген. Басында ауызша айтылып, жауап болмаған соң хат жазуға тура келді. Егер шұғыл шара қолданылмаса, онда әуе желісіне жақын өскен теректерді кесіп тастауға тура келеді. Ауыл әкімі жазылған хатқа әлі жауап бермей отыр дейді бас инженер. Жазылған хаттың жауабын іздеп ауыл әкіміне бардық. Болған істің жай-жапсарын ауыл әкімі былайша түсіндірді. Келген хатты алып аудан әкімі Бақытжан Нүркеновке және аудан әкімінің орынбасары Мұратхан Естаевқа барып ақылдасып, ортақ шешімге келдік. Кедергі келтіріп тұрған теректерді әуедегі желіге екі жарым метр жеткізбей бір биіктікте кесуді ұйғардық. Өйткені, бұтақ басталған жерден кесілсе, терек өсімін жоғалтпайды», – деді ол. Бұл, әрине, уақытша тірлік. Ал нақты жасалатын жұмыс қаржы мәселесіне байланысты тоқтатылып, келесі жылға қалдырылыпты. Алдағы жылы абаттандыруға бөлінген қаржыға теректерге зиянын тигізіп тұрған желіні Ақиық каналының солтүстік беткейіне ауыстыратындарын айтты. Шамамен айтқанда, бұл жұмысқа 1 миллион теңге қаржы бөлінбек.

Сонымен, теректің келтірген зияны – ескертуді елемеудің нәтижесі. Жүрдім-бардымға салынып «ек» деді ектім, «кес» деді кестім деген жұмыстың өнбегі жоқ. Бұрынғы ауыл әкімінің біле тұра бұлай бұра тартқаны бізге түсініксіз. Әлде теректер өспейді деп ойлады ма?

Уалихан Жайлау,
«Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support