- Advertisement -

Сақтық шараларына немқұрайлы қарамау қажет

74

- Advertisement -

Биыл облыс аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 345 төтенше жағдай орын алыпты. Зардап шеккен 128 адамның 42-сі қайтыс болған. Материалдық шығын 27,4 миллион теңгені құрағанымен, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға аз.

– Техногендік сипатта 279 төтенше жағдай тіркелді. Дені негізінен, тұрмыстық және өндірістік өрттер. Табиғи сипаттағы оқиға саны – 66. Өндірістік және тұрмыстық өрт салдарынан 14 адам зардап шегіп, оның 4-еуі қаза болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 11,3 пайызға көбейіп отыр. Өрттің орын алуына тұрғындардың отқа абайсыз болуы, электр құрылғыларын жөндеу мен қолдану ережелерін бұзуы, баланың отпен ойнауы себеп болып отыр. Өрт орын алатын нысандар негізінен, тұрғын үй секторы болса, орын алған өрттің 22 пайызы автокөлік құралдарына қатысты.
19 жазатайым оқиғадан 34 адам зардап шекті. Табиғи сипаттағы 66 оқиға салдарынан зардап шеккен 67 адамның 23-інің өмірі қайғылы жағдаймен аяқталды. Биыл шөп кез-келген өңірде бітік шықса да, табиғи өрт орын алған жоқ. Былтыр 1 өрт оқиғасы тіркелген болатын, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Алпысбаев.
Биыл жауын-шашынның көп түсуінен өзен-көлдердің арналары кемеріне келіп, тіпті тұрғындарға қауіп төндіргені жұртшылықтың есінде. Бірақ, төтенше жағдай департаменті мамандарының сөзіне сүйенсек, адамдардың суға кету оқиғасы тек су қоймалары мен көлдерде демалысқа шыққанда немесе балық аулау барысында орын алған көрінеді. Мәселен, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында бір бүлдіршін байқаусызда Талас өзеніне құлап кеткен. Ақпан, наурыз, сәуір айларында 7 адам балық аулап жүріп суға батқан. Сонымен қатар, ата-ананың қарауынсыз қалған 2-9 жас аралығындағы 10 баланың қазасы суға батып кету оқиғасына қатысты. Өткен жылмен салыстырғанда қайтыс болғандар саны 15 адамға артық.
Ерік Жомартұлының айтуынша, ТЖ департаментінің аумақтық бөлімшелері авариялық-құтқару жұмыстарына 1160 мәрте шыққан. 238 адам құтқарылып, 328 адам апатты аймақтан қауіпсіз орынға көшіріліпті.
«Қазселденқорғау» мекемесінің облыстық филиалы басшысының орынбасары Дахиддин Көтербаев сел қауіпті өзендердің маңында 31 елді мекен орналасқанын айтады. Аталған аймақта 2300 тұрғын үй, 12 000-нан астам тұрғын, 5 шақырым автокөлік жолы мен 15 автокөлік және 8 темір жол көпірі, 10 шақырым электржүйелерінің сымы және 68 гектар ауыл шаруашылық жерлері мен бірқатар магистральды газ құбырлары, байланыс жүйесі секілді нысандар бар екен.
Сондай-ақ, брифингте облыстық ТЖ департаментінің кадр бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Алмас Жұматаев сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылған шараларды баяндады.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support