- Advertisement -

Ұлыны ұлықтай білген азамат

160

- Advertisement -

Адалдықтың алтын қоры Дінмұхаммед Қонаев ел басқарған жылдары экономика мен мәдениетіміз өркен жайып, білім-ғылым салалары жолға қойылып, әдебиет пен өнеріміз дамып, көптеген санаткер азаматтар басшылық қызметке араласып, қажырлы еңбек етіп, республикамыздың өсіп, көркейіп, гүлденуіне өз үлестерін қосып жатты. Сондай ат үстінде жүрген азаматтың бірі – Берден Байқошқаров болатын. Ол – Жамбыл облысында туып, ер жетіп, ел мұратын көздеп, жақсы ісімен көрінген азамат. Өзім болсам, Алматы облысында туып өскенмін. Алайда біздің танысып, жақсы араласып кетуімізге ағайын-бауырлығымыз себеп болған шығар деп ойлаймын.

Алматы қаласы Атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып жүрген кезім еді. Бірде Талас өңірін жайлаған ағайын-туыстарға барып, сәлем беріп әрі ондағы жұртпен жақын танысып қайтпақ болып Балтағұлов Ізбасар ағамыз екеуміз жолға шықтық. Қаладан ұзап шыққанда табиғат тосын мінез көрсетеді деп кім ойлаған! Алматы облысының шекарасынан өте бергенімізде аяқ астынан қар жауып, ұйытқып жел соғып, соңы алай-түлей боранға ұласып кетті. Табиғаттың қолайсыз бұл қылығын ұнатпаған Ізекең:
– Мына жол қиындап барады. Алда әлі талай асу бар. Қой, кейін қайтпасақ болмас. Бәлкім, күн ашықта… кейін барармыз ағайын-жұртқа, – деді қабақ шытып.
– Жоқ, Ізеке, жолға шығып қойдық. Кері қайтқанымыз азамат атымызға сын емес пе? «Жолаушының жүрісі жүрсе өнеді» деген. Ақырын ілгері тарта берейік, – дедім кеудемді қайсарлық билеп.
Осы кезде Берден Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеп жүрген болатын. Оған соқпай аттап өткеніміз болмас. Ойық бабамыздың тізгін ұстаған бір баласы ғой, ат басын бұрайық дедік. Берден бізді құшақ жайып қарсы алды. Көңілді дастарқан басында айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Сол күннен бастап Берденмен жақын танысып, ағайынды бауырлар секілді қарым-қатынас жасап, туыстасып кеттік. Одан әрі Талас ауданының орталығы Ақкөлге барып, Тамабек Қартабаев ағамыздың үйіне түсіп, қонақ болдық. Өзі сол ауданда абыройлы адам еді. Бұрыннан араласып жүретінбіз, таныстығымыздың соңы құдалыққа ұласты. Тамкең бізді Бөлтірік бабамыздың басына ертіп барып, Құран бағыштап қайта оралған соң, үйіне Ойық елінің игі жақсыларын түгел шақырды. Солардың ішінде «Ойық» кеңшарының директоры Әнуарбек Тәжімбетов, «Бостандық» кеңшарының директоры Сейілбек Әбдиев болды. Сол жолы Сейілбек жібектей жұмсақ мінезімен, қандай жағдайда да арнасынан аспай, өзін бірқалыпты, сабырлы ұстайтын бекзат болмысымен қатты ұнап еді. Кейін Секеңді Алматыға өзіммен бірге алып келіп, «Қонақ болып кетіңіз» деп үйге қондырдым. Ол кісі «Қала басшысының үйі кім көрінген бара беретін қонақ үйі емес қой» деп, қысылып тартыншақтап еді. «Қала басшысы да ауылда туып-өскен кешегі қара домалақ бала емес пе, оның еш сөкеттігі жоқ» деп Сейілбек ағамызға ырық бермедім. Оның үстіне, үйде анам да бар еді. Әрине, ағайын-туыстық жөнінде сол кеште көп әңгіме айтылды. Бір-бірін жаңа тапқан ағайынды қоңыр қаздай сыр шертіскеніміз әлі есімде…
Арада біраз жыл өткенде сол Талас өңірінде Бөлтірік бабамыздың рухына арналып ұлан-асыр ас берілді. Оған екі мыңдай кісі шақырылды. Осы аста Берденмен бірге болып, таныстығымыз бұрынғыдан да арта түсті. Кейін Берден Алматыға қызмет бабымен жиі келіп тұрды. Бір-бірімізге қонақ болып, етене жақындасып кеттік. Оның әкесі Байқошқар кезінде жемісті еңбегінің арқасында Социалистік Еңбек Ері атанған қадірменді қарт болатын. Қонаев шаруашылықтарды аралап, Талас өңіріне барғанда бір топ ауыл қарттарымен бірге алдынан шығып қарсы алған екен. Ал Берденнің өзі Димекеңмен де, менімен де жақын араласып, жылы қарым-қатынас жасап тұрды. Ол өзінің еңбек жолында республиканың Жоғарғы Советінің депутаты болды.
Берден – бұл күндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырған отағасы. Балаларының ішінде өз басым, әсіресе, Салтанатты қатты сыйлап, жақсы көремін. Жұбайым Кербез де оны айрықша ұнатушы еді. Үйішілік әңгімеде де Салтанат қызымызды аузынан тастамай, қасиет, ерекшелігін үнемі айтып отыратын. Қазақ қыздарының ішінде өжет мінезімен, іскерлігімен, білімділігімен ерте көзге түскен абыройлы жастардың бірі деп қадір тұтатын.
Берден – зейнетке шықса да, төңірегіндегілерге қолұшын беріп, алғысқа бөленіп жүрген ауыл ақсақалы. Кез-келген кісі жақсы қартая бермейді. Кез-келген кісі ауыл ақсақалы деген ардақты атқа ие бола бермейді. Ал Берден – жақсы қартайып, туған ауылының ыстық-суығына әлі де күйіп-пісіп жүрген қадірменді ақсақал. Кезінде Қонаевтың жақсылығын кім көрмеді?! Жұрттың бәрі көрді. Бірақ «Ақ пайғамбар» атанған сол ұлы тұлғаның жақсылығын ұмытып кеткен әкімқара қаншама! Ал Берденнің өз қаржысымен туған ауылына мешіт салып, оны Дінмұхамед Қонаев ағамыздың атымен атауы оның азаматтық болмысын танытпай ма!
Берден кейінгі жылдары халқымыздың бай тарихын зерттеумен айналысып келеді. Бұл жолдағы еңбегі де жеміссіз емес. Жуырда ғана баспалардың бірінен «Үйсін хандығы» атты құнды зерттеу дүниесі жарық көрді. Бұл кітапқа тарих саласының білікті ғалымдары оңды пікір жазған. Осыдан-ақ бұл дүниенің халыққа қажет екенін ұғынамыз.

photo_62807

Кеңес Аухадиев,

мемлекет және қоғам қайраткері.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support