- Advertisement -

Әйелді банкрот қылу

109

- Advertisement -

Әзіл әңгіме

Ескі достар аяқ астынан кездесіп қалды. Сәлемдесіп, жай-күй сұрасып жатыр. Көріскеніне екеуі де қуанышты. Әңгіме арасында Мұрат досынан әйелінің жағдайын сұрады.
– Әлима қандай? Аман-есен, жайнап, күліп жүр ме?
– Әлимаң кім? – деп сұрады Самат.
– Әй, есің дұрыс па? Немене қатыныңның атын ұмытып қалғансың ба?
– Біздің әйелдің аты – Әлима емес, Фатима.
– Не дейсің, қайта үйленгеннен саусың ба?
– Жоқ, сол бұрынғы қатыным ғой.
– Бұрынғы болса, аты Әлима еді ғой. Үйленгендірген өзіміз емес пе? Фатима дегенді қайдан таптың?
– Әй, несін айтасың, қатынды банкрот қылдық.
– Қатынды банкрот қылғаны қалай? Мынау бір өмірі естімеген жаңалық қой!
– Бұл өзі бір оңай да, қиын да шаруа екен. Өзің білесің, қазір қит етсе, кәсіпорынды банкрот қылу деген көбейіп кеткен жоқ па? Сонда олар еріккеннен істемейді екен. Кезінде қолға түскенді қопарып ішіп, жеп қояды екен де, көрінгенге қарыз болып қалады. Банкрот деген содан оңай құтылудың жолы көрінеді. Оны мына өзіміздің жер үлесімізді берген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен көрдік. Салыққа қарыз. Айлыққа қарыз. Әйтеуір, бастық байығанымен, серіктестік қарыздан құтыла алмай-ақ қойды. Содан оны банкрот деп жариялап кеп жіберді. Яғни, аты бұрын «Ескі жол» ЖШС еді. Енді «Жаңа жол» болып шыға келді. Қарызын сұрағанның барлығына «Ескі жолмен» бірге кетті, «содан алыңдар» дейді. Заты түгел, аты жоқ «Ескі жолдан» қайтіп алады? Содан Үкімет қарызын кешеді, халық айқайлап-айқайлап қояды. Мұны өз серіктестігімізді бір емес, екі рет банкрот қылғанда көрдік қой. «Көре-көре көсем боласың» дегендей, соның тәжірибесінен үйрендік.
– Әй, мұның сенің әйеліңе не қатысы бар?
– Ақымақ екенсің ғой, енді түсінбейсің бе? Менің Әлимам да нарықтың кезінде қарық боламын деп, саудаға шығып кеткен жоқ па? Ол құрғырға да бастапқы қаржы керек болды. Содан жан-жақтан несие ала бастадық. Бұл несие дегенің алғанда жақсы, қайтарғанда қиын нәрсе екен. Оның үстіне, сауда да жүріп кете қоймады. Азды-көпті қолға түскенді ретін тауып жұмсап қоятын болдық. Сонымен қарызды қайтаратын қаржы жоқ. Енді қатынды банкрот қылмағанда не қыламыз? Банкрот деп жарияладық.
– Сонымен ақыры не болды? Қарыздан құтылдыңдар ма?
– Ақыры не боларын қайдам, қазір несиені сұрағандарды бет бақтырмай тұрмыз. Құжатын әлдеқашан түзеп алғанбыз. Әлима – қазір Әлима емес, Фатима. Әкесінің аты да, тегі де өзгерген. Өзіміз қонысты да ауыстырғанбыз. Іздеу салып жатқандар аз көрінбейді. Кейде органнан іздеп келетіндер болады. Қолына құжатты ұстатамыз. Түріне бір қарайды, құжаттағы мәліметтерге бір қарайды. Тамсанып-тамсанып кетеді.
– Ал өзің бұған қалай қарайсың?
– Маған бәрібір емес пе? Аты Әлима болды не, Фатима болды не? Қатыным қасымда, қарызы жоқ болса болды да. Қайдам, сол банкротыңа да сенбей отырмын. Қарызы барлар бәрібір қоятын емес. Жұрттың банкроты нағыз банкрот болады да шығады. Біздің банкрот басқаша болмаса деп қорқамын, – деді досы.

Қайыпназар Шотбасов.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support