Юлдуздың жұлдызы жанды

Юлдуздың жұлдызы жанды
ашық дереккөз
Юлдуздың жұлдызы жанды

жамбылдық боксшы қыз енді әлем чемпионатына қатысуы мүмкін

Әйелдер боксынан Астана кубогы үшін өткен «үздіктер турнирі» мәресіне жетті. Бәсі биік додада өңір намысын облыстың жүрегі нәзік болса да, жұдырығы жойқын бірнеше аруы қорғады. Дуы басым аламанда 81 келі салмақ дәрежесіне дейінгі мықтылар арасында қатарынан оза шауып бәйге алған жерлесіміз Юлдуз Маматкулова топ жарса, 48 келіге дейінгі боксшы қыздар сапынан қос бірдей күрзі жұдырықты шеберіміз Әйгерім Асқарова мен Алуа Балқыбекова тиісінше күміс және қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, 51 келідегі үмітіміз Әйгерім Ошақбай мен 64 келі салмақ дәрежесіндегі үздігіміз Ұлбала Әлменова қола жүлдегер атанды. 

Дода аяқталған соң өз пікірін білдірген ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк: «Бұл сында топ жарғандардың барлығы бірдей әлем чемпионатына қатысады деп сенімді айта алмаймын. Екінші, үшінші нөмірлі боксшылар да мықты. Сондықтан біз барлық мәселені ақылдаса келе шешетін боламыз», – деп өз ойымен бөлісті. Дегенмен, біз Юлдуз Маматкулованың әлемдік сынға қатысатынына сенеміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар