- Advertisement -

«Ардагерлер ұйымы әлеуетті күшке ие…»

128

- Advertisement -

18Өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп Тілеуқабыл Төребеков тоқсанның төріне шығып отыр. Абыздық жасқа жетсе де, ағамыздың әлі де тұғырдан тая қоймағаны, көңілі сергек, қимылы ширақ екендігі кім-кімді де қайран қалдырары анық. Бұл ғана емес-ау, ол кісінің тұтастай ғұмырының өзі тағылымға, таңғажайыптарға толы. Ашаршылықты да, соғысты да көрді. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарына да белсене араласты. Аудандық, облыстық партия комитеттерінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы секілді қызмет баспалдақтарынан өткен. Оған екі шақырылымында табаны күректей он жыл бойы Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты болғанын қосыңыз. Бұл бер жағы, оның арғы жағында жауапты шептерде күн демей, түн демей халыққа қалтқысыз қызмет етудің қыруар қиындығы жатыр. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де текке қол қусырып отыра алмай, дем басуды ойламай, білім-білігін, ақылын, тәжірибесін елдің, қоғамның дамуына арнаумен келеді. Он жылдай Жамбыл (қазіргі Тараз) қалалық атқару комитетінің кеңесшісі болса, ал соңғы жиырма жыл бойына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқаруда. Абыздық жасқа жетсе де, қариялардың мұң-мұқтажына ортақтасып, жоқ-жітігін түгендеуінен танбай жүргені, жетпіс төрт жыл бойы еңбектен, қоғамнан қол үзбеуі үлгі-өнеге етуге де тұрарлықтай ғой.
Халқымыз бағзы кездерден-ақ ел ағаларына, асыл туған абыздарына, көкірегі қазына қарттарына қарап, ойын да, бойын да түзеген. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың, сондай-ақ, Тараз қаласының құрметті азаматы Тілеуқабыл Төребековпен арадағы сұхбатымыз, міне, осы тұрғыда өрбіген еді.

– Жұмыстарыңыз қат-қабат, қауырт, өзіндік қиындықтары да бар болар.
– Әрине, қиын, тіпті айрықша ауқымды десе де болады. Қазір шағын ұжымымызда төрт жауапты қызметкер – орынбасарым, екі бас маман төртеуіміз, есепші және компьютершіміз бар. Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымы қоғамда, шын мәнінде де, әлеуетті күшке айналып отыр. Оның қатарында 1 қалалық, 10 аудандық, cондай-ақ, 56 ауылдық округ әкімдігі жанынан құрылған ардагерлер кеңесі бар. 1200-дей бастауыш ұйымдарымыз тіркелген. Міне, осы ұйымдардың барлығының да семинарлар өткізу, түрлі мәдени, саяси іс-шаралар ұйымдастыру, тиісінше нұсқаулықтар беру арқылы жұмыстарын үйлестіреміз.
Ауылдық округтер әкімдіктері жанынан ардагерлер кеңестерін құру арқылы билік пен халық арасын жақындаттық. Бұлар ауыл мәселелерімен тікелей айналысатын тұтас бір құрылымға айналды. Ұлттық ерекшеліктеріміздің, адами қасиеттеріміздің, салт-дәстүрлеріміздің сол күйі сақталуына ұйытқы болып, ел бірлігі мен тыныштығын уыздай ұйытып отырған да солар. Ел ішінде жүрген ақсақалдарымыз көпшілік басқосқан жиындарда, дастархан басында Елбасының сарабдал саясаты, Қазақстанның әлем елдері қатарынан алар орны туралы ауылдықтарға қарапайым тілмен түсіндіріп, насихаттай жүруі қалыпты іске айналып отыр. Облыс көлемінде барлық мектептер жанынан ардагерлер тобы құрылған. Олар сыныптарда оқушылармен жиі кездесулер өткізіп, тіпті тәртібі төмен, ата-ана бақылауынан тыс қалған оқушыларды тәрбиелеу ісімен де айналысады. Бұл жұмыстарды мектеп әкімшілігімен, ата-аналар комитеттерімен тығыз байланыста жүзеге асырып та жүр.
Біздің басты мақсатымыз, әсіресе, жергілікті жерлердегі ақсақалдардың қоғамдағы рөлін, абырой-беделін, мәртебесін көтеру. Жалпы, ақсақалдардың ауылдың жері, суы, канал-арығы, тұрғындардың тұрмысы дейсіз бе, араласпайтын жұмысы кемде-кем. Жұмыссыздықпен күрес пен жастармен жұмысты да босаңсытпай келеді. Олар осымен байланысты аудан, облыс әкімдері алдына мәселе қоя да алады. Бүгінде, шын мәнінде де, әрбір ауылдың басында ақсақалдар отыр. «Ақсақалын сыйлаған ел азбас» деген ғой, ақсақалдарымыз ауыл әкімдерінің арқасүйер ақылшысына, үлкен көмекшісіне айналуда.
– Бұған дейін өңір ардагерлерінің екі-ақ нәрсеге мұқтаж екендігі айтылып та, жазылып та келген еді… Оның бірі – олардың бас қосып, кеңесуіне арналған орынның, екіншісі шипажайдың жоқтығы болатын. Бұл олқылықтың да орны толғандай…
– Еліміздің, оның ішінде облысымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай тер төгіп, өз үлестерін қосқан аға ұрпақ өкілдері қандай құрметке болса да лайық. Мінекей, Ардагерлер үйі салынып, игілігімізге берілді. Республика бойынша екі-ақ облыста, Алматы облысының Талдықорған қаласында, сосын бізде ғана бар мұндай нысан. Бұл – үлкен жетістік. Ғимараттың екі қабатына қалалық және облыстық ардагерлер кеңестері орналасқан. Астында бильярд ойнайтын, газет-журнал оқып, демалатын, бас қосып кеңесетін, сырласып әңгімелесетін, қысқасы, қарттарымыздың бос уақыттарын тиімді өткізуіне арналған бөлмелер, сондай-ақ, медициналық кабинет, асхана бар. Облыс басшысының бастамасымен жоғарыда айтылған мәселелердің екіншісі де оң шешімін тапқалы отыр. Атап айтқанда, Жамбыл ауданы «Қызылтаң» ауылы маңындағы бұрынғы демалыс-сауықтыру орны ардагерлер шипажайы ретінде қайта қалпына келтірілмек. Сондай-ақ, бір жыл бұрын ғана тұсауын кескен «Ғұмыр-дария» газеті ардагерлер қауымының мінберіне, үніне айналып үлгерді. Қазір оның таралымы алғашқы кездегіге қарағанда екі есе өсіп, 4400-ге жетті.
– Өзіңіз де кешеден бүгінге жеткен көненің көзі, асылдың сынығы дерлік замана ақсақалына айналдыңыз. Балалық шағыңыздан бермен қарайғы өміріңізде көргеніңіз де, көңілге түйгеніңіз де көп. Соңыңызда бедерлі іздер жосылып жатыр. Өз өміріңізге аз-кем шолу жасауға қалайсыз?
– Балалығым өте ауыр өтті. Отызыншы жылдардағы халқымыздың басына төнген зұлмат – ашаршылықты басымнан өткердім. Әкеміз сол аштықтың салдарынан дүниеден өтті. Соңыра 1941 жылы Головочевка (қазіргі Айша бибі) ауылындағы орыс-қазақ орталау мектебін бітірдім. Оқуымды одан әрі жалғастыруыма тұрмыстық жағдайым мұрша бермеді. 1941-1943 жылдар аралығында – әскерге шақырылғанға дейін ұжымшарда жұмыс істедім. Өрімдей жас балалар, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығына қарамастан, ауыр демей, өзімізге жүктелген жұмыстарды тиянақты атқардық. Шөп жинадық, астық бастырдық. Сол жиналған астықты «жарты құрсақ» болып жүрсек те, бір топ бала жалаңаяқ, жалаңбас күйімізде ешекпен қаладағы астық элеваторына төкпей-шашпай апарып тапсырып жүрдік. Басқа да науқандық жұмыстар атқарылып жатты…
Соғыстың басталуы ашаршылықтан кейін енді еңсесін көтере бастаған елге тым ауыр тиді. «Ер етігімен қан кешті, ат ауыздығымен су ішті». Мен қырық үштің наурызында он сегіз жасымда әскерге шақырылып, Қиыр Шығыстан бір-ақ шықтым. Отбасымда отызыншы жылдарғы ашаршылық нәубетінен аман қалған жалғыз жанашырым – анам ғана қалған-ды.
1943-1944 жылдары Чита облысы аумағындағы 77 разъезде орналасқан №1808 әскери бөлімде минометші болып әскери борышымды өтедім. Сол тұста жапон милитаризмінен антикоминтерндік пактының мүшесі ретінде КСРО-ға тұтқиылдан шабуыл жасау қаупі төнулі еді. КСРО сол бір сын сәттердің өзінде қиыршығыстық шекара шебінде 30-40 дивизия ұстауға мәжбүр болды. Гитлерлік фашистік коалицияның құрамында болған жапон әскери күшіне қарсы соғыс 1945 жылғы 9 тамызда жарияланды. Дегенмен, Забайкалье майданының әскери бөлімдеріндегі қауырт жағдай бұдан әлдеқайда бұрын басталып кеткен. 1945 жылдың 8 маусымында түнге қарай біздің дивизиямыз дабылмен көтеріліп, жорыққа шықты. Осы күннен 9 тамызға дейін КСРО-Қытай шекарасына екі ай бойы күн демей, түн демей тоқтаусыз жүрумен жеттік. Үздіксіз ұзақ жол жүру, жан шыдатпас аптап ыстық, су тапшылығы талайдың титығына жетті. Адам шығыны да болды. Соғыстың құпиялылығына байланысты, әскери құрамалар құс ұшып, құлан жортпайды дейтін құба шөлді тәуліктер бойы нәр сызбай көктей өтуге мәжбүр болды. Жау жағы кеңес әскерлері осылай қысқа мерзім ішінде ауыр жағдайға қарамастан жүздеген шақырым жерді жүріп өтеді деп күтпеген де еді. Мен бұл соғысқа Забайкалье майданы 103 дивизиясының жеке оқу-жаттығу батальонының курсанты ретінде қатыстым. Хайлар-Харбинск бағытындағы соғыс қимылдарының алдыңғы шебінде болдым. Кіші және Үлкен Хинган бойынша жалғасқан соғыс жорықтарында адам шығыны да аз болған жоқ. Жиырмасыншы ғасырдағы жаңа әскери ғылым мен техника жетістіктеріне сай мұздай қаруланған Жапонияның императорлық армиясы сол жылдың 3 қыркүйегінде жеңімпаз кеңес әскері алдында жеңілгендерін мойындап тізе бүкті, ақыры.
Ал менің әскер қатарындағы қызметім соғыс аяқталғаннан кейін де 1950 жылға дейін жалғасты.
– Бүгінгі кезек күттірмейтін жауапты жұмыстардың бірі – Ұлы Жеңіс мерекесін ойдағыдай ұйымдастырып өткізу екені белгілі. Оған дайындық қандай?
– Әлбетте, Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қол жеткізу жеңілге түскен жоқ. Жеңіс жолында мың-сан боздақтарымыздың шаһит кешкенін еске алудың өзі ауыр. Халқымыздың алтын асықтай ұлдарының ержүрек батырлығының, ерлік-жігерінің, тылда еңбек еткен әрбір азаматтың моншақтата төккен терімен келді ол. Өңірімізде 248 Ұлы Отан соғысының ардагері және мүгедегі, 500 соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, олардың басқа да санаттары, сондай-ақ, соғыс жылдарында тылда 6 айдан астам уақыт тер төккен 8503 тыл еңбеккері бар. Облысымызда оларға алдағы мерекеге орай берілетін әлеуметтік көмектерді қаржыландыру көлемі анықталуда. Майдангерлерімізге кезегімен облыс орталығынан пәтер берілуде. Одан тыс облыс мекеме, ұйым, кәсіпорындары ұжымдары алдына соғыс ардагерлерін, соғыс жесірлерін, тыл еңбеккерлерін тікелей өздерінің қамқорлықтарына алуы керектігі де күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Мерейтойға дайындық аясында облыс, аудан басшылары тарапынан тиісінше қамқорлық пен көмек көрсетілуі, ардагерлер ұйымдарының, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, мектеп оқушылары соғысқа қатысушылардың үйлеріне барып, жағдайларын біліп тұруы қалыпты жағдайға айналды. Сонымен бірге, дүниеден өткен соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің отбасыларына барып, мешіт қызметкерлерінің қатысуымен құран оқыту ісі ұйымдастырылуда. Мұның өзі майдангерлер отбасылары тарапынан үлкен ризашылық туындатып отыр.
Айта кету керек, ардагерлеріміз, әсіресе, майдангерлеріміз еліміздің, халқымыздың айрықша құрмет-ықыласы мен қамқорлығына бөленуде. Осы тұрғыда облыс, қала, аудан әкімдіктеріне үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай биыл ел байтағы – Астана қаласында өтетін шеруге – 15, Мәскеуде өтетін мерекелік іс-шараға 2 ардагеріміз қатысатын болады. Оларға арналған киім үлгілерін тіктіріп, дайындау үстіндеміз.
Сайып келгенде, жастарымыз біз көрген зұлмат қырғын, соғысты енді көрмесе екен деймін. Бірлік пен татулық-келісімді – басты байлығымыз деп жүрміз ғой. Еліміздің бейбіт тұрақтылығын қамтамасыз ететін де, бақуаттылыққа жеткізіп, бақытқа бөлейтін де сол қасиет-ерекшелігіміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік те биік болсын, асыл мұраттар жолында баршамыз жұмыла еңбек ете берейік, әлеумет!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support