- Advertisement -

«Өнердің таяғын да, нанын да жедім»

14

- Advertisement -

Қазақ ұлттық әдет- ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры, жыршы- композитор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Меркі ауданының Құрметті азаматы – Бейбіт Шошабаев.

– Құндылықтар құнсызданып бара жатқан қазіргідей жаһандану заманында ұлттық рухтың шырағын сөндірмей жүрген жыршы- термешілердің жай-күйін қалай сөзге салмақтар едіңіз? Жыр- термелеріміздің, қазіргі қоғамнан алар орны қандай?

– Жыршы-термешілер қазіргі жаһандану заманында да қоғамнан алыстаған жоқ. Қазіргі таңда отандық телеарналарда қаншама арнайы бағдарламалар ашылып, ел ықыласына бөленіп жатыр. Мектептерде де домбыра үйірмелері көптеп ашылуда. Әрине, кенжелеп қалған мәселелер де бар. Бізде әлі күнге жарыққа шықпай жатқан жырлар көп деп айтар едім. Мәселен, Батыстың, Қызылорданың, Ақтөбе, Атырау өңірлерінің термешілері таңды- таңға ұрып жырлайды. Бізде мұндай сарын төмендеу екені жасырын емес. Бірақ, әлі де болса бұл мәселені оң шешіп, қалыпқа келтіруге болады. Өзімнің шәкірттерім – Әділет Көшеров, Мұқағали Балтабаев, Аружан Адабаева мен Аружан Қаржаубай аудан, облыс қана емес, республикалық дүбірлі додаларда ұлттық өнерімізді ұлықтап жүр. Ғаламтор қанша жерден қарыштап дамығанымен, жыршы-термешілер әлі өз сұранысын жоғалтқан жоқ. Қасиетті Қабан жырау, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен баба және одан бата алған Аяз Бетбаев ағамыздың ізгі жолы жалғасын жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды да. Мен бұл кісілердің соңы болғым келмейді. Себебі, менен кейін де қаншама талантты жастар өсіп келе жатыр. Әрине, қазіргі таңда жыршы-термешілерге қарағанда эстрада жұлдыздарының дуы басым. Бірақ, біз де солар секілді өз саламызды, ұлттық құндылықтарымызды жан- жақтан, барынша белсенді көрсете білсек, текті өнердегі таразы басы теңеседі деген ойдамын. Оған мүмкіндік те аз емес. Мәселен, қазір ізденуге бәрі қолайлы. Бұрын бір терме немесе жырды кітапханаға барып, мұрағаттарды ақтарып жаттайтынбыз. Бүгінде ғаламторда барлық ақпарат бар. Сонымен қатар, бұрын бір туындыны жарыққа шығарып, халыққа тарату үшін ауданға, аудан облысқа, облыс Мәскеуге қарайтын. Телеарналар мүлде қазақи жыр-термелерді атымен көрсетпейтін. Қазір тәуелсіздігіміздің арқасында өз өнеріміздің болашағы өз қолымызда.

– Айтыстың аламанында да бір кездері бақ сынадыңыз. Төл өнерден не себепті қол үзіп қалдыңыз?

– Өзіңіз білетіндей, әулиеаталық айтыс өнері Жамбыл бабамыздан алапат сарынмен жалғасып жатқан үлкен мектеп. Әрбір айтыс үлкен дайындық пен зор жауапкершілікті талап етеді. Оған да арнайы уақыт бөлу қажет. Ұстазым Аяз Бетбаев маған «жыр- терменің тізгінін ұста» деп аманаттаған болатын. Оның үстінде қазір суырып салма жас ақындардың ой-өрісі өте мықты. Жастармен тайталасқанша көне сарынның шырағын сөндірмей, соны жастарға үйретуге ден қойдым. Айтысқа қатысқанымда «қырдым», «жойдым» деп айта алмаймын. Бірақ, азулы ақындарға лайықты қарсылас бола алдым деген ойдамын.

– Естіген жанның бойын шымырлатып, арқадан аяз жүгіргендей күйге түсіретін «Ақсақ қыздың зары» қалай өмірге келді, негізінде бұл туындының сөзін де, әнін де өзіңіз жазғаныңызды көпшілік біле бермейтін секілді?

– Расымен көпшілік бұл шығарманың сөзін басқа ақын жазған деп ойлайды. Негізінде олай емес. Бұл өзімнің толыққанды төл туындым. Бала кезде оның тарихын көнекөздерден еститінмін. Сонда байдың баласы екеуі бір-біріне ғашық болған қыз тағдыры айтылатын еді. Бұл сезімді әкесі құп көрмей, тең теңімен болуы қажет деген ұстанымда алғысын бермейді. Қырық түйе, қырық бие қалыңымен айттырған сұлу Торша деген жүйрігінен құлап, аяғы екі жерден сынады екен. Апам айтып отыратын осы қызға бала күннен ойша ғашық болып өстім. Аңыздың небәрі бір, екі өлең жолы ғана бар болатын. Соны өсе келе өзім жазып шықтым. Сөз өнері әу баста әкемнен дарыған қасиет. Әкем керемет шабандоз әрі термеші еді. Өмірден өзі ерте кеткенімен өнері көз көргендердің есінде.

– Жастар жағына назар аударсақ, қазір жасөспірімдер үшін шетелдік реперлердің жеке өмірі де таңсық болып кеткені жасырын емес. Алтын бесік – ауылда өскен жастар осы үдеріске тойтарыс бере алады ма?

– Ауыл жастарының Құдайға шүкір, өнерге деген қаймағы бұзылған жоқ. Екінің бірі домбыраны қолынан тастамайды. Үйренемін деп жүрген жастар да аз емес. Мен өте қарапайым тұрамын, ауылдан ешқайда кеткім келмейді. Ауыл мәдениетінде табан аудармай 35 жыл еңбек етіп келе жатырмын. Қазір Асанбай Асқаров атындағы №1 орта мектепте ақындар- жыршылар үйірмесінде 20 баланы тәрбиелеймін. Оның бәрі ақын болып шықпайды әрине, бірақ термеге, дәстүрлі әнде танылуы мүмкін. Шамам келгенше айтысқа да тәрбиелеймін. Ұлттық сананы ұрпаққа біз беруіміз керек. Қазір жастардың бәрі ғаламторда отырады. Бір күні одан да жалығады. Жақсы тәрбие беретін болсақ, таза ауаға, қымызға қайтадан ораламыз. Өзімнің балаларымды да солай тәрбиелеймін. Шетелге еліктегіш қала жастарына да осылай тәрбие берсек, оларда да ұлттық сезім оянады. Бәрі өзімізге байланысты. Маған Аяз Бетбаев ұстазым «Өнерді жалғастыратын өзің боласың» деген болатын. Сол парызды арқалап келемін. Ендігі бар мақсатым – сол аманатты қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта жастарға беру.

– Өнер оңай жол емес, ал осы жолды таңдаған ізбасарларыңызға қандай қателіктерге ұрынбауға кеңес берер едіңіз?

– Әр адам өзінің ісіне, таңдаған саласына адал, бейім болуы тиіс. Мен мысалы, саясатқа барғым келмейді. Алла өнерге алып келді. Ел басқару да оңай емес. Алауыздыққа салына берсек, елдігімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан қай салада жүрсек те, бірлікті сақтау ең басты мақсатымыз. Тоқсаныншы жылдары дорба арқалап кеттік. Өнер де, мәдениет те жайына қалды. Кітапханалар жабылды. Сол заманды өз басымнан кештім, қиындығын көзбен көрдім. Бірақ қиындығына қарамастан, мен домбырамды ұстап, ел ішінде өлеңімді айтып жүре бердім. Өнерімнен қарайған жоқпын. Көптеген қатарластарым сол кезде домбыраны тастап, қара бастың қамымен кетті. Астарына көліктің түр- түрін мініп, үйден-үй алып жатқанда да мен қара домбырамды құшақтап жүре бердім. Енді олар қайтадан осы өнерге келгісі келеді. Бірақ, қазір олар өнерден «суып» қалды. Қазір маған сол замандастарым «Қалай өнердің діңгегін ұстап қалдың?» деп жиі айтады. Қандай заман болмасын, таңдау әр адамның өз қолында. Қайда барсам да ел танып жатады. Оның бәрі өнердің арқасы. Өнердің таяғын да, нанын да жедім. Қиянатты да көрдім. Бір Аллада ғана дұшпан жоқ. Мен халықтың арқасында осы дәрежеге жеттім. Сол үшін жастар да өнерге адал болуы тиіс деп санаймын.

– Алдағы арман-мақсат қандай, өнер жолында қандай жоспарларыңыз бар?

– Ендігі менің бар арманым – кешегі Сүйінбай, Жамбыл, Кенен ақсақал, Аяз ағамнан үйренген мақамды, жыр- термелерін кейінгі ұрпаққа үйретсем, бұдан артық атақ, абырой сұрамаймын. Алладан алдымен сұрайтыным, елімнің табиғи және басқа да апаттардан амандығы мен тыныштығы. Өзімді бақытты елдің азаматымын деп санаймын.

Жарым медицина саласының қызметкері, екі ұл, бір қыз, немерелеріміз бар. Соларды тәрбиелеп, дұрыс бағдар берсем жеткілікті. Кіндік қаным тамған Меркіде де, балалық шағым өткен Тұрар Рысқұлов ауданында да еңбек етіп, халыққа қызмет етуді парыз санаймын. Бес мың данамен үнтаспаларым тарады. Қырық шақты жыр мақамын нотаға түсіріп, кітабыма жаздым. Елу жылдығыма орай екінші жинағым Алматыдан жарық көрді. Онда айтыстарым, жеке жыр, термелерім қамтылды. Алла алпыстың есігін ашуды жазса, үшінші кітабымды шығарсам деп отырмын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support