Жуалыдағы жыр кеші

Жуалыдағы жыр кеші
ашық дереккөз
Жуалыдағы жыр кеші
«Ауылға сағыныш» атты шығармашылық кешті Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты Шыңбұлақ ауылдық клубы ұйымдастырды. Кеш барысында ақынның өлеңдерінен құралған композиция сахналанды. Шыңбұлақ тұрғындары тамашалаған іс-шарада кеш иесі өзінің өміртарихына тоқталып, Жуалыда атқарған қызметі мен бұл өңірдегі шығармашылығы жайлы ой толғады. Сондай-ақ, ақын Жуа лы өлкесіне арнаған өлеңін оқыды. Батыр Бауыржан Момышұлы мен жазушы Шерхан Мұртаза туған киелі топырақты жырына арқау етіпті. Ұлылардың кіндік қаны тамған мекеннің ерекше табиғатын сөзбен суреттей келе, ұлдарының тауға тартып туатындығын айтқан. «Тумысынан ұлдары, тауға тартқан тұлғалы, Бір-ақ рет өлетін батырлардай жырдағы. Аты қалған ауызда, айналып һәм аңызға Осы өлкеден түлеген сан ерліктің құрбаны», деп айта келе, «Күйігің бар көсілген, еңку- еңку етегі, Суретіңді қаныммен тасқа салсам не етеді? Ер Бәукеңді баптаған, Шерағаңды ширатқан, Қасиетіңе бас ием ұлылардың мекені», деп қос ұлы тұлғаның туған жерін жырымен әлдилегені көрініп-ақ тұр. Өлең өрісін де өресін биіктеткен жұртшылық жүрегі бұл шығармаға шын толқыды. Шыңбұлақтықтармен болған рухани кешке ақын Шапағат Әбдір де қатысты. Кездесу кешіне қонақ ретінде барған облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі құттықтау тілегін арнап, жырдан шашу шашты. Қос ақынның оқыған жыры тыңда лып болған соң, іс- шараны ұйымдастырушылар сұрақ-жауапқа кезек берді. Көрермен тарапынан қойылған сауалдардың көбісі оқушылар тарапынан болды. Ақындық жайлы сырға толы сұрақтарға кеш иесі үлкен тебіреніспен жауап қайтарды. Жиын мәнінің арта түсуіне түрткі болған тебіренсті сәтте әдебиет туралы әңгімелер айтылды. Ақындық алдымен Алладан берілетін қасиет екендігіне тоқталып, оны дамытудың жалғыз жолы тек іздену мен кітап оқудан тұратындығын айтты. Іс-шараның қызықты өтуіне атсалысқан клуб меңгерушісі Айман Ортаева көпшілік көңілінен шыға білді. Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызы сөз сөйлеп, ақын шығармашылығына тоқталып өтті. – Біздің ұжымда қызмет атқарып жүрген кезде өз ісіне өте жауапты еді. Халық театрларына көптеген сахналық қойылымдар жазды. Оның авторлық «Ақ орамал», «Киелі бесік», «Өнер мен жендет» атты шығармалары мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосты. Біз Нұржан Әліш бауырымызды өз баламыздай көреміз, – деді ол. Сонымен қатар, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Досмырзаева да бұрынғы әріптесі туралы ойын жеткізді. Іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға жалғасып, көпшілік кеш иесімен суретке түсті.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар