- Advertisement -

«Дипломмен – ауылға» жобасы жастарға серпін бере ме?

13

- Advertisement -

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы туған жерге ту тіккен талай жастың жолын ашып, жарқын өмірге қадам басуына түрткі болды. Бұл жобаның аясында жалынды жастар ауылдарға жол тартып, еліміз үшін қызмет көрсетіп, бір жағынан өз тұрмысын түзеуге мүмкіндік алды. Бұл жобаның басты алгоритмі – әуелі бір реттік көтерме жәрдемақыға ие болып, кейіннен баспана үшін тұрғын үй несиесі де беріледі. Бұл өз кезегінде жастардың ауылда лайықты орын алуына жасалған мүмкіндік. Бағдарлама туралы соңғы ақпараттарға назар аударатын болсақ, ауылға келетін мамандар үшін бюджеттік несие 2500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 9,2 миллион теңге, ауылдық елді мекендер үшін 2000 айлық есептік көрсеткіш, ол 7,3 миллион теңгеге дейін өседі. Бұл туралы «World of NAN» порталы Ұлттық Экономика министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Ауылдық жерлерде кадр әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асырылып отырған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен, ауыл, ауылдық округ әкімдіктерінің мемлекеттік қызметкері санатына жататын мамандар қатыса алады. Сонымен қатар, биыл енгізілген жаңалықтардың ең бастысы – бұл бағдарламаға қатысатын жастардың несиелік тарихының бұзылмауы, 90 күндік берешегі болмауы тиіс екен. Қаржылық сауаттылық жағынан бұл, әрине, дұрыс шешім. Десе де, «Үкімет тарапынан бөлінген қаржыны сонда кім пайдаланады? Екінің бірі ауылға бара бере ме? Келіп тұрған жастарға неге әкімшілік немесе бірінші кредиттік бюро тарапынан сенімхат жүйесі қарастырылмаған?» деген сұрақтар туындайды. Кейбір зерттеу мақалаларға шолу жасау барысында кей жастарға банктегі жабылған несиенің өзі тұрғын үй алуға мүмкіндік бермегенін көруге болады. Ұлттық Экономика министрлігінің ақпаратын негізге алатын болсақ, бұл бағдарламаның статистикалық көрсеткішіне қарағанда 2023 жылы көтерме жәрдемақы алған мамандар саны 9433 адамды құраған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға жоғары.

Байзақ аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналасқан Айгерім Биматова Байзақ аудандық емханасына 2 жыл бұрын жалпы тәжірибелік дәрігер болып келген.

– Осы ауданға 2022 жылдың сәуір айында Алматы қаласынан көшіп келдім. Байзақ ауданының әкімшілігінен қайтарымсыз 800 мың теңге алдық. Аз пайызбен 15 жылға несие рәсімдеп, 2 айда баспаналы болдым. Шалғай ауданда жұмыс істеу әр маманға тәжірибе жинау үшін тиімді саналады. Ауданымызда әлі кей мамандық түрлерінің тапшылығы байқалады. Жас мамандарды ауылға тарту үшін бірнеше мүмкіндіктерді қарастырса екен деймін. Біріншіден, келген жасқа уақытша немесе жалдамалы үй берілсе деймін. Екіншіден, кішкентай балаларын балабақшаға кезексіз орналастыруды қамтамасыз етсе, жас мамандардың білімін жетілдіру мақсатында арнайы оқуларға жіберіліп тұрса жақсы болар еді, – дейді Айгерім Ерболқызы.

 

Жанел ӘБДІҚАЙЫМОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультетінің 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support