- Advertisement -

Жарты ғасыр жарастықта

10

- Advertisement -

Кеңес заманында біздің елімізде интернационалдық отбасын құру дәстүрге айналып, екі ұлттың өкілі өзара келісіммен шаңырақ көтеруі ерекше дәріптеліп, бұған мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп жататын. Әсіресе, мұсылман жігіттің немесе қыздың христиан дінді жаспен некелесуі құпталатын. Мұндай отбасылар БАҚ беттерінде жарияланатын. Өзіміз де солардың талайын жазғанымызды несіне жасырайын.

Тағы бір «жасыратыны жоқ» мәселе – солардың барлығы бірдей керемет жарасып кете қоймағаны. Алғашында жастықтың жалынымен жалындап, алаулатып-жалаулатып той жасап қосылғандардың біразы ұлттық ерекшеліктеріне қарай, «мінездері үйлеспеуіне байланысты» ажырасып жататын. Олардың да кейбіреулері «қоғамға жат әрекеттері» үшін қалам ұшына ілінген.

Бұл жолы елу жыл үлгі боларлықтай тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешіп келе жатқан жарасымды отбасы туралы жазбақпын. Олар – ерлі- зайыпты Рахымберді мен Зәмира Саламатовтар. Бұл жарасымды жұп осыдан жарты ғасыр бұрын «біз интернационалдық отбасын құрамыз» деп ұрандатпай-ақ, жүрек қалауымен қосылған. Бірақ, олар бастан кешкен махаббат машақатының сипаты бөлек. Олар сонда жүрекке әмір жүрмейтінін дәлелдеген болатын. Бәрі де Рахымның (Рахымбердіні үйдегілер де, достары да осылай атайтын) досы Әсімбекті әскерге шығарып салуға арналған «вешірден» басталған еді-ау.

…1969 жылдың қазан айы. Ертең сыныптас досы Әсімбек Жүнісов Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Кеңес әскері қатарында қызмет етуге аттанбақ. Бүгін кешке соның үйінде «вешір». Жиналғандардың басым көпшілігі – сыныптастар. Отырыстың қыздарсыз сәні болған ба? Сыныптас, ауылдас қыздар құрбыларын да ерте келіпті. Солардың ішінде Рахымның көзі түсіп, көңілі ауғаны – өзбек қызы Зәмира.

Отырыстың тізгіні Рахымның қолында. Домбырашы, әнші, сері жігіт мектепте оқып жүргенде-ақ өнерімен көпшіліктің құрметіне бөленіп, той-томалақтарда бұған дейін де асабалық қызмет атқарып жүрген. Бүгін де отырыстың көрігін қыздырып, басқосудың өте қызық өтуіне барын салды. Бұл – оның досына деген құрметі. Бір жағынан Зәмираның көзіне түсіп қалғысы келгені де рас. Мұндайда айтылмаған ән әдірем қалсын, Рахым домбыраға қосылып сол кезде сәнге айналған бірнеше әнді нәшіне келтіре шырқаған. Патефонға қойылған пластинканың әуенімен сол заманғы твист, фокстрот билері қайта-қайта биленді.

Сол кеште Рахым Зәмираны шығарып салған. Бар батылдығын жиып, қызға жүрек сөзін айтқан. Қыз бірден келісімін беріп, жігіттің құшағына құлап түскен жоқ. Бірақ, кетәрі де емес. Көкіректен итеріп, жігіттің бетін қайтарған жоқ.

«Үндемеген–келіскеннің белгісі» деген, бірінші жолы қыздан үзілді-кесілді қарсылық көрмеген Рахым «қыз да болса үмітің, батылдау бол, жігітім» қағидасын ұстанып, ертеңіне, одан кейін де тағы бір-екі кездескенде жан жүрегінің сырын жайып салған. Зәмираның жүрегі жібіді. Сол жылы Рахым Жамбыл гидромелиоративтік- құрылыс институтының студенті атанды.

Рахым мен Зәмира жігіт-қыз болып бес жыл жүрді. Осы уақыт ішінде олар бір-біріне бауыр басқаны соншалық, бір күн көрмесе тұра алмастай халге жеткен. Алла қаласа, алдағы жазда Рахымның институт бітіріп диплом алуы мен үйлену тойын бірге тойламақ. Сөйтіп жүргенде бұлар күтпеген оқиға болды. Осы оқиға жігітті бет бұрмас батыл қадамға бастаған. Ол туралы сәл кейінірек.

Ұлты өзбек болғанымен, Зәмираның әкесі Ергешбай аканың отбасы саудаға жоқ. Ерекең еңбекке ерте араласып, алғашында қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесінде арбакеш болған екен. Ол кісі 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде Атшабардағы базардың маңайында шашылып жатқан өліктерді арбаға салып, арнайы қазылған орға апарып тастаған күндерді ауыр еске алып отырады екен. Айтуға ауыр сол кезең туралы әңгімелеудегі мақсаты адамдар, әсіресе жастар, қазіргі тоқшылық пен молшылық заманның қадірін білсе екен деген ойдан туындаған болуы керек.

Ергешбай Дауранов одан кейін қаладағы іргелі кәсіпорын – Жамбыл қант зауытына оператор болып жұмысқа орналасқан екен. Осында 38 жыл табан аудармай жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығыпты. Ұлы Отан соғысы жылдарында броньмен әскерден қалдырылған. Соған қарағанда зауыт стратегиялық нысан санатында болған болуы мүмкін. Арғы атасы молда болған Ергешбай аканың балалары да білімге бейім, жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан мамандық алып шыққан. Отанасы Мүбәр апа да діндар отбасынан шыққан тақуа кісі екен. Олар он баланы дүниеге әкеліп, сегізін аман- есен тәрбиелеп өсіріп, азамат етіп жетілдірген. Ал, Зәмираның шыққан тегіне келер болсақ, өзбек халқы қызы бойжеткен соң оның ертерек тұрмыс құрғанын қалайды. Бұл үрдіс қызды жатжұрттық санайтын қазақ халқында да бар. Ергешбай ака мен Мүбәр апа қыздарын ертерек тұрмысқа беруге асықпағанымен, тәрбиелі, ибалы, сұлу қыз Зәмираға құда түсушілер көбейіп кетіпті. Рахыммен сөз байласқан, оның оқу бітіруін күтіп жүрген сертіне берік қыз «жігітім бар» деп олардың ешбіріне бет бақтырған емес. Дегенмен, Манкенттен артынып- тартынып келіп жатқан мына құда түсушілердің беті жаман. Ағайындықты алдыға салып, қызды алып кетуге бекем бекініп келген сыңайлы. Осыдан қауіптенген Зәмира ретін тауып жігітіне хабар жіберген.

Көңілі алай-дүлей болған Рахым кеш түсе ешқандай шақырусыз Ергешбай аканың үйінің табалдырығын аттаған. Қонақтарға кешкі қонақасы беріліп жатқан кез екен. Өзбектерде ер кісілер мен әйелдер бөлек-бөлек бөлмелерде отыратын тәртіп бар. Соны білетін Рахым бірден құда түсушілер отырған бөлмеге кіріп барған. Төрге жайғасқан сегіз ер кісі орындарынан қопарыла көтеріліп бұған сәлем берді. Қызға құда түсушілер осылар екеніне анық көзі жеткен Рахым ізетпен сәлем бергендерге ізетпен өзін таныстырды да, жайлап Зәмира екеуінің махаббат хикаясы туралы әңгімелеп кетті. Екеуінің алғашқы таныстықтан бүгінгі таңға дейінгі қалай сыйласқандары, бір-біріне деген сүйіспеншіліктері туралы айтылмаған ештеңе қалмаған шығар. Сөзінің соңына «босқа әуре болмаңдар» деп нүкте қойған.

Бұл әңгімеге Ергешбай отбасынан ешкім қатысқан жоқ. Тек, Зәмира ғана еркектерден именбей ішке кіріп, Рахымның алдына ас қойып, шай құйып беріп ерекше ықыласпен қызмет көрсетіп жүр. Жігіттің батыл әрекетіне тәнті болған қонақтар үй егесі Ергешбай тарапынан ешқандай түсіндіруді қажет етпестен-ақ райларынан қайтып, ертеңіне сыпайы қоштасып елдеріне қайтып кетті. Сол күні олармен бірге сол үйге қонып шыққан Рахым «қауіпті» қонақтарды шығарып салған соң бір- ақ үйіне қайтқан.

Қызға сөз салушылар мен көз салушылардан қауіптенген Рахым 1974 жылдың 14 сәуірінде Зәмирасына үйленіп тынған. Міне, содан бері табаны күректей 50 жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Осы жылдарда олардың отауларының босағасы бекіп, керегесі кеңейіп, шаңырағы биіктей түсті. Екеуі алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыздар сүйді. Олардан сүйкімді немерелер мен жиендер сүйді. Шөберенің де ауылы алыс емес.

Зәмираны қарашаңыраққа келін етіп түсіргенде «қазақтан қыз таппағандай» деп реніш білдіргендер де, өзі сері, өзі сал, түр-сымбатына көрген кісінің көзі тойғандай Рахымның тосын шешіміне таңғалғандар да болған. Тіпті, реніш білдіргендер де жоқ емес. Бірақ, Рахым жүрек әміріне жүгінді.

Ұлының жүрек қалауына қолдау білдіріп, ақ батасын берген әкесі Саламат пен анасы Рысжан ғана. Жасыратын несі бар, алғашында Рысжанның да қабағы тырысқандай болған. «Өзбек – өз ағайынымыз, діні – мұсылман, салт-дәстүрі де қазаққа ұқсас. Орыстан қатын алып жатқандар да бар ғой» деп қатулау сөйлеп әйеліне басу айтқан Саламат – көпті көрген кісі. Ұлы Отан соғысына қатысқан Жеңіс солдаты соғыстан бұрын колхозда есепші, соғыстан кейін аудандық, облыстық қаржы бөлімдерінде басшылық қызметтер атқарған Саламат Шерімов қой ол. Сондықтан, түсінігі де мол. «Есептің майын ішкен» азамат аудан, облыс экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақ КСР және КСРО Қаржы министрлігі тарапынан лайықты марапаттарға ие болған. КСРО-ның құрметті қаржыгері.

Институт жолдамасымен қол ұстасып Қарағандыға аттанған Рахым мен Зәмира араға 9 жыл салып елге оралды. Екеуі ғана емес, жетектерінде ұлдары Нұргелді мен қыздары Жұлдыз, Гауһар бар. Қарағандыдағы жауапты әрі көңілі қалаған қызметін тастап елге қайтуына кіші інісі Мырзагелдінің әскерде оқыс оқиғадан қаза тауып, әке-шешесінің қайғыдан қара жамылып отырып қалуы себеп болған.

…«Жауапты қызмет» дегеннен шығады, Рахым Саламатов Қарағандыда жобалау институтында жұмыс істеп жүргенінде қала маңындағы Мичурин ауданындағы совхоз-техникумға оқытушылық қызметке ауысқан. Білімді азамат, білікті маман жұмысты жандандырып әкетті. Араға алты ай салып аудандық партия комитеті Рахым Саламатовты совхоз-техникумға директор етіп тағайындауға ұйғарыпты. Осы хабарды алысымен Саламаттың әкесі тез жиналып, Қарағандыға тартып отырған. «Айналайындар- ау, оң-солын танып үлгермеген 29 жасар баланы үлкен арнаулы оқу орнына басшы етіп қоюға бола ма екен? Пәленбай мың мал басы, шаруашылығы тағы бар. Балаларды мамандыққа оқыту өз алдына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік- тұрмыстық жағдайларын жасау қайдан оңай соқсын! Жап-жас балаға осынша жоғары жауапкершілікті сеніп жүктеп жүрген кім екен?..» Ауылдан шығарда да, жолда да санасын сансыратқан осы сауалдардан шаршаған әкесі Қарағандыға табаны тиісімен баласын жетектеп аупарткомға тартты.

Аупарткомның бірінші хатшысы Черняев Александр Иванович салмақты, ойлы кісі екен. Саламатпен қазақша, терең түсіністікпен сөйлесті.

– Сәке, Рахым сізге бала көрінгенімен, бізге білімді азамат, білікті маман, байыпты басшы. «Жұмыстың көзін тапқанды, табыстың өзі табады» деген, көресіз әлі-ақ совхоз озат шаруашылық, техникум озат оқу орны санатында облыс қана емес, республикада аты аталатын болады. Рахымның жұмысы алға басуына өзім көмегімді көрсетіп, қолдау білдіріп отырамын, – деді ол сенімді түрде. Бұл сөздер Саламаттың көңілін орнықтыру үшін емес, Рахымның іскерлігіне көзі жеткендіктен айтылған еді.

Осыдан кейінгі 5 жылда Рахым өмірдің үлкен мектебінен өткен. Совхоз-техникумды басқару үшін педагогтік мамандық керек екен. Аупартком жолдамасымен Украинаның ауыл шаруашылығы академиясында сырттай оқып, инженер-педагог мамандығын алып шықты. Одақтың Мәскеу, Ленинград, Киев, Рязань, Новочеркасск, Новосібір, Ташкент, Алматы қалаларында білімін жетілдіру курстарынан өтіп, біліктілігін, тәжірибесін нығайта түскен. Енді, міне, ата-анасының көңілін аулап, туған топыраққа оралып отыр.

Рахым мен Зәмираның Әулиеата жеріндегі тұрмыс-тіршіліктері ойдағыдай болып, өздеріне тиісті қызметтерін жоғары жауапкершілікпен атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Рахымға қол қусырып қарап отыру жат. Ол – ардагерлер кеңесінің мүшесі. Аудандық ардагерлер кеңесі өткізген іс-шараларға да белсене араласады. Жалпақтөбе ауылындағы қадірменді қариялардың бірі.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support