- Advertisement -

Ғарыш әлемінің құпиясы

28

- Advertisement -

Құпияға толы ғарыш әлемі жаһандық ғалымдардың зерттеу нысанына айналғанына ғасырға жуық уақыт болды. АҚШ пен КСРО арасындағы бәсекелестіктен бастау алған ғарышты игеру миссиясы бүгінде көптеген жаңалықтарға жол ашты. Күні кеше құпия құбылыстарға толы кеңістікті зерттейтін мамандық иесі ғарышкерлердің төл мерекесі өтті. Себебі, дәл осы күні КСРО ғарышкері Юрий Гагарин орбитаға көтерілді.

Орбитаға дейінгі соқпақ

Бала кезінде ғарышкер болуды армандамаған ба ла аз шығар. Құпияға толы ғарыш әлемі кімнің де болсын қызығушылығын оятады. Себебі, әрбіріміз сол шексіздіктің тұрғындарымыз. Сондықтан да бұл мақала ғарышты аңсап, шексіздік құшағына енуді армандайтындарға таптырмас нұсқаулық десе де болады.

Кез келген ғарыш сапарына әзірленуге жеті жылдан он бес жылға дейін уақыт жұмсалады. Әрбір үміткердің жалпығарыштық дайындығына бір жарым-екі жыл, топтағы дайындығына екі жыл уақыт кетеді. Арасындағы еңбек демалыстары мен медициналық тексерістерді қоса есептегенде 5 жыл уақыт керек.

Ғарыштық бағдарламалардың дені халықаралық деңгейде болғандықтан, әрбір кандидат ағылшын тілін жақсы білуі шарт. Гуманитарлық мамандықтарды меңгергендердің ғарышкер болу мүмкіндігі өте төмен. Дегенмен, ғылымның дамуымен бұл кедергі жойылады деген болжам бар.

Физикалық дайындыққа келер болсақ, кандидаттың төзімі, жылдамдығы, ептілігі ең бірінші сыналады. Бағдарламада үш жарым минутта 1 шақырымды жүгіріп өту, турникке 14 рет тартылу, батутта 360 градуст а айна лып с екіру сынды жаттығу түрлері бар. Бұл дайындықтың аз бөлігі ғана. Ең қатал талап ғарышкердің денсаулығына қойылады. Жерде жүргенде елеусіз көрінетін жайттар ғарышта үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Мысалы, ұшақта, пойызда басыңыз айналатын болса, бұл үлкен мәселе. Бір сөзбен айтқанда, кандидаттың вестибулярлы аппаратында кем-кетік болмауы қажет. Психологиялық әлеуетіне, үміткердің темпераментіне қатысты нақты талап жоқ. Дегенмен, ұзақ мерзімді сапар үшін тым меланхолик немесе холерик типіндегі кандидаттарды тосын жайларға толы ғарыш сапары еркелете қоймайды. Сондай-ақ, ғарышкердің есте сақтау қабілеті мен қағілездігі жоғары деңгейде болуы тиіс. Бұл кез келген экстремалды жағдайдан оңай шығуға көмектеседі. Сонымен қатар, ғарышкердің өте пунктуал болғаны абзал. Ғарыштық операцияларды орындағанда бір минутқа да кешігуге болмайды. Бұл жаттығулар екі жылдық дайындық бағдарламасына кіреді. Бұған қоса 150-ге тарта емтихандар мен сынақтар бар. Егер кандидатты экипаж құрамына бекітсе, 18-24 айға дейінгі уақыт алғашқы ғарыш сапарына нақты бағдарлама бойынша әзірленуге жұмсалады.

Көпшілік қиялға беріліп аңсайтын мамандықты игеру процесі мұнымен аяқталмайды. Дайындықтың көп бөлігі аспан денелері мен ұшу динамикасын, борт жүйесі мен ғарыштық құрылғыларды зерттеуге бағытталған теорияны меңгеруге кетеді. Ұзақ жаттығу ке зінде ғарышкердің бойында салқынқандылық, көпфункционалдылық сынды аса маңызды қасиеттер пайда болады. Парашютпен жасалатын жаттығулардың да маңызы жоғары. Жерден 1200 метр биіктікте парашютті ашудың да өз құпиялары бар. Әлбетте, бұл қолыңыздан келмесе немесе ұмытып кетсеңіз, парашют автоматты түрде ашылады. Бірақ бұл тапсырманы орындай алмаған болып шығасыз. Ұшуға әзірліктің ең маңызды бөлігі – салмақсыздыққа бой үйрету. Жер бетінде салмақсыздық күйі тек «Кеплер параболасы» деп аталатын траекториямен ұшу кезінде пайда болады. Бұл жаттығуды жүзеге асыру үшін ғарышкерлерді даярлау орталығында «Ил-76 МДК» зертхана ұшағы пайдаланылады. Бір сеанс кезінде айтылған тапсырманы орындау үшін 22-25 секунд беріледі. Мысалы, ол аты-жөніңізді жазып, қол қою сынды тапсырма болуы мүмкін. Салмақсыздық күйіне бейімделу үшін, сондай-ақ гидролабораторияда, яғни су астындағы жаттығуларды орындау қажет. Америкалық ғарышкерлердің пікірінше, бұл жаттығуларды жерде жасаудың қажеті жоқ. Атмосфераға салмақсыздық тән емес. Ал, Ресей ғалымдары бұл дайындыққа керісінше ерекше мән береді. Олардың пікірінше, ғарышкер ұзақ уақыт өткізетін ортаға неғұрлым бейімделе түссе, кез келген стресті жағдайды оңай еңсереді.

Ең қызық та күрделі процестердің бірі–болашақ ғарышкердің Халықаралық ғарыш станциясын егжей-тегжейлі зерттеуі. Ұшуға бекітілген ғарышкердің иелігіне әрбір модульдің құрылысымен танысуға, орбитадағы ғылыми эксперименттерге дайындық жүргізуге, штаттық және апаттық жағдайларды пысықтауға мүмкіндік беретін ХҒС-ның ресейлік макеті беріледі. Станция ішіндегі жаттығулар әртүрлі, жылдамдатылған немесе баяу режимде өтуі мүмкін. Бағдарлама аясында ғарыш станциясының шетелдік сегменттерін, нақтырақ америкалық (NASA), еуропалық, (EKA), жапондық (JAXA) модульдерімен танысу үшін түрлі іссапарлар ұйымдастырылады.

Скафандрдың сіз білмейтін сиқыры

Мамандардың пайымдауынша, ашық ғарышқа шығу – орбитадағы ең күрделі әрі аса қауіпті операция. Былайша айтқанда, ғарышкерлердің нағыз сыналар тұсы осы деуге болады. Аталған процесті сәтті орындау үшін ғарышкер скафандрға кіреді. Иә, көбіңіз таңғаласыз. Құлағымыз үйренгендей скафандр – киетін киім емес. Ол – кәдімгі құрылғы. Ресейлік ғарышкерлердің қолданатыны – «Орлан-М» скафандры. Оған арқасында орналасқан арнайы люк арқылы кіреді. Люктің қақпағы 10 сағаттық автономды жұмыс кезінде ғарышкердің өзін қалыпты сезінуін қамтамасыз ететін жүйелерден тұрады. «Орлан» ғарышкердің дене өлшеміне қарай ұлғайып-кішірейеді. Жеңіндегі қызыл және көк тігістер ашық ғарышта жүргендердің бір-бірінен көз жазып қалмауына көмектеседі. Құрылғының кеуде тұсындағы басқару пульты скафандрды салқындатуға, желдетуге, өмірлік маңызы бар әрекеттерді бақылауға арналған. Ғарышкер өзінің физикалық жай-күйі туралы мәліметтерді скафандрдың жеңіндегі шағын монитордан оқи алады. «Орлан»-ға кіріп жұмыс істеу үшін де біраз күш жұмсау керек. 120 келілік скафандрда қозғалу үшін қолдың көмегі ауадай қажет. Ауасыз кеңістікте аяқ өзінің әдеттегі қимылдарын жасай алмайды. Скафандр қолғабында саусақты қозғалту үшін арнайы эспандермен 1200-ге тарта жаттығу жасау керек. Ереже бойынша ғарыш жағдайында шлюзді камерада қысымды реттеу үшін сағаттап уақыт өткізуге тура келеді. Ғарышкерлерді тар кеңістікте ұзақ уақыт өткізуге дағдыландыру үшін жасанды жарықтандырылған, қабырғалары дыбыс өткізбейтін материалдан жасақталған арнайы камерада үш тәулікке дейін ұстайды. Оның 48 сағатында кандидат мүлде көз ілмеуі тиіс. Психологтардың айтуынша, көп адам өзін «өмір сүруге бейіммін» деп ойлағанымен, мұндай сағаттарда күйзеліске ұшырап, жүйкесі сыр бере бастайды.

Ұшу алдындағы даярлықтың маңызды әрі қорытынды кезеңі – центрифугадағы жаттығулар. Ғарышқа ұшпас бұрын ұшу процесінің әрбір тетігін, теориясы мен динамикасын, кеменің орбитаға енуін, атмосфераға кіруін, ғарышкерлердің капсулада жерге оралуын, ғарыш кемесінің бар құрылысын меңгеру қажет. Әдетте бұған бір жылға жуық уақыт жұмсалады. Ғарыш кемесінің жерге оралғандағы қону аймағын болжау мүмкін емес. Сол себепті қалың орманда, тауда, шөлді аймақтарда, тіпті ашық теңізде де жаттығулар өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, ғарышкер «отқа салса жанбауы, суға салса батпауы» тиіс. Ұшуға дайындықтың ең қауіпсіз кезеңі – ас мәзірін әзірлеу. Арнайы мәзір 16 күнге жасалады. Қалыптасқан қағида бойынша тамақ ыдысқа емес, шағын пластик пакетке салынады. Айта кету керек, ас мәзірінде 2000-ға жуық азық- түлік түрлері болады. Олардың дені ғарыштағы адамның денсаулығын бір қалыпта ұстап тұруға арналған.

Басты сұрақ – жоғарыда аталған дайындықтың бәрі ғарышкердің экипаж мүшелерімен бірге ғарышқа ұшуына кепіл бола ала ма? Өкінішке қарай, кепіл бола алмайды. Себебі, дәрігерлік-сараптау комиссиясы кез келген кезеңде ғарышкердің келешегі үшін оны тізімнен алып тастауға толық құқылы.

Ғарышқа қарыс қадам

«Байқоңыр» ғарыш айлағы – ХҒС- ға ғарыш кемесін жіберетін жер бетіндегі жалғыз нүкте. Жоғарыдағы дайындықтан өтіп, экипаж мүшелігіне бекітілген ғарышкерлер орбитаға көтерілуге 2 апта уақыт қалғанда «Байқоңыр» қалашығына арнайы ұшақпен келеді. Екінші ұшаққа негізгі топқа дублер болатын ғарышкерлер жайғасады. Бұл дублерлар футбол командасындағы қосалқы құрам секілді қызмет атқарады. Кез келген күтпеген жағдайда экипаждың негізгі құрамын алмастыра алуы тиіс. Экипаж мүшелерін күтіп алуға келетін журналистер мен тұрғындар арнайы медициналық тексерістен өтуі тиіс. Қауіпсіздік ережелерін сақтау үшін оларға ұшып-қону жолағынан арнайы орын әзірленеді. Ғарыш кемесі орбитаға көтерілгенге дейінгі ғарышкердің әрбір іс-әрекеті бақылауда болуы тиіс. Бұл кезеңдегі аз ғана олқылықтың өзі экспедиция сапасына кері әсер етеді. Ғарыш айлағына табан тіреген сәттен бастап ғарышкерлерге санаулы адаммен ғана тілдесуге рұқсат беріледі. Экипаж мүшелері ұшақтан түскен соң, демалуға қонақүйге барады. Ал, бұл уақытта монтаждау-сынақ алаңында ұшу нүктесіне 2-3 ай бұрын әкелінген ғарыш кемесін экспедицияға дайындау жұмыстары жалғасады. Ғарыш кемесін ұшуға дайындау кесте бойынша жүреді. Мысалы, бірінші күні ХҒС-ға жеткізілетін жүк тиеледі, екінші күні кеменің газ араластыру жүйесі оттегімен толтырылады. Осы сынды бірқатар күрделі операциялар аяқталған соң экипаж бортты тексереді. Экипаждың негізгі және қо с а лқы құрамы ғарыш айлағына екі автобуспен жеткізіледі. Мұндай автобус әлемде екеу ғана. Ғарышкерлерді дайындау орталығының арнайы тапсырмасымен құрастырылып, ғарыш әлемін зерттеуге 30 жылдан бері қызмет етіп келеді. Көліктегі термореттеу және ауа желдету жүйесі ғарышкерлер скафандрға кірген күні іске қосылады. Бұл күні автобус стерильді аумаққа айналады. Бөгде адамдарға мінуге рұқсат берілмейді. Ұшуға 12 күн бұрын ғарышкерлер старт алдындағы дайындықтан өтіп, кемемен танысады. Олардың әрқайсысы үшін «ложемент» креслосы әзірленеді. Кресло әр ғарышкердің анатомиялық ерекшелігіне сай жасалғандықтан, сапасында ешқандай мін болмағанына баса назар аударады. Содан кейін экипаж командирі мен борт инженері «Союз» кемесінің борт құжаттарын тексереді. Байланыс және навигация құралдарын сынақтан өткізеді. ХҒС- ға жеткізетін жүктің құрамымен танысады. Кем-кетіктер болса, ескерту айтылады.

Келесі күні ғарышкерлер салтанатты шараға қатысады. Шара аясында ғарышкерлер өз елдерінің туын көтереді, журналистермен сұхбаттасады. Ал, дайындықтың келесі бөлігі медициналық тәртіп бойынша көптің көзінен тасада өтеді. Экипаждың жатын орындарына ешкімді жібермейді. Ұшуға дейінгі аралықта жаттығу бағдарламасы үзбей орындалады. «Ортостолда» жиі жаттығу жасалады. Бұл салмақсыздық күйінде қанның басқа қарай құйылмауына оң әсерін береді. Ғарышта спортпен шұғылдану көңіл көтеру немесе хобби емес, кәдімгі өмірлік қажеттілік саналады. Стартқа бір апта қалғанда, ғарыш кемесі бірнеше операциялардан өтеді. Жүк тиеліп, жанарма й құйылған соң, «Энергия» ракеталық корпорациясының мамандары мен «Южный» ғарыш орталығының мамандары кеменің сызбасы бойынша дәлдігін тексереді. Көлденең қалыпта кемеге сыртқы қабаты кигізіледі. Осы сәтте ғарышкерлер кемені соңғы рет тексеріп, қабылдап алады. Дайындықтың келесі кезеңінде кеме зымыранмен, апаттық құтқару жүйесі және бас бөлігімен бірігеді. Осы процестерден кейін мемлекеттік комиссия кемені старттық кешенге тасымалдауға шешім шығарады. Кемені ғарыш айлағына алып шығу әрдайым таңғы уақытта өтеді. Дәстүр бойынша бұл проце сті барлық мамандар мен журналистер тік тұрып тамашалайды. Космодромның қауіпсіздік қызметі мен полиция аумақ пен әуенің тыныштығын қатаң бақылауға алады. Монтаждау-сынақ алаңы мен старт аумағының арасы бес шақырым. Осы аралықта кемеге ешқандай зиян келмеуі тиіс. Старт аумағында күшейтілген режимде 500 адамға дейін жұмыс істейді. Соңғы дайындыққа бір күн уақыт кетеді. Алайда, күтпеген жағдайлар үшін қосымша тағы бір тәулік қарастырылған. Ұшар алдында ғарышкерлер айналадағы адамдармен тек әйнек арқылы тілдеседі.

Старттан бір күн бұрын Байқоңырда тыныштық күні жарияланады. Ғарышкерлер ұшуға алты сағат қалғанда, жатын орындарындағы есікке автограф қояды. Бұл – талай жылғы дәстүр. Ары қарай космодромға аттанады. Арнайы автобусқа көпшілік экипаж мүшелерін «Земляне» тобының ғарышкерлердің ұранына айналған «Трава у дома» әнімен шығарып салады. Космодромда скафандрға кіру сынды соңғы дайындықтар жүзеге асырылады. Старт алаңына келген соң, командир экипаждың дайындығын соңғы мәрте хабарлайды. Естелік суретке түскен соң, ғарышкерлер зымыранға бағыт алады. Ұшуға екі сағат, екі минут қалғанда, экипаж арнайы лифтіде кемеге көтеріледі. Дәрігерлер жердегі орталықтан экипаж мүшелерінің денсаулығын бақылайды. Осы екі сағат ғарышкерлер мен жердегі мамандар үшін ауыр әрі күрделі сәт болып саналады. Психологиялық қолдау тобы ғарышкерлердің көңіл-күйін бір қалыпта ұстау үшін эфирге музыка қосады. Стартқа жауапты мамандар арнайы бункерде жағдайды бақылауда ұстайды. 10-нан 1-ге дейін кері санап, кемені іске қосады. Осы сәтте кеме от алып, көкке көтеріледі. 9 минуттан аса уақытта кеме ғарышқа енеді. Ал ХҒС-ға жетуге алда 6 сағат уақыт бар. Борттағы салмақсыздықтың ойыншық түріндегі индикаторы кеме ішінде қалықтай бастайды.

Халықаралық ғарыш станциясы, қысқаша ХҒС (ағылш. – International Space Station, ISS) – көпмақсатты ғарыш зерттеу кешені ретінде басқарылатын орбитальды станция. ХҒС – барлығы 15 мемлекет – Бельгия, Бразилия, Ұлыбритания, Дания, Испания, Италия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Ресей, АҚШ, Франция, Швейцария, Швеция, Жапония қатынасатын бірлескен халықаралық жоба. 1984 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган америкалық орбитальды станциясының құрылуы бойынша жұмыстың басталуы туралы хабарлама жасады.

ХҒС-ның көлемі салыстырмалы түрде үлкен футбол алаңымен бірдей. Бұл ғарыштық арақашықтықпен есептегенде бір ғана нүкте іспетті. Соңғы бес жылға дейін кеменің станцияға жету ұзақтығы екі тәулік, яғни жерді 34 рет айналу уақытымен есептелген. Ал, қазір бұл процесс алты сағатты құрайды. Кеменің көкке көтеріліп, орбитаға енуіне 6 сағат уақыт кетеді. Бұл уақытта экипаж мүшелерінің салмағы 4 есе ауыр күйге түседі.

ХҒС-да ғарышкерлер немен айналысады?

Әрине, ғылыммен! ХҒС – ең үлкен ғарыш лабораториясы. Ғарышкерлердің мойнында экологтар мен геофизиктердің берген тапсырмалары тұрады. Эксперименттердің саны өте көп. Олардың нәтижелері жердің келешек ғұмыры үшін аса маңызды. Ұзақ уақытқа жоспарланған ғарыш сапарында әрбір ғарышкер ең болмағанда бір рет ашық ғарышқа шығады. Бұл процесті жүзеге асыру барысында да космостық объектілердің салмақсыздық күйіндегі жағдайы сынды зерттеулер жүргізіледі. Халықаралық ғарыш кемесіндегі өмірдің өзі – үлкен эксперимент. Себебі, жердің бетінде ол күйді бастан өткеру мүмкін емес. Жердегі ахуал басқа, ғарыштағы адамның физикалық жағдайы мүлде бөлек. Мысалы, салмақсыздық күйінде адамның бойы 2 сантиметрге ұзарып кетеді. ХҒС-дағы ұйқы мен тамақтану да экспериментке жатады. Мысалы, ғарышкерлер Скотт Келли мен Михаил Корниенконың бір жылдық экспедициясы кезінде екеуі тұңғыш рет «Флюид Шрифт» экспедициясын өткізді. Олардың орбитаға көтерілуіне бірнеше жылдар қалғанда америкалық дәрігерлер NASA астронавттарының денсаулығына алаңдай бастайды. Ғарыш станциясында жарты жылдан аса уақыт өткізген ғарышкерлердің көздерінің көру деңгейі 20-30 пайызға төмендеген. Мамандар бұл зерттеудің мәселенің неден туындағанын дөп табуға септігі мол болғанын айтады. Сондай-ақ, ХҒС-да ғарышкерлер әртүрлі объективтермен аспан денелерін, жерді, күннің батуы мен таңның атуын суретке түсіреді. Жыл өткен сайын ХҒС түрлі жабдықтармен толықтырылуда. Зерттеулер жүргізу оңайланып, өмір сүру барынша қолайлы болып келеді. Тәртіп бойынша әр ғарышкердің жеке каютасы, яғни өзінің жатын бөлмесі болады. Жермен байланыс орнатуға, ғарыш орталығынан тапсырма алуға, туыс- туғандарымен хабарласуға арналған ноутбук та бар.

ТҮЙІН:

Соңғы бес жылда ғарышты бағындыру аясы ұлғайып кетті. Бұған себеп – Илон Масктың ғылымдағы батыл қадамдары. Мәселен, ол өзінің SpaceX ғарыш компаниясы арқылы орбитаға бірнеше кәсіпкерді жіберді. Демек, қалтаңызда 60-100 миллион АҚШ доллары болса құс жолымен қауышып, жердің бетін ту сыртынан тамашалай аласыз. Әлемдік ғылымның деңгейі жыл, ай, апта, сағат санап өсіп жатыр. Демек, ғарышты игеру тек Байқоңырмен шектеліп қалмақ емес.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support