Күйші туралы көркем кітап

Күйші туралы көркем кітап
ашық дереккөз
Күйші туралы көркем кітап
Жайшылықта талантты тұлғалардың қадірін біле бермейтініміз өтірік емес. Бірақ, өмірден өткен кісілерге жылы сөзімізді аямай айтатынымыз тағы бар. Біз тіл маманы, озат ұстаз Раушан Әбуевамен белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевты соңғы сапарға шығарып салуға бара жатып таныстық. Оның Желдібаев жазған шығармаларды құрастырып, кітап жазғаны назарымызды аударды. Жақында Байзақ ауданының орталығы Сарыскемер ауылына Раушан Бәкірқызын арнайы іздеп бардық. Ол бізге 360 беттік «Сырлы саздың сыңғыры» атты кітапты әкеліп көрсетті. Күйші Әбдімомын Желдібаевқа арналған кітап бұрынғы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің алғысөзімен ашылыпты. Аталған жинаққа Әбдімомын Желдібаевтың 10 күйі, 16 әні нотасымен енген. Одан бөлек, 9 күйінің партитурасы қамтылған. Мұнда ел ардақтаған күйшінің 35 шығармасы таспаға басылып, музыка мамандарының назарына ұсынылып отыр. Бұл кітапқа елімізге танымал ақындар Қадыр Мырза Әли, Шөмішбай Сариев, Тынышбай Рахым, Әбдірахман Асылбеков және жерлестеріміз Әнуарбек Жүнісалиев, Болат Бекжанның сөзіне жазылған Әбдімомын Желдібаевтың әндері еніпті. Бұл кітаптың шығуына не себеп болды? Раушан Әбуева ол туралы да айтып берді. Сексен жасқа толғанша «Ерке сылқым» күйі әлемді аралап кеткен әйгілі күйшінің шығармаларын жинақтаған бірде-бір кітап болмаған екен. Ал, 80 жылдық мерейтойы кезінде Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 100 данамен «Ерке сылқым» атты 100 беттік жинақ шығарыпты. Аталған кітаптың алғысөзін жазған – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Қосақов. Бар еңбек осы ғана. Бұл жағдай Раушан Бәкірқызын ойға қалдырып, ұстазының шығармаларын жинақтап кітап құрастыруды қолға алады. Бұл кісі Әбдімомын Желдібаевқа қалай шәкірт болып жүр, енді осы жағына келейік. Раушан Шу ауданының Балуан Шолақ ауылында туып, осындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепте білім алады. Мектеп табалдырығын аттағаннан ән айтып, домбыра шертуге үйір болады. Сол жылдары Шу ауданының орталығында тұратын Әбдімомын Желдібаев жыл сайын ауыл-ауылдарды аралап, талантты оқушыларды жинақтап жүреді. Мақсаты – көркемөнерпаздардан құралған «Шу еркесі» оркестрін құру. 1975 жылы 5-сынып оқитын Раушан Бәкірқызы да тізімге алынады. Қаршадай қыз сол уақыттың өзінде «Кеңес», «Қос алқа», «Ерке сылқым» күйлерін тарта бастаған. Содан, орта мектепті бітіргенше бес жыл бойы аудандық көркемөнерпаздардан құралған оркестрде домбырада отырады. Оркестр жетекшісі және ұйымдастырушысы – Әбдімомын Желдібаев. Желдібаев жетекшілік ететін бұл оркестр сол кезде республикалық қазақ теледидарының «Алтыбақан» бағдарламасына арнайы түскен екен. Мектеп бітірер сәтте Әбдімомын Желдібаев шәкірті Раушанның үйіне арнайы келіп, әкесіне қызды Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияға апаруды өтініп, болашағы зор екенін айтыпты. Бірақ, әкесі Бәкір қызының музыка маманы болғанын қаламапты. Раушанның өзі де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандай бастаған кез екен. Содан сол кездегі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, 1986 жылдан Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандарында үздіксіз ұстаздық қызмет атқарып келеді. Бірақ, әншілік, күйшілік өнері де кенжелемей, өзімен бірге дамып отырған. Ал, қызы Мерей Әбуева анасынан дарыған өнерді дамытты. Қазіргі таңда Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты. Біздің көңілімізді тербегені Раушан Бәкірқызының өнердегі ұстазы Әбдімомын Желдібаевқа құрмет жасап, шығармаларын жинақтап, кітап етіп құрастыруы. Ұстаз еңбегінің өтелуі, өнердің мәңгілік жасай беретінінің бір дәлелі осы болар!  

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар