Аумақтық қорғаныстың ахуалы сараланды

Аумақтық қорғаныстың ахуалы сараланды
ашық дереккөз
Аумақтық қорғаныстың ахуалы сараланды
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штабында командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуы өтті. Оны жүзеге асыру барысында әскерилер аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің әрекет ету механизмі мен арнайы алгоритмін әзірледі. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабы бастығының жетекшілігімен өткен кезекті оқу-жаттығу шарасының аясы кеңейіп, бұл жолы түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері, атап айтқанда, қорғаныс істері жөніндегі және төтенше жағдайлар департаменттерінің, шекара қызметінің, ұлттық ұланның өкілдері қатысты. Дегенмен, оқу-жаттығудың негізгі қатысушылары оңтүстік өңірдің аумақтық қорғаныс бригадалары болды. Әртүрлі сипаттағы қауіптер туындаған кезде жаппай жұмылдыру резервіне қатысты мәселелерді шешудің негізгі ауыртпалығын аумақтық қорғаныс бөлімшелері көтереді. Ал, оның құрамына әскери дайындықтан өткен, біліктілігі жоғары, әскери міндетті азаматтар кіреді. Ал, егер қауіп төнген кезеңде ел мен әскерге қосымша күш қажет болса, әскери міндетті азаматтар аумақтық қорғаныс әскерлерінің қатарына қосылуы қажет. – Аумақтық қорғаныс бригадаларының маңызды міндеттерінің бірі – ерекше кезеңде облыстың барлық нысандарын күзет пен қорғанысқа алып, сол арқылы тұрақты армияны бұл міндеттерден босатамыз. Яғни, ерекше кезеңде Қарулы Күштер кәсіби жауынгерлік тапсырмаларды орындайды, ал аумақтық қорғаныс бөлімшелері халықты қорғау, елді мекендерді, әскери және мемлекеттік объектілерді қорғау функцияларын өз мойнына алады. Бейбіт уақытта Қарулы Күштердің саны шектеулі, ал аумақтық қорғанысты ұйымдастыру күш құрылымдарының орнын толтырады және мемлекеттің қорғаныс қабілетін тиісті деңгейде ұстауға көмектеседі, – дейді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Әлжан Хамзин. Нақты қалыптасқан аумақтық қорғаныс жүйесі мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі әскери ұйымды күшейтеді, соғыс жағдайларында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін жағдай жасайды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің құрамындағы барлық облыс орталықтарында, атап айтқанда, Қызылорда, Тараз, Түркістан және Шымкент қалаларында аумақтық қорғаныс бригадалары құрылып, жұмыс істеуде. Командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуына барлық аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері қатысты. – Біз үшін бригадаларды жұмылдыру және жауынгерлік әзірлікке келтіру мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті әскери басқару органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру маңызды. Аумақтық қорғаныс бригадаларын орналастыруды, облыстың әскери басшылығының жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын егжей-тегжейлі талқылау әскери күштердің де, аумақтық әскерлердің де қорғанысқа тартылған іс-қимылдарының ретін жоспарлауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Оңтүстік» әскерлері штабының бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаев. Біліктілікті шыңдап, тәжірибе алмасу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар