- Advertisement -

«Дені сау ұлт қана ұлы істерді атқарады»

12

- Advertisement -

Жуырда ғана Атырау қаласында Ұлттық Құрылтай өтті. Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық, әлеуметтік, рухани салаларындағы өзекті мәселелерді сөз етіп, бірқатар тапсырмалар берді. Президент ынтымақ пен бірлік – барлық жасампаздықтың бастауы дей келе, Парламенттің сапалы заңдарды қабылдауын соның бір тетігі деп көрсетті. Осы орайда біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымоваға бірнеше сауалдармен қайырылған едік.

– Гүлдара Алданышқызы, сізді Жамбыл облысының халқы жақсы біледі. Ұзақ жыл бойы облыста медицина саласында жемісті еңбек еттіңіз. Қалалық, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде сайлаушылардың сенімін ақтадыңыз. Бүгінде Парламент Мәжілісінің депутатысыз. Алайда, сайлау алдындағы бағдарламалаңыз жайлы, оны депутат ретінде жүзеге асыру бағытында бір жыл көлемінде халыққа есеп беретін кезіңіз жеткен сияқты…

– Өзіңіз білесіз, тап осыдан бір жыл бұрын бірмандатты 16 округ бойынша сайлауға түсіп, заң шығарушы биліктің жоғарғы органы Парламент Мәжілісіне депутаттыққа өткен едім. Артынша халық қалаулысы ретінде жауапты жұмысқа кірістік. Біздің Палата Мәжілісі 98 депутаттан тұрады, оның 29-ы бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайланған.

Мәжілісте 7 комитет бар. Мен әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесімін. Бірмандатты 16 аумақтық округ бойынша Мойынқұм, Шу, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Байзақ және Сарысу аудандарынан сайландым. Сайлау алдындағы бағдарламам бойынша аталған аудандардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлар бойынша туындаған өзекті мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып келемін.

Сайлаушылармен кездесу барысында халықтың елді-мекендердегі инфрақұрылым игіліктерін толық мақсатта көрмей отырғанына, медициналық қызметтің сапасының төмендігіне, дәріхана жұмысының ала-құлалығына, тұрғындардың ауызсумен толық қамтылмағанына, алқаптарға арналған ағын судың тиімді пайдаланылмай жатқандығына, егістік пен жайылым жерлерді пайдалануда шешімін күтіп жатқан мәселелердің барлығына толық көзім жетті.

Алғашқы күннен бастап-ақ аудандарды аралап, халықпен жиі кездесіп, көтерілген мәселелерді Мәжілісте айтып келемін. Былтырғы сәуір айынан бүгінге дейінгі аралықта 15-тен астам жұмыс тобына мүшелікке кірдім. Сөйтіп, заң жобаларын әзірлеуге қатыстым. Бір заң жобасына жетекшілік жасадым. 400-ге жуық өтініш, хаттармен жұмыс істедім. Бұдан бөлек, жеке мәселелерімен де қайырылатын азаматтар көп. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың кейбір мәселелері сол жерде шешілді, шешімін таппағандарын тиісті құзыретті органдарға жеткіздім. Он айдың ішінде Үкіметке 12 депутаттық сауал жолдадым.

Мысалы, менің алғашқы сауалдарымның ішінде медициналық қызметтің сапасы, қолжетімділігі, туберкулез ауруы, медицина маманының мәртебесін көтеру туралы өзекті мәселелер бар.

Былтырғы жылы Жамбыл облысы ағын су тапшылығын айтарлықтай сезінді. Алқаптарға су келмей, егін шықпай, дихандар үлкен шығынға ұшырады. Өңірдің 6 ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялауға тура келді. Мәжілісте осы мәселені көтеріп, ағын су көлемінің азаюына байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдадым.

Аймақтың суармалы жерлерін сумен қамту тиісті министрлік пен «ҚазСуШар» мекемесінің мойнындағы міндет. Аталған кәсіпорын 4 жыл бұрын Халықаралық қаржы ұйымының несиесімен екі жобаны жүзеге асыра бастады. Құны 40,0 миллиард теңге. Мақсат – алқаптарды сумен қамтып, суару жүйесін жақсарту. Нақты нәтижеде 114 мың гектар алқапқа су жеткізу керек еді. Бірақ қыруар қаржының құрылысы аяқталмай, жоба жүзеге аспай қалды. Соның зардабын шаруалар тартып отыр.

«Қарызға алынған қаражат қайда жұмсалды? Оны кім өтейді?», – деп Үкіметке сауал қойдым. Қаржыны талан-таражға салғандар бойынша қатаң тексеру жүргізуді сұрадым. Нәтижесінде комиссия құрылып, тиісті жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Су бізге көрші елден келетіндіктен, су алу бойынша Қырғыз билігімен дер кезінде келісімшарттар жасалмағандығын сынға алдым. Соның нәтижесінде, былтыр тіршілік нәрі тапшылығынан еңбегі еш кеткен дихандардың шығынын өтеу үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Өтемақы әр шаруаға әділ түрде жетуі керек, әрі келген шығынға сай төленуін де өз тарапымнан қозғадым. Нәтижесі жаман емес. Күні кешеге дейін бұл мәселені назарымнан тыс қалдырмай, биылғы жылы да ағын суды шаруалардың егістігіне тиісті деңгейде жеткізілуін қадағалауды алдыма мақсат етіп қойып отырмын.

– Енді медицина саласының маманы екеніңізді ескере отырып, еліміздегі денсаулық сақтаудың жай-күйі туралы да ойыңызды білгіміз келеді. Соңғы кездері Әділетті Қазақстан құру жөніндегі Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік жағдайын, денсаулық сақтау саласын қайта құруда Парламент Мәжілісінің қабырғасында депутаттар денсаулық сақтау мәселесін жиі көтеруде. Соның бірі – өзіңіз. Жалпы, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының қызметіне көңіліңіз тола ма? Әлеуметтік мемлекеттік медициналық сақтандыру жұмысының жиі сынға ұшырауы неліктен? Ауылдардағы, елді-мекендердегі медициналық нысандардың, олардың кадрларының жұмысы қалай? Медициналық қызметтің қолжетімділігі ашық, сапалы болу үшін қандай шаралар жүзеге асырылуы тиіс деп ойлайсыз? Әсіресе, фармацевтикалық саланың Қазақстанда дамымай отырғандығы, ол саладағы жемқорлықтың белең алғандығы туралы сын көп.

– Өте орынды сауал. Дені сау ұлт қана ұлы істерді атқара алады. Ашығын айту керек, медицина саласына жауапты министрлік нәтижелі жұмыстар жүргізіп отыр, әрине кемшіліктер де бар. Әсіресе, маман даярлау мәселесі ақсап келеді. Соның кесірінен денсаулық сақтау мекемелерінде, оның ішінде ауылдарда кадр тапшылығы сезілуде. Несіне жасырамыз, ауылды жерлерге баратын маман аз. Мәселен, бұрын мамандарды мамандығы бойынша оқыту ұзақтығы 7 жыл болса, бүгінде 10-12 жылға созылады. Көз дәрігері, ЛОР, хирург сияқты арнайы мамандарды жеке мамандықтар бойынша қайта даярлау мерзімі де 4-6 айдан екі жылға дейін ұзарып кетті. Бұл тәртіп, қазірдің өзінде тиімсіздігін көрсетуде.

Оның ішінде біздің Жамбыл облысындағы медициналық мекемелер де мамандарға мұқтаж. Мен жаңадан тағайындалған Денсаулық сақтау министріне елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешу жайын айттым. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету бойынша қызмет сапасын жақсартуға басымдық беру керек екендігін айттым. Өйткені, науқастар ең бірінші бастапқы медициналық көмек алуға емханаларға жүгінеді. Халыққа аурудың алдын алатын шараларды, алғашқы медициналық көмекті, емдеуді, диагностиканы жүргізетін, салауатты өмір салтын қалыптастыратынбастапқы шараларды жүзеге асыратын ұйым – медициналық мекеме.

Елімізде фармацевтика саласы біз күткендей дамымай отыр. Елде дәрі-дәрмек дағдарысын болдырмау керек. Бүгінде Отандық фарм-өндірісіміздің үлесі небәрі 30 пайызға жетер-жетпес күйде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы дәрі-дәрмек өндірісін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл импортқа тәуелділіктен арылтатын қадам екендігі даусыз.

Ал, енді дәрі-дәрмек өндірісінде ешкімді айыптай алмаймын. Әрине, жемқорлық жасауды ақтай алмаймыз, ол барлық салада кездеседі.

Өкініштісі, жемқорлық жайында жиі айтамыз, ал оны болдырмауға байланысты нәтижелі қадамдар жоқ. Тиімді тәсілдер, нақты нәтижелерге жету үшін неге әлем елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы оң тәжірибесін пайдаланбасқа. Айталық Израильде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бару – Отанға сатқындық деп саналады. Қытай, Сингапур елдерінің тәжірибесі де баршамызға белгілі.

Жуырда комитеттің отырысында жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқыладық. Жиында сыбайластықпен күрес салғырт екенін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысына айттым. Сондай-ақ, комитет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктен консультациялық-диагностикалық қызметтерді көрсетудегі қаржы бөлудің әділеттілігін сұрадым. Былтыр бұл мақсатқа 100 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде стоматологияға 31 миллиард теңге бөлінді. Неге мұндай артықшылыққа жол берілді? Ал, 69 миллиард теңге басқа ауруларға және КТ, МРТ, ЭКГ, УДЗ, рентген, лабораториялық зерттеулер және тағы да басқа көптеген қызметтерге, барлық дәрігер кеңесі секілді қызметтеріне бөлінген. Бұл жерде жемқорлық белгілері бар деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, 2019 жылы тегін дәрі-дәрмек алу үшін 23 миллиард теңге бөлінген. Ал, биыл 209 миллиард теңге қаралды. Қыруар қаржы бөлінген соң дәрілер сапалы болуы керек. Денсаулығына қажетті дәрі-дәрмек үшін соңғы тиынын санап беретін науқастардың ақшасы ақталуы керек.

Ал, сіз айтқан «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесі қазіргі таңда өз жұмысын ақтамады. Халық тарапынан, сала мамандары тарапынан шағымдар өте көп. Бүгінде сақтандыру саласына түбегейлі өзгертулер мен реформалар керектігіне көзіміз жетіп отыр. Сақтандырылмаған азаматтардың саны 3,5 миллионнан адамды құрайды, олар да медициналық көмекке мұқтаж. Тіпті, сақтандырылған азаматтар да уақытылы дәрігер кеңесін ала алмайды, порталға тұрудың өзі сарсаңға салады, оны біраз уақыт күтуге тура келеді. Мұның бәрі жеткіліксіз қаржыландырудан. Дамыған елдердегідей біздің азаматтарға да өзі таңдаған дәрігер үнемі қолжетімді болса деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетерлігі, медициналық мекемелердің құрылысының сапасы мемлекеттік тиісті деңгейде бақыланбай отыр. Мысалы, өзім ауылды жерлерді аралаған кезде кейбір жаңа мемлекеттік медициналық нысандардың сапасы талапқа сай еместігін көрдім. Бұл мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыстың жоқтығын аңғартады. Тағы бір айтып кететін жайт, бір медициналық нысан салғанда оған екі нысанның қаржысын жұмсайтындар да кездеседі. Жемқорлықпен күресетін құзырлы органдар нысанның қазығы қағылғаннан бастап, қадағалау жасаса сапа туралы сөз болмайтын еді. Қаржы жымқыру дерегі де болмас еді деп санаймын.

Бұл салада айта берсе шешімін күтіп тұрған мәселелер жеткілікті. Мемлекет басшысы медициналық қызметтің сапасын жақсартуды, қолжетімділігін жолға қоюды, кадрлардың біліктілігін арттыруды ылғи айтып келеді. Біз депутаттар денсаулық сақтау саласының қызметтерін реттейтін сапалы заңдарды дайындауға күш сала береміз.

– Депутаттарымыз құмар ойындар, зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобаларын дайындап Парламенттің қарауына ұсынуды Үкіметтің кешіктіріп отырғанын сынға алуда. Тіпті Құрылтайда Мемлекет басшысы осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, заңды жедел қабылдау жөнінде тапсырма берді. Жайбасарлықтың себебі неден деп түсінесіз?

– Лудомания – қоғамға қатер төндіріп тұрған дертке, талай шаңырақтарды шайқалтып, тату тұрып жатқан отбасы ортасына от салып жатқан кесірлі әдет, кесапат, індетке айналды. Лудомания – құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамдардың ауруы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде бұл дертті аурудың бір түрі деп таныды. Құмарпаздардың қылығы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады десекте болады. Ал, сорақысы бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып, буыны бекіген азаматтарды да «алып жықты». Соңғы үш жылда қазақстандықтар құмар ойындарға 1 триллион теңгеден астам қаражат салған. Статистика сандарына сүйенсек, елімізде 350 мың адам құмар ойынға тәуелді.

Құмар ойындарын құрастырушылар онлайн нұсқадағы оңай қолжетімді ойындар ойлап тапты. Кез-келген жастағы азаматқа қолжетімді болған соң, ол бұрынғыдан да бетер қауіпті болып тұр. Осындай орасан зор қауіп төндіріп тұрғандықтан, Президент бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көтеріп, құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Сондықтан депутаттар шектеу шарасын заң жүзінде бекітуді қолға алдық. Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетіндегі әріптестерімізбен жаңа Заң жобасын енгізуді ұсындық.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен лудомания және букмекерлік кеңселердің қызметі мәселелері бойынша Amanat фракциясының кеңейтілген жиынын да өткіздік. Еліміздің әрбір бесінші азаматы құмар ойындармен әуес, не оған қандай да бір қатысы бар. Олардың аудиториясын 14 пен 40 жас аралығындағы адамдар құрайды.

Осыған байланысты партия фракциясы лудоманиямен күрес жөніндегі төмендегідей шараларды көздейтін заң жобасын қарады: біріншіден, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын шектеу. Яғни, түрлі ғимараттар мен интернет беттерінде жарнамаларға тыйым салу. Екіншіден, 25 жасқа дейінгі азаматтарды құмар ойындарға тартқан заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу. Ал, үшінші кезекте берешегі бар борышкерлерді құмар ойындар мен бәс тігу орындарына баруға тыйым салуды енгізуді көздейді.

Иә, рас айтасыз соңғы жылдары Үкімет заң жобасын біздің қарауымызға ұсыну жағын кешіктірді. Бірақ бүгінде Министрлер кабинеті түйткілді сауалдарды шешу жолдары бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда жаңадан жасақталған Үкіметке зор үміт артып отырмыз.

Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы Мәжілісте қаралды. Заң аясында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Бірнеше бағыттағы заң жобалары Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленген.

Жаңа заң жоба баланы өлтіргені немесе педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын беруді қарастырады. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл түріндегі жаза не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу нормасы енгізілген. Ұрып-соққаны үшін 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу шарасы енді. Тарқатып айтатын болсақ, ұлттық қауіпсіздік үшін, әсіресе болашағымыз үшін кесапатты құбылыстарға қарсы нақты заң қабылдап, қоғам болып қарсы күреспесек, бұл дертті жою оңай болмайын деп тұр. Бірақ, ұлтымыз, намысты ұрпағымыз жаман нәрселерден аулақ болады деп сенейік.

– Өзіңіз білесіз, Отбасы және некені сақтау Қазақстанда өте өзекті мәселеге айналды. Ажырасу жөнінен Қазақстан Орта Азия мемлекеттері арасында көш бастап тұр. Өзіне-өзі қол салу, балаларды зорлау мен педофилдік өршігені соншалықты, ол ұлтымыз үшін қасіретке айналды. Ұлтымызға жат осындай кесапаттардың өршуіне не себеп деп ойлайсыз? Бұқаралық ақпарат құралдарының халыққа тәрбие берудегі жұмысына көңіліңіз тола ма? Әйел-ана ретінде Қазақстанның ұлт тәрбиесінің болашағын көзіңізге қалай елестетесіз?

– Ең бірінші, отбасындағы тәрбие туралы айтайын. Мызғымас тәрбие – мығым отбасының кірпішін қалайды. Үлкендер сыйластығына сызат түссе – балалар бұзылады. Сондықтан «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деп дана қазақ бекер айтпаған. Қостарап жұп жарастырып, некеге отырды ма, ажыраспауға ұмтылу керек. Ажырасу ата-ананы алыстатқан соң, балалардың психологиясы бұзылады. Әке – әке орнында, шеше – шеше орнында тәрбие мен тәлім беру керек деп санаймын. Өйткені, бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды. Ал жаңадан отау құрған жас отбасыға ата-аналар қолдау көрсеткендері жөн. Несіне жасырайық, ене мен келін арасындағы мыңдаған жылдары бойы қалыптасқан сыйластық тәрбиесі азайып барады.

Ұлт пен ұрпақтың біте қайнасып дамуы әуелі отбасындағы оттың сөнбеуінен, құндылықтардың сақталуынан басталады. Қазақтың ертеден жалғасып, ежелден келе жатқан салт-дәстүрінің өзі – үлкен мектеп. Қай-қай дәстүрімізді алсақ та жанұя татулығын жарастырып, берекесін арттыруды көздейді. Сондықтан салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеп отыру – барлық буын өкілдерінің міндеті деп санаймын. Асыл мұра деп айтуымыз да бекер емес. Ар жағында адамдар тағдыры мен аралас-құраластықтың шарапаты жатыр.

Мен айтар едім, жастар жұбын жазбай бірге болуы үшін – сана биігінде «сөйлесе» алу керек. Сонда ғана әлеуметтік мәселелер аяқтан шалмайды. Отбасын құратын жастар алдымен алдағы күнге жоспар жасап, кіріс пен шығыс, алыс-беріс пен барыс-келіс мәселелерін електен өткізіп отырса, шаңырақтың шайқалуының алдын алар еді. Соңғы статистика деректеріне қарасақ, елімізде некеге тұрған әрбір үшінші отбасы ажырасып кетеді екен. Бұл деген қауіпті құбылыс. Тараптар тату болмаса тастанды ұл мен тасжүрек қыз көбейеді. Бұл жағымсыз тенденция ұлттың тәрбиесіне сына қағатыны сөзсіз.

Осы орайда, айта кететін нәрсе, елімізде екі жақты татуластырып, ортақ мәмілеге шақыратын «Отбасын қолдау орталықтары» жұмыс істейді. Алайда, мұндай орталықтың барынан халық хабарсыз. Теңізге тамған тамшыдай болса да жұптарды жарастырып, берік байланыс орнатуда осындай орталықтардың үлесі бар.

Ал, енді өзіңіз айтқандай БАҚ құралдарының халыққа тәрбие беруде орны бөлек. Рас, елді эфир тәрбиелейді. Бірақ бүгінде әлеуметтік желінің үлес салмағы артып бара жатқандай. Аудиториясы ауқымды. Бұрынғыдай көгілдір экраннан көз алмай, телеарналарға телміріп отыратындар көп емес деп ойлаймын. Дегенмен дәстүрлі БАҚ өз миссиясын атқара бермек. Сондықтан газет пен ТV – ұлттың айнасы болу керек.

Мемлекет басшысы өз жолдауында 2025 жылға дейін ауыл халқын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берген. Президент жүктеген міндетті белгіленген мерзім ішінде орындау керек. Сондықтан ауылдардағы ауыз су мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдадым.

Елді мекендерді газдандыруды жылдамдату жағын назарда ұстап отырмын. Көгілдір отын кіргізу бойынша аудандардағы халықтың уәжін тиісті тараптарға жеткіздім. Нәтижесінде, Сарысу ауданында 14, Мойынқұм ауданында 9 елді мекенде газдандыру мәселесі шешілді.

Аудандарда өзге де проблемалар жетерлік. Айтар болсам, Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр және Мойынқұм ауданындағы Айдарлы ауылдары Мәдениет үйіне мұқтаж. Мен бұл мәселені көтергеннен кейін өз шешімін тауып, жаңа нысан ел игілігіне берілетін болады.

Меркі ауданы, Ойтал ауылдық округінің тұрғындары теміржол көпірін салып беруді сұрап отыр. 11 мыңнан астам халқы бар Ойтал ауылы және Меркі бекетінде тұратын бұқара теміржол көпіріне зәру. Тұрғындар транзиттік вагондардың астымен өтетін мектеп оқушылары үшін алаңдайды. Өмірлеріне қауіпті өткел екі мектеп пен емхана арасын бөліп жатыр. Ал, ауыл ішімен өтетін теміржол Қырғызстанға қарайды. Бішкек пен Мәскеу арасын жалғайды. Тәулігіне онға жуық пойыз өтеді. Қырғызстан аумағынан шығатын шойын жол Тұрар Рысқұлов ауданындағы Түрксіб станциясына дейін 59 шақырымға созылған. Бұқараның базынасынан кейін көпір салу керектігін көтердім. Бүгінде жобалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Болашақта Меркі станциясын және теміржол бөлігін біздің елімізге қайтару мәселесін көтеремін.

Сондай-ақ, Шу мен Меркі арасын жалғап жатқан автодәліздегі көпір құрылысы уақытылы жүргізілмеуіне байланысты проблеманы көтеріп, қытайлық компанияның ертерек қолға алуын қамтамасыз еттім. Бүгінде жолаушылар көпір игілігін көруде.

Меркі ауданында да мәселе көп. Кеңес ауылының тұрғындары спорт сарайына зәру. Бұған дейін мектепте шыныққан ауыл жастары бүгінде ауылдық Мәдениет үйінде жаттығып жүр. Күреске жазылған 70 бала күніне екі рет жаттығады. Мұнда киім ауыстыру, шомылу бөлмелері мүлде жоқ. Мәдени іс шаралар өтетін кезде спорттық сабақтар жұмысы тоқтайды. Мәселені мемлекеттік органдарға айттым, жауаптылар алдағы 2 жылда спорт кешені салынады деп сендіріп отыр.

Шу ауданы, Дулат ауылдық округі, Қонаев және Балуан Шолақ елді мекендерінде 12 су арнасы тозып кеткендіктен, 2019 жылы жөндеу жұмысы басталған. Жоба құны 3,8 миллиард теңге. Мердігер түрік елінің компаниясы. Бірақ серіктестік жұмысына салғырт қарағандықтан шеттетілген. Ал, 2022 жылы жоба қайта жасалып, «Дүниежүзілік банктен» тағы 4,8 миллиард теңге бөлінеді. 2022 жылдың ақпанында аяқталуы тиіс жоба әлі күнге тұралап тұр. Соның салдарынан бес мың гектардан астам алқап игерусіз, құр шаңы шығып жатыр. Бұл тиісті лауазым иелері тарапынан бақылаудың болмауы, жауапкершіліктің жоқтығы.

Су сұраған Бәйдібек, Бөлтірік шешен елді мекендері тұрғындарымен кездестім. Аталған ауылдарда 140 шаруа қожалық, тағы үш ауылдық округте 300-ге тарта қожалық бес жылдан бері жерге соқа салудан қалған. Қол қусырып қарап отырмыз дейді. Өйткені, су жоқ жерде, өнім өспейді, жұмыс жүрмейді. Судың да сұрауы бар. Тіршілік нәрінен тарыққан елді мекенде ешқандай даму болмайды. Сондықтан суармалы суға қол жеткізу мәселелерін шешу керек. Бас прокуратура мен Үкімет басшысының орынбасарына депутаттық сауал жолдадым. Каналдарға кеткен қаржы мен жүргізілген құрылыс жұмысын тексеруді талап еттім. Жауаптылар вегетациялық кезеңде су беріледі деді. Мәселе менің бақылауымда. Қаржы мониторинг агенттігі тексеріс бастады.

 

Сұхбаттасқан Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

Ақпарат саласының үздігі.

Астана қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support