- Advertisement -

МӘМС: пайда ма, айла ма?

12

- Advertisement -

Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – ұлт саулығын қамтамасыз етудегі маңызды қаржылық тетікке айналып отыр. Себебі, халыққа төленетін еңбекақының белгілі пайызы осы қорға құйылады. Ал, қорға жиналған қаражат бұқараның медициналық қажеттілігін өтеуге пайдаланылады.

Осы тұрғыда Жамбыл облысында 2024 жылы аймақ халқына медициналық көмекті қаржыландыруға 131 854 345 теңге бағытталған. Мұның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) 72 067 229 теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 59 787 117 теңге бөлініп отыр. Ал, 2023 ТМККК-ға 69 529 519 теңге, МӘМС бойынша 51 306 223 теңге бөлінген. Яғни, 2024 жылы қаржыландыру 9,1 пайызға артқан.

Ресми мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысында 1 222 478 тұрғын бар. Соның ішінде сақтандырылғандар 933 526 тұрғын, сақтандырылмағандар 288 952 азаматты құрайды. Оның ішінде жеңілдік санатына кіретіндер – 709 611 адам. Бұл топтағы азаматтар мемлекет есебінен сақтандыру мәртебесіне ие болады. Жалпы, 2017 жылдың шілде айынан бастап 2024 жылдың 31 наурызы аралығында Жамбыл облысы тұрғындарының МӘМС- ке төлеген жарналары 83 миллиард 561 миллион теңгені құраған. Соның ішінде 2024 жылдың үш айында, яғни бірінші тоқсанда 6 миллиард 598 миллион теңге көлемінде қаражат түскен.

Облыстың медициналық мекемелеріне қор 131 миллиард теңгеден аса қаржы бөліп отыр, яғни тұрғындардан түскен жарна қордан бөлінген қаражаттың 10 пайызынан аз ғана асады. Қалған қаражат қордан, яғни жалпы республика бойынша жиналған жарналардан беріліп отыр.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Ләззат Алимованың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы халыққа көрсетілген консультативтік-диагностикалық қызмет саны артқан. Атап айтқанда, компьютерлік томография бойынша 44 970 қызмет көрсетілген. Оның ішінде ересектерге 39 461, балаларға 5509 қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, магнитті-резонанстық томография қызметтерін 42 490 азамат, ересектер 36 678 қызмет, балалар 5812 қызмет алған. Диагностикалық қызметтер ішінде көп пайдаланылатын қызметтердің бірі – ультрадыбыстық зерттеу. 2023 жылы ультрадыбыстық зерттеудің түрлері бойынша 279 724 қызмет көрсетілсе, оның ішінде ересектерге 243 069, балаларға 30 655 қызмет ұсынылған.

Жалпы, тұрғындардан облыстық филиалға «МӘМС үшін ақша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі ме?», «Азаматтардың МӘМС үшін төлеген ақшасы қайда кетеді?» деген секілді сауалдар жиі жолданады екен. Бұл сұраққа филиал басшысы: «Көптеген адамдар МӘМС төлемдері қорға түседі және ол қаражатты өз қалауы бойынша жұмсайды деп қателеседі. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды. Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Яғни, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді», – деп жауап берді.

Оқырман көкейінде «Егер азамат медициналық көмекке жүгінбесе, жарналарын шешіп алу мүмкін бе?» деген сауалдың да болатыны анық. Бұл ретте маман міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы емес, баршаға ортақ жүйе екенін алға тартады.

– Қазақстандық модель пациентке денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемеу үшін әлеуметтік бағдарланған түрде құрылды. Мысалмен қарастырар болсақ, 12 айға дербес төлеуші 2024 жылдың есебі бойынша 51 000 теңге қаржы аударса, бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ, бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады.Тек стандартты сынақтар жиынтығы, гормондарды, инфекциялардың болуын тексеру үшін бірнеше ондаған мың қажет. Егер ультрадыбыстық, кардиограмма, КТ, МРТ және басқа аспаптық диагностика қажет болса ше? Яғни, бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз болуы мүмкін. Сонымен қатар, күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін.

Егер ота жасалатын болса, олардың құны бірнеше миллион теңгеге жетуі ықтимал. Мәселен, нейрохирургиялық оталар 1,5-6 миллион теңге көлемінде. Ал, жүрекке жасалатын оталар 1 миллион теңгеден бастап, 75 миллион теңгенің арасында қаржыландырылады. Мұндай жағдайға тап болған науқас жай ғана қалтасы көтермей, медициналық көмексіз қалады. Өйткені, науқастың МӘМС-ке аударған қаражаты емделуге кететін шығынды жабуға жетпейтін еді. Сондықтан бұл тәсіл науқастың өзіне тиімсіз. Жамбыл облысы бойынша жасалған оталардың ішінде ең қымбат ота – жүрекке қосымша көмек жүйесін енгізу отасы. Оның құны 75 миллион теңге. Соңғы уақытта мұндай ота Жуалы ауданының тұрғынына 2023 жылдың қыркүйек айында жасалған. Қазіргі таңда тұрғынның жағдайы жақсы. Жоғарыда айтылғандай, МӘМС жүйесінің отандық моделінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Ал, сол жерден қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді, – дейді филиал басшысы.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support