- Advertisement -

Қолжетімді баға, сапалы өнім жәрмеңкесі

20

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», деп нақты айтқан еді. Расында ата кәсіп алға жылжымай, экономика еңсе көтермейтіні әу бастан белгілі. Ала жаздай тер төгіп, қақаған қыста қамбасын толтырған шаруалардың еңбегі еш кетпес үшін өнімін тиімді саудалау маңызды болса, тұрғындарға да жерден өнген өнімнің аспандаған бағасы емес, қолжетімділігі мен сапасы басты орында. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін арттырып, Тараз қаласының тұрғындарын арзан азық- түлікпен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп тұрады.

Жер ырысын ел ырысына айналдырған шараға облыс орталығынан бөлек, аудандардағы тауар өндірушілер де белсенді атсалысуда. Дәл осындай берекелі жәрмеңке өткен аптаның соңында «Жастар» аллеясында ұйымдастырылды. Сауда- саттық шарасына Байзақ, Жамбыл, Меркі, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының тауарлары жеткізілді.

Жәрмеңкеде жалпы құны 19,8 милллион теңгені құрайтын 34,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары қойылды. Оның ішінде 7,1 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 2,0 тонна шұжық, 4,3 тонна сүт, 7 мың дана жұмыртқа, 0,6 тонна кондитерлік, 3,4 тонна макарон, 0,1 тонна тұз, 0,6 тонна балық, 3,0 тонна ұн, 2,2 тонна бал және 11,4 тонна жеміс- жидек пен көкөніс өнімдері бар.

– Біз секілді қала тұрғындары үшін мұндай жәрмеңкенің маңыздылығы өте жоғары. Себебі, қазір қаладағы көптеген сауда желілері мен дүкендерде баға қымбат. Ал, арзанын іздеп қала шетіндегі базарға барғаныңмен, үстінен қалған ақшаң жолақымен-ақ жаратылып кетеді. Ал, бұл жәрмеңке қаланың қақ ортасында қолжетімді бағада ұйымдастырылуда. Бұл тұрғындар үшін үлкен жеңілдік, тіпті қамқорлық деп айтар едім. Шағынаудандардағы дүкендердің дені ойына келген бағаларын қоя береді. Сондықтан алдағы уақытта осында әр ауданнан келген өнімдерді қаладағы шағынаудандарға бөліп, арасында көшпелі жәрмеңкелер ұйымдастыру қолға алынса тіпті керемет болар еді,– дейді қала тұрғыны Гаухар Жұмабекова.

Осылайша, аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы нарық бағасынан 10-20 пайызға арзан саудаланды. Берекелі жәрмеңке алдағы аптада да жемісті жалғасын табатын болады.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support