- Advertisement -

Күй мен күйші

542

- Advertisement -

осы  жұрт  Боранқұлды  біле  ме  екен?

Біз қаншама асыл қазыналарын, қасиетті құндылықтарын жоғалтқан елміз. Солай бола тұра кейде қолдағы бардың өзінің бағасын білмей, елеусіз, ескерусіз қалдырып, ұмыта жаздап жүргеніміз аян. Баға жетпес байлығымыздың біразы тым заманауи шығармашылықты ұлықтаудың, жастардың қалауындағы жер-әлемді шырмаған шоулардың тасасында қалып бара жатқандығы қынжылтады. Соның бірі – күй, оның ішінде шертпе күйдің шетқақпай қалуы дер едік.

Күйшілік дәстүрдің арғы-бергі дәуірде қарыштап дамып, кең қанат жайғаны мәлім. Дегенмен, әр өңірде осынау киелі өнердің бертіндегі бірді-екілі өкілі болғанын, олардың артында біраз мұра қалғанын білеміз. Меркі өңірінде өмір сүрген Дүнгенбай, Жамбыл ауданының тумасы Тұраш, Сарысудан шыққан Мәді, Таластың иен даласын күймен күмбірлеткен Өксікбай, Боранқұл сынды күйшілердің шығармашылығы әлі де терең зерттеуді, музыкалық тұрғыда саралап, бағалауды қажет етеді.
Бүгінгі әңгімеміз өткен ғасырдың екінші жартысында есімі елге танылған, Арқа, Қаратау шертпе дәстүрін жетік меңгерген, соңында 40 шақты күй қалдырған Боранқұл Көшмағанбетов туралы болмақ. 1924 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа өңірінде өмірге келген күйшінің балалық шағы заманның қиын-қыстау кезеңіне тап келеді. Ел ауған кәмпеске, ашаршылық жылдары Арқаның біраз жұрты алдымен Шу бойына, кейіннен ежелгі Саудакент жеріне қоныс аударады. Зұлмат жылдардың қиындығын жастайынан көріп өскен Боранқұлдың балалық шағы аттың жалы, түйенің қомында өткенімен, ес біліп, етек жапқан бүкіл саналы ғұмырына Талас өңірі куә болды. Біраз уақыт Қызыләуіт, Ақкөлде оқытушы, мектеп басшысы қызметтерін атқарған ол алпысыншы жылдардың басынан Үшарал ауылының Қайыр елді мекенін өмірінің соңғы жылдарына дейін құтты қоныс етті. Сондағы Абай атындағы мектепке 1963 жылы директор болып тағайындалып, бұл қызметті 1988 жылы зейнетке шыққанша абыроймен атқарды. Бар күш-қуаты мен табиғи талантын киелі күй өнері мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол 2006 жылы өзінің қара домбырасындағы қоңыр күйлеріне ұқсас құба төбел күн кешіп, дүниеден өтті. Енді өмірі мен шығармашылығына қатысты өзіміз білетін біраз жайттарға қысқаша тоқтала кетейік. Ұрпақтарының айтуынша, ол кісінің алғашқы ұстазы, туған нағашысы, Арқа күйлерінің шебер орындаушысы, 50-60 жылдары Сарысу аудандық, Шымкент қалалық атқару комитеттерінің төрағасы қызметтерін атқарған, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Шәмшілдә Әлжанов екен. Ел арасына кезінде кең тараған: «Мал-жан да сенікі, Әлжан да сенікі, Аудан да сенікі, Аужан да сенікі» дейтін қалжың-қанатты сөз осы кісіге байланысты шыққан көрінеді.
Үшарал өңірінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген, ошақты – қоңыр Өксікбай Жидебайұлы деген күйшінің болғанын қазір көп адам біле бермейді. Жуалы өңіріндегі әйгілі Жидебай жайлауы көнекөздердің айтуынша, осы кісінің әкесінің атымен аталған көрінеді. Тәттімбет, Тоқа, Қыздарбек, Баубек, Мақаш, Әбді, Сүгір күйшілерді жетік біліп, тіпті, кейбірінің көзін көрген, өзі де көптеген күй шығарған бұл адамның мұрасы өкінішке қарай бізге жетпеді. Қайсыбір жылы Ш.Әбілтаев Алматыдан арнайы келіп, күйлерін жазып алмақшы болғанда, қолына күбіртке-жара шығып, мүмкіндік болмаған деседі. Артынша елуінші жылдардың соңына қарай кәрілік жеңіп, өмірден өтіп кетіпті. Көзін көргендердің және баласы Іскендірдің айтуынша, өз жанынан көптеген күй шығарған асқан домбырашы, шертпе күйдің шебері болған. Жастау кезінде бір үлкен аста күй тартыс болып, қыза келе аяғындағы етігін шешіп тастап, башпайымен күй тартқан екен. Боранқұл жас­тау кезінде осы ақсақалмен жиі кездесіп, онымен шығармашылық байланыста болғаны, өзіне ұстаз тұтқаны белгілі. Ел арасында айтылатын: «Өксікбайдың біраз күйін Боранқұл иеленіпті» делінетін сөздің ұшығы осынау жақын байланыста жатқаны сөзсіз. Бәлкім, кей иірімдерін, нақыштарын алса алған шығар, бірақ түгелдей қопарып алатын Боранқұлдың өзі де қара жаяу емес. Ауыз әдебиетінің, музыкалық үлгілердің біреуден-біреуге өтіп, өзгеге телініп, басқаның атымен аталып жатуы қазақ фольклоріне тән құбылыс. Өзіміз Өксікбай қарияны естігеніміз болмаса көргеніміз жоқ, ал Бөкеңмен қартайған кезінде танысып-білісіп, күйлерін, олардың тарихына қатысты әңгімелерін біраз тыңдаған едік. Тоқсаныншы жылдары марқұм Әбілсейіт Байзатовпен бірге Үшарал мектептерін аралаған бір сапарда, мектеп директоры Жақсылық Тіленшиевтің үйінде ауыл ақсақалдары Бөлекбай Сауытов, Алматай Төлтаевтар бар, Боранқұл қариямен бірге қыстың ұзақ түнінде жақсы бір отырыс болған еді.
Қария қара домбырасымен көп күй шертіп, ескі әңгіме, шежірелерді таратып, әбден шешілген-ді. Көбі қазір ұмытылған, ешқандай жазбаларында жоқ, «Илан» деген күйінің шығу тарихын ұзақ толғай айтқаны есімде қалыпты. Күйшінің айтуынша, Қайыр ауылында Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың ағасы Кемел деген елге белгілі, қадірлі қария болған. Сол кісі бір жылдары демікпе ауруымен ауырады. Әртүрлі ем-дом жасағанымен, еш нәтиже бола қоймайды. Білетін біреулер «алыс құмның қойнауында илан деген дәрілік шөп өседі, демікпеге мың да бір ем, бірақ оның қандай екенін, қайда өсетінін Бесжүрек деген шал ғана біледі» дегенді айтады. Осыны естіген Кемел қария совхоздан арнайы көлік алдырып, қасына Боранқұлды ертіп жолға шығады. Түгіскен даласын, Досбол құмын бір-екі күн шарлап жүріп, әлдебір қиырдан бір қойшыға көмекші болып жүрген әлгі шалды зорға табады. Өзін әрең көндіріп, қойшыдан бірнеше күнге сұрап алып, дәрілік шөпті іздеуге шығады. Қаншама бел-белестен өтіп, ұзақ-ұзақ жол жүрген бұлар әлдебір биік төбенің жанына жақындағанда әлгі шал еңкілдеп жылай бастайды. Машинаның үстінде шалмен қатар отырған Боранқұл мұны көргесін кабинаны ұрғылап, көлікті тоқтатады. Кузовтан секіріп түскен шал алды-артына қарамай жаңағы биік төбеге қарай емпеңдей жөнеледі. Кемел қария, шопыр, Бөкең үшеуі артынан ереді. Төбенің үстінде жан-жағына тебірене қарап, сақалынан тарамдап жас аққан қария таңғалған бұл үшеуін жанына отырғызып әңгімесін бастайды.
–Жиырма сегізінші жылы аудан құрылып, Үшарал орталық болғанда мен аудандық милицияның бастығы едім. Күзге салым кәмпеске болып, төменгі Талас, Сарысу бойындағы атышулы сегіз байды тәркілеп, өздерін қамап, жер аудару туралы тапсырма алдым. Астымда жарау ат, тақымымда бесатар, айдарымнан жел есіп, байларды ұстауға келе жаттық. Пәлен деген белден асқанымыз сол, алдымызда салқар көш, қаптаған аттылы көп адам көрінді. Бұл не салтанат деп аңтарылып қалдым, сөйтсем, сегіз бай өздері ақылдасып, ауыл-үйді шабынға ұшыратпай, өкіметке өзіміз берілейік деп келе жатыр екен. Бәлкім, өзіміз берілсек, жеңілдік болар деген шығар. Жаңағы салқар көш, қаптаған адам соларды шығарып салушы ағайын-туыс, жақын-жуықтары болып шықты. Мұны білгесін айқайды салып, бесатарды аспанға атып, бәрін қыран жапқандай етіп, елді қуып, байларды аттан түсіріп, жалынғандарына қарамай қолдарын артқа қайырып байлап, жаяу айдадық. «Бай менен молданы қойдай қу қамшымен» деп ұрандатып жүрген кезіміз, ит сілікпелерін шығарып, кейін қалғанын қамшымен осып, осы тұсқа жеткеніміз есімде. Сонда ұзын бойлы, сақал-мұрты бар біреуі топтан бөлініп, осы төбеге қарай жүре берді. Бесатарымды алып, әлгінің ту сыртынан басып қалғалы тұрдым да, әйтеуір өзімді тежеп, ақырын күттім. Бірақ шыдамым бітіп, зығырданым қайнап, қашқын есебінде атып салуға шүріппені баса бергенде жер-дүниені күңіренткен бір құдіретті үн бар маңайды алып кетті. Бүкіл құм төбелер мен сексеуіл, жыңғылдардан шығып жатқандай алапат әуен жер-дүниені жаңғыртып барады. Өзім де біразға дейін есеңгіреп қалып, артынан есімді жисам, жаңағы байлар тізерлеп қалған, сақалдарынан алты тарам жастары сорғалап отыр. Артынан білдім, бұл атақты Ықылас қобызшының баласы Түсіпбек екен. Белбеуіне қыстырған қобызын алып, айнала әлемді елітіп, аңыратты-ай келіп. Осы сәтте жел де тынып, бүкіл жүгірген аң, ұшқан құс түгел тыңдап тұрғандай сезіндім.Бар күшімді жиып, жанына жетіп барып, қобызды жұлып алып жерге бір-ақ ұрып күл паршасын шығарғанымды білемін. Осыдан кейін-ақ өн бойым ауыр тартып, денем дел-сал болып, өз-өзіме ие болудан қалдым. Қобыз үні жетті ме, манағы кетіп қалған қалың ел қайта шауып, «ой-бауырымдап» ат қойып, түгел төңірекке толып кетті. Екі-үш ту биені сойып, ән салып, күй тартып, түнімен салтанат құрды. Көзім бақырайып, ештеңеге шама жоқ, бергендерін ішіп-жеп мен отырдым. Ертеңіне ел қайтып, байларды Үшаралға алып кеп, шомқораға біраз күн қамадық. Ол кездегі түрменің түрі осы. Аласалау жерінен аттап өтіп, дәреттерін алып, қайта келіп намаздарын оқып, шапандарын жастанып жата беруші еді жарықтықтар. Мұнда да маңайдағы елден күніне табақ-табақ сыбаға, саба-саба қымыз келіп жатты, не керек артынша бәрін «пұртоколдап» итжеккенге айдаттық қой. Міне, шырақтарым, жастығымда ақымақтықпен өкіметтің айтағына еріп, дүйім ел төбесіне көтерген қасиетті жандарды жазықсыз қорлағанымның салдарынан күні бүгінге дейін басымда үйім, бауырымда бала-шаға жоқ, ғұмырым әр қойшының босағасында отын жағып, күл шығарумен өтті. Бұл дүниенің қысастығы о дүниеге кетпейді екен. Мына төбенің бауырына келгенде әлдеқашанғы сол оқиға есіме түсіп, сендерге шерімді тарқаттым. Мен енді көп ұзамаспын, осындай бір жетім шал болған еді деп естеріңе де ал демеймін, тәубеме келсем де мен әлдеқашан Құдайдың қарғысына ұшыраған жанмын, тек жақсы мен жаманды айыра алмай адамды ақылынан алжастырар алмағайып заман сендердің бастарыңа тумаса екен деп тілеймін, – деп қария әңгімесін тәмамдаған еді.
Бөкең өзі куә болған осы жағдайдан керемет әсер алып, артынша аталмыш күйді шығарғанын айтып, тебірене орындаған еді. Бірнеше тармақтан тұратын, иірімдері күрделі, Әбдидің «Зар қосбасары», Сүгірдің «Кертолғауы» сарындас осынау күйдің сақталмай, ең болмаса нотаға түспей, автордың өзімен кеткені өкінішті.
Әрине, бұлай дегенде, ол кісі еш уақытта ешқайда шықпаған, өнерлі ортаға беймәлім, мемлекет қамқорлығын көрмеген деген ой тумаса керек-ті. Жас кезінде А.Жұбанов өнерін бағалап, бағыт-бағдар беріп, шертпе күйді өмірлік серік етуді ұсыныс ретінде айтса, І.Жақанов Алматыға арнайы шақыртып, радиоға біраз күйлерін жаздырған. Бөкеңнің «Кеңжайлау күйі» мемлекеттік Құрманғазы атындағы оркестрдің репертуарынан орын алған. Қазақ радиосынан кейбір күйлері ара-тұра әлі де беріліп тұрады. 1987 жылы Мәскеуде өткен Бүкіл Одақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанған. Жақын білетіндердің айтуынша, ол кісі өте қонақжай, үйінен қонақ үзілмейтін, көпшіл адам болған деседі. Осы қасиетінен шығар, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ш.Қалдаяқов, А.Сейдімбеков, С.Сарғасқаев, Т.Момбеков сынды қазақтың біртуар тұлғаларымен таныс-біліс, сыйлас, тіпті дәмдес-тұздас болған көрінеді.
Ендігі қысқаша сөз, республикаға танымал күйші-сазгер, КСРО және Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі Б.Көшмағанбетовтің есімін есте қалдыру үшін бір игілікті іс атқарсақ, азаматтық іс болар еді.

Бақытжан Мақашев,
Қазақстан Республикасы
білім беру ісінің үздігі.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support