Ел ішіндегі ерекше жәдігер

Ел ішіндегі ерекше жәдігер
ашық дереккөз
Ел ішіндегі ерекше жәдігер
Ежелгі Тараз шаһарының тарихы тереңде. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін қойнауында әлі ашылмаған талай сыр бар. Қабырғасында қаланған әрбір тасы өткен ғасырлардан сыр шертетін шежірелі өлкеде тарихи нысандар көп. Ерте ислам дәуірінің мешіті ІХ-ХІІ ғасырларда пайда болған. Ал, оған қосалқы салынған Керуен сарайы VIII-XII ғасырдан бері келе жатқан құндылықтың бірі. Тарихшылардың айтуынша, жазба деректерде Талас, Яны-Талас деп кеңінен танылған Тараз қаласы өзінің мәдени қабаттарында Оңтүстік Қазақстан территориясында өмір сүрген көптеген тайпалар мен халықтың тарихын сақтап келеді. Ерте ислам дәуірінің мешіті қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде, Төле би көшесінің бойында Қарахан кесенесіне жақын жерде орналасқан. Ескерткіш 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. Тараз қаласы жайлы жазылған деректердің көбінде қаланың орталығында мешіт бар екені айтылған. Мәселен, X ғасырдағы араб географы әл-Макдиси былай деп жазды: «Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Екінші мединада үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның үстінен өтетін көпір бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр». Облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандарының айтуынша, Тараз қаласының тарихи қабаттары зерттеле бастағаннан-ақ ғалымдар осы айтылған мешіттің орнын іздеген және Ерте ислам мешітінің орны 2005 жылы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды. Қазба жұмыстары барысында VІІІ-Х ғасырлар деп мерзімделген несториан бағытындағы христиан шіркеуінің орны анықталды. Кейінірек жазба дерек негіздері бойынша Х-ХІІ ғасырларда мешіт болып қайта құрылғандығы дәлелденді. – Егер XVI ғасырда испандықтар христиан дінін Америкада орнатқан кезде, жергілікті өзге дінді халыққа өте қаталдық танытып, діни ғимараттарды қиратып, пірадарларды өлтіріп, адамдарды күштеп шоқындырған болса, Орта Азияда араб-мұсылмандардың жаулаушылығы бойынша жергілікті халыққа күштеп исламды қабылдатқан, буддалық, христиандық, заростриандық шіркеулерді қиратып, пірадарларын өлтірген деген ақпараттар тарихта аз кездеседі. Ислам дінін өз еріктерімен қабылдағандарға аяушылық танытқан, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жанна Қосалиева. Сондай-ақ, шіркеу ғимараттарын, діни орындарды мешітке, медресеге айналдырған. Фундаменті, қабырғаларын қиратпай, керісінше оны мұсылмандық бағытқа ауыстырып, қайта жасатқан. Сондай-ақ, Орта Азия мен Иранда араб тілі дін және ғылымның тілі болды, бірақ жергілікті халықтың тіліне әсер еткенімен, жаппай көпшілік қолданатын, сөйлейтін тілге айналмады. Әркім өз тілін, дәстүрін сақтап қалды. Ислам дінінің орнығуынан кейінгі жергілікті архитектуралық ескерткіштердің ең алғашқылары мешіттер болды. Алғашқы мешіттер батыстық араб үлгілері бойынша салынды. Көп ұзамай жергілікті құрылыс дәстүрлері мен талғамына сай мешіттер салына бастады. Керуен сарай мешітке қарама-қарсы екі көшенің қиылысында орналасқан. Осы кварталда үйлерден гөрі әлеуметтік нысандар көп болған. Оған дәлел – керуен сарай. Мешітпен қатар бір уақытта салынған. Керуен сарайдың кіретін жері батыста болған, мешіттің де алғашқы кіретін жағы батыста болған. Керуен сарайды араб билеушілері өзгеріссіз алып қалған, өйткені керегі болмаған. Керуен сарай – екі қабатты болған, оған дәлел фундаменттің қалыңдығы және табылған баспалдақ. Кіріп келгенде колонналар тұрады, колонналардың саны 16-ны құрайды. Бірнеше бөлмесі, жуынатын бөлмелері, демалыс бөлмелері, ас ішетін орындары бар. Мұндай үлкен жолдардың бойына арнайы осындай әлеуметтік нысандар салынатын еді. Яғни, кәсіпті жүргізуге де өтімді жол болғаны үшін адам көп өтетін жерлерге салынған. Бұл қаланың ішкі керуен сарайы қонақүй сияқты қызмет атқарған. Тарихи кешеннің ішінде орналасқан фотобаннерлерде құрылысқа дейінгі және құрылыс кезіндегі фотосуреттер салынған. Бұл жер зерттеуге дейін жай төбе болған. Ең алғаш кірпіштері, қабырғалары табылып жатқаны, сақталған дуалдары, суфалары табылған кездерін көруге болады. Кейін картаға планға түсірілген. Керуен сарай бөлмелеріне сандалдар қойылған. Сандал дегеніміз – кірпіштен соғады да ішіне шоқ тастап бетін керамикалық қақпақпен жауып қоятын болған. Оны бекітіп, адам осы жерге ұйықтағанда жылу беріп тұратын болған. Баспалдақтары бұрандалы, спираль тәрізді айналып екінші қабатқа көтеріледі. Бұл жерде сауда жасамаған, тек әңгіме-дүкен құрып, келісім жасап, кездесетін, демалатын орындары қызметін атқарған. Көбісі қонақ бөлмелер. Бұл жерлерде табылғаны еден ғана, қалғаны имитация. Қаланың ең сыртқы батыс қақпасы өзбек мектебі жанында болуы мүмкін деген болжам бар, бұл ішкі жағы. Шөп басып төбе болып жатқан жерден осындай аспан асты музейіне айналған алғашқы тарихи орын. 2016 жылы нысанда уақытша сақтау және музейлендіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті тұрғындар мен туристер келіп тамашалайтын тарихи ескерткіш орнына айналған.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар