- Advertisement -

Фәнилік драма

129

- Advertisement -

(рубаяттар)

Ғаламдық болмаса апат тосын, асқан,
Жер көшіп, кетпес, сірә, босып аспан.
«Бұлардың асты-үстінде мен де болғам»
деп жазсам, қайда жазам осы бастан?..
***
Айтатын бір тілегім достарыма:
– Тағдырдың төз де «әзіл-оспағына»,
Өмірдің өңі кіріп тұруы үшін,
Қайратқа қайсарлықты қос тағы да.
***
Өмірде қоспау үшін зарды зарға,
Керек деп айналдыру Арды Заңға
сенген ем… Сенетінім тым көп еді,
Қалғаны қазір енді… жалғыз Алла…
***
– Ол – сен емес заманы ап қалатын,
Болашақтан ол орнын тапқан ақын!
Сол да жетер, сені оған замандас деп,
Ұрпақтарың болса егер мақтанатын.
***
Бір құзғын саңырығын бүркіп кепті,
Сонда да үй иесі үркітпепті.
Қарғадан қорыққанын жасырмақ боп,
Құрметтеп елге оны «бүркіт» депті.
***
– Сен кетуші ең жүректі елжіретіп,
Сол жүректі қалушы ем мен жыр етіп…
Сен де жоқсың, жыр да жоқ, жүректе дерт…
О, қандай кез, япыр-ау, келді жетіп?
***
– Пәктігімен ұқсайтын балаға да,
Хақтығымен ұқсайтын данаға да,
Ай дидарлым, жан жоқ-ау сенен асқан!..
Бар болса, ол болар-ау Ана ғана.
***
Мұнай мен газ шапшыса маң далада,
Қаптайтын көп ұқсаған қандалаға.
Соқтығысып сол аран Жер сілкінсе,
Үлгіре ме адамзат таңғала да?
***
– Кешірім сұраса егер қасың келіп,
Қайтер ең?.. Кешу, кешпеу – басыңда ерік.
«Кештім» де. О да жаза. Жүрсін күйіп,
Сендегі адамдықты басым көріп.
***
Шегіренге бальзактық аумағы ұқсап
кеміді ұят, әдептің аулы алыстап.
Сондадағы әл кеткен ұят байғұс,
Ұятсыздық дәуімен аударыспақ…
***
– Қоғамның жүрсең де, дос, боп ақылы,
Дәметкен сен емессің мол ақыны.
Аман бол сол сүйікті ұйығыңда,
Ғылымның бастауы бар, жоқ ақыры…
***
Ажалдың келуінен үрке ме деп,
Тіршілік білгізбейді-ау бүркемелеп.
Түскенше жер қойнына айналармыз,
Жапалақ қарға ұқсап шыр көбелек…
***
Дауасыз дертке жоқ боп дәуір емі,
Қайғырып қимастықтан ауылы, елі,
Әлсіреп жатқан достың әрең айтқан
әзілін есту қандай ауыр еді?!.
***
Не пайда, не зиян бар бұдан маған:
бүгінде көп нәрсеге күмәнданам…
Ал күмән туды-ау тұман төңіректен,
Адаспай қалай жүрмек тұманда адам?
***
– Аяр сөзге көзі ашық жүрмес шыдап,
Бола алмайды ол маған да білмес сұрақ.
Аярлықты жұмсаған залымдықты,
Танып алмақ бар болса кімде ес, шырақ!
***
– Сен кеңірек ойларсың, мен кемірек…
Болды емес пе жүрмесе елде мінеп.
Тек ел етек жабуын көздесем мен,
Тек төбені көздеу ғой – сенде тілек!
***
Деместен қызығынан құр қалармын,
Әйтеуір О дүниеге бір барармын.
Кетерде жылауы емес қимастардың,
Қиқуын естісем-ау тырналардың!
***
Ақырып келіп, аймалап, толқын жағаны,
Көпірген көңлі көншіп бір тыным табады.
Алтындай құмда алтындай бикеш түндегі
ләззатты еске ап, құмменен тәнін жабады…
***
Жетім бала… Не күтпек жетімді алдан?..
Көңіл жарым, жоқшылық, кетілді арман…
Бірақ өмір көбін-ақ қайсар қылған,
Шыңғыс хан да жасынан жетім қалған.
***
Өз жағына тарта берген көрпені,
Қаншаларды қиянатпен өртеді!
Қиянаттың туатыны – дұшпандық,
Дұшпандықтың қан төгіс қой ертеңі.
***
– Деместен «Қартайғанда ел не дейді?»,
Қарашы: қалай, қайда өрмелейді?!
– «Молам да өлсем биік болсын!» дейді,
Биліктің дәмін татқан ергежейлі.
***
– Айтсаң айт той дейтұғын жарықтықты,
Ас-суға жұрттың бәрін қарық қыпты!..
– Кей пысық ел тойынан ақша айырып,
«Сарқыт» деп алдын ала алып тықты…
Жан ба едім мекен еткен айдаланы,
Құдай-ау, көрген қызық қайда бәрі?!
– Осы шақ, осыншама осалмысың?..
Неге өмір өткен шаққа айналады?..
***
Фәнидегі аяқтап сапарларын,
Кетіп жатыр біртіндеп қатарларым…
Қимастықпен қиналсам медет көрем,
Бақида да бас қосар жаһан барын…
***
– Достарым-ау!.. Көбіңе жалғыз сұрақ:
Неге ерте кеттіңдер? Ал біз шыдап,
жүре тұрсын дестің бе бұл фәниде?..
Жүрмін… бірақ жан жылап жалғызсырап…
***
Қозыбасы, Аңырақай – қатар аймақ,
Жер емес бұл өткен тек атан айдап…
Орда орнап, жау қирап қалған кезге,
Әттең, неге болды екен аты-ақ айғақ?!
***
Жаңғырған жалғыз ұран: «Қыр тағы да!»
Шапшыған қан айналған бұрқағына,
Майданға кірген жүйткіп тайсалмастан,
Қайсысы ер: сарбаз ба, әлде тұлпары ма?
***
– Жәнібек хан менен хан Керейлерім,
Тәуелсіздік – сенің де мерейлерің.
Ол болмаса «Орыстың патшасы озық,
Қазақ ханы – кертартпа» демей ме едім…
***
Кетпесе де сенімен ғасыр байып,
Кетер кезді жақын ғып жас ұлғайып
қалғандығы жасытса, қатайтады
болғандығы, о, қанша асыл ғайып…
***
Білмей қойдым мынаның еш амалын:
маған тағдыр жапсырып, «дос» арамын
қастық жасап өтіпті… Енді қайтіп
кеше аламын немесе өш аламын?..
***
– Даң-дұң… айғай… сахнаның жарқылдары…
Осыны да дейміз бе ел ән тыңдады?!.
– Бұлбұл үнін білмеп пе ең өшіргенін,
Қарғалардың қаптаған қаңқылдары?
***
Қар жауып тұр. Қылаусыз аппақ рең.
Көкшіл емес, көктен кеп жатқанымен.
Неге аппақ? Ақ ниет керек дей ме,
Адамзатқа бәрін де тапқанымен?
***
Жасым келіп сезгенмен күз лебін де,
Жан анамның іздерін іздедім де,
Бар тапқаным – қалыпты мейірімі,
Құрдастары анамның, жүздеріңде!
***
– Жарқыным, жан болсаң да жолықпаған,
Көзіңде бір сыр тұр-ау… Оны ұқты ағаң.
Бірден-ақ бір сырласың боп кетер ем,
Жастан ба… жасқаншақтау болып барам…
***
– Не мінез жоқ, не сөз жоқ елді үйірген,
Соған дауыс бер дейді енді үйіңмен!..
– Қалбалақтап қанатын қанша қақсын,
Ұша алмайды бәрібір желдиірмен.
***
– Мен білсем, еш қиянат етпеу үшін,
Өкпе-наз жауыздыққа жетпеу үшін,
Жүректе жату керек бір жылы мұң…
Сонда оның тас жүрек боп кетпеуі шын.
***
Ол шығарар адамдық төріне де,
Ол болмаса адамың – өлі дене.
Ол – махаббат, лаулаған қып-қызыл от!
От – құдірет екіге бөліне ме?!
***
– Сенің басың деуші едік бас-ау дана,
Ұқсайтынсың момынға, асауға да.
Бәрі келді қолыңнан. Тек келмеді-ау,
Жауыздыққа жауыздық жасау ғана.
***
– Білместен ол досымыз шаршағанды,
Меңгерді ғылымдағы барша амалды!
– Дұрыс қой көп білгені… Ал жақсысы –
білмеуі: күн, ай, жылы қанша қалды?
***
– Мынау өңір көз болса шола алатын,
керемет қой! Ал онсыз… томаға тым…
Көлін, өрін, тау, құмын суреттесе-ау,
Бір ай жүріп Қуандық Шолақ ақын!
***
– Қумадық, дос, көп қызықты бір күндік,
Ұялдық па?.. Әйтеуір біз іркілдік.
Енді солар сағынтып жүр… Қууға
берілмейді-ау, берілмейді мүмкіндік!
***
– Ғашықтық отына орап бөлегенде,
Ұқсаймын Мәжнүн, Қозы, Төлегенге!..
– Махаббат! От бөлінбес замандарға,
Өртелген баяғы өткен бабаңдар да!
***
– Өлеңін… құмға сіңген су сияқты…
– О-о-һо!.. Дерсің мүмкін: «бу сияқты»?!
– Жоқ. Мөлдір судай болып көрінді елге,
Жатқан соң сіңіп кетіп көңілдерге…
***
Жүруші едім Құдайдың күні көп деп,
Пысықсуым сыры не бүгін ептеп?..
Ой шошытты! – Себеп сол: «Бұл ісімді
мен кеткен соң кімім бар біліп етпек?!»

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support