Әулиеата аймағының әйгілі тарихы

Әулиеата аймағының әйгілі тарихы
ашық дереккөз
Әулиеата аймағының әйгілі тарихы
Облыстың туристік әлеуеті туралы айтқанда оның бай тарихи-мәдени мұрасын, көз тартарлық табиғи ландшафтын, алуан түрлі флора мен фауна үйлесімін айрықша атап өтуге болады. Әсіресе, өңірдің тарихи-мәдени мүмкіндігінен бөлек, соңғы жылдары мұнда атпен серуендеу, садақ ату сынды этникалық туризм түрлері қалыптасып келеді. Қаратау жотасы, Қырғыз және Талас Алатауының шатқалдарында нұсқаушылармен бірге парапланда ұшу мүмкіндігі бар. Ал, көктем мезгілінде қызғалдақтың отанына айналған өңірде қандай нысандар мен мәдени орындарға баруға болады?!

КӨРКЕМ КӨКСАЙ ШАТҚАЛЫ

Жуалы ауданында Көксай өзені мен Көксай тау шатқалы орналасқан. Бұл өзен мұздықтардан бастау алатын өзені мен ерекше табиғи формасымен туристер арасында танымал бола түсті. Көксай – Ақсу-Жабағылы қорығының шығыс бөлігіндегі шатқалы. Бұл шатқал арқылы Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасы да өтеді. Шатқалдың етегінде арша тоғайын тамашалауға болады. Мұнда Талас пен Тянь-Шань қайыңы, ұсақ жапырақты тал, Түркістан шетені, бұталы және ағаш тәрізді арша секілді сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері өседі. Тау биігіне көтерілсе туристер мұндағы субальпілік көп шалғынға тап болады. Бұл бағалы сәндік және дәрілік өсімдік түрлерінің нағыз генофонды. Осындай ғажап флорасы арқылы Көксай каньоны мен Ақсу-Жабағылы шатқалы туристер, альпинистер мен парапланшылар арасында өте танымал бола түсті.

БЕРІКҚАРА – ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ

Жуалы өңірінің тағы бір ерекшелігі – мұнда қызғалдақтың әлемдік отаны ретінде ресми танылған әйгілі Берікқара шатқалы орналасқан. Дәл осы жердің қызғалдақтары әлемдік гүл экспортына жол салған Голландияға жіберілген. Мұнда жергілікті түрлерден бөлек, қызғалдақтың бес түрі өседі. Олардың арасында сирек кездесетін Грейг пен Кауфман түрлері «Қызыл кітапқа» енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Бүгінде ол жамбылдықтардың сүйікті демалыс орны. Кеңестік кезден бері мұнда мектеп оқушылары жазғы демалысқа келетін. Қазір демалыс аймағы және балалар мен отбасылық демалыс орталығы орналасқан. Сонымен қатар, мұнда жаяу серуенді ұнататындар үшін таулар арқылы қауіпсіз туристік маршруттар сызылған. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында Жуалының жәннаты бұрышын «кішкентай Швейцария» деп те атайды.

МАҚПАЛ – ӘДЕМІ ПЕЙЗАЖДАР АУМАҒЫ

Облыста туристер мен демалушыларды қызықтыратын көптеген таңғажайып орындардың бірі – Қырғыз Алатауының солтүстік беткейінде, Т.Рысқұлов ауданында орналасқан Мақпал шатқалы. Шатқал шамамен 20 мың гектар аумақта, теңіз деңгейінен 2800 метр биіктікке орналасқан және орта таулы аймаққа жатады. Шатқал сан түрлі өсімдіктерімен, жайылымдық шалғындарымен ерекшеленеді. Жоғарғы таулы бөлігінде Талас және Тянь-Шань қайыңының сирек кездесетін эндемикалық түрлері, Сиверс жабайы алма ағаштарының, Регель алмұрты мен долана тоғайлары өседі. Мақпал шатқалында сәндік және дәрілік шөптердің алуан түрі бар, олардың арасында «Қызыл кітапқа» енетін және жойылып бара жатқан түрлер – таушымылдық, зире, қызылмия, көкгүл, гентиан, бөденешөп, құртқашаш, Грейг Кауфман, Альберт қызғалдақтары және басқалары бар. Бұл өлке сәуір-мамыр айларында жергілікті туристердің жиі қатынайтын сүйікті мекендерінің біріне айналған.

ТЕРЕҢНЕН ТАМЫР ТАРТҚАН ЭТНОТУРИЗМ

Жамбыл жерінің отандық туризмдегі бәсі бір елі жоғарылайтын тұсы – ат спорты. Бұл салада өңірдің айшықты үлесі мен терең тарихы бар. Мәселен, Абсенттей әлемге әйгілі талай тұлпарды түлеткен Көгершін ат зауыты мен көкпардан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы «Әулиеата» көкпар клубы осында орналасқан. Сондай-ақ, бәйгеден байзақтық Ақбақай, құландық Бұлақасқа, қордайлық Самал, меркілік Желқара сынды дүлдүлдер талай доданының алдын берген емес. Осы көрсеткіштерге қарап отырып-ақ, облыстың саладағы әлеуетін бағамдай беруге болады. Ата-бабадан жалғасқан игілікті бүгінде жамбылдықтар кәдеге жаратуда. Бүгінде қала аумағынан бөлек, қалаға жақын елді мекендерден атпен серуендеу орындарын кездестіруге болады. Мәселен, Тараз қаласында «Абсент ипподромы мен «Мамыр» саябағында, «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенінің маңайында, Байзақта Сарыкемер ауылында, Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында атпен серуендеу орталықтары бар. Бұл нысандар қолжетімді бағалары мен арнайы садақ ату сынды қызметтері арқылы көптің көңілінен шыға білген.

ТАРИХ ЖАСЫРҒАН ТҰРАҚТАР

Қаратау жотасы бір кездері Қазақстан аумағындағы ежелгі адамдардың қоныстануына қолайлы мекендердің бірі болған. Ғалымдардың пікірінше, палеолит дәуірінде салыстырмалы түрде ылғалды және жылы климат, жайқалған өсімдіктер, сол кездегі алуан түрлі фауна миллион жыл бұрын Еуропа мен Сібірден осында келген адамдардың өмір сүруіне жағдай жасаған. Жалпы, ел аумағында палеолит дәуіріндегі тас дәуірінің ең көне тұрақтарының бірі – Маңғыстау облысындағы шақпақ тастар мен Жамбыл облысындағы Арыстанды тұрағы болып саналады. Бұдан бөлек, облыста бес мыңнан астам құрал-сайманы табылған Шабақты, Бөріқазған тұрақтары мен тас бұйымдары бүтін күйінде сақталған Шоқан Уәлиханов атындағы палеолиттік тұрағы бар.

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ МӘДЕНИ МҰРАЛАР

Әулиеата жерінде үш мыңнан астам тарих, археология, сәулет, монументалды өнер ескерткіштері бар болса, олардың 25-інің республикалық маңызы бар. Мұнда екі жүзден астам ежелгі қалашықтар табылып, бес тарихи нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне енген. Олар – Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас кешені. Ал, еліміздің республикалық сакралды картасында Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері, Тектұрмас кешені, Ежелгі Тараз қалашығы, Жайсан ғибадатханасы және тылсымға толы Ақыртас кешені сияқты жеті жергілікті нысан бар. Бұдан бөлек, Жамбыл жері Қаралма тау шаңғысы курортымен, Меркі ауданының емдік суларымен және әсем табиғатымен қарбалас тірліктен бір сәтке тыныққысы келген жанға таптырмас мекен бола алады. Ал, жаз айларында Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы, Балқаш, Алакөл, Билікөл көлдері балықшылардың жиі баратын орындары саналады.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар