- Advertisement -

Мәдімарда ел сүйсінер жұмыс көп

27

- Advertisement -

Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы іске асырылып отырған Ынтымақ ауылдық округінде ілгерілеу бар. Президентіміздің де Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына басымдық беруі бүгінгі таңда ауыл өміріне тың серпін әкелгендей.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше басымдық беруі тегін емес. Президентіміз Жолдауында: «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген» дей келіп оны әрі қарай дамыту туралы тапсырма берді.

Бұл жобаның жақсылығын бұған дейін Байзақ ауданындағы 5 ауылдық округтің тұрғындары көрсе, биыл олардың қатарына тағыда екі ауыл қосылды. Соның бірі – аудандағы Ынтымақ ауылдық округі.

ЖОБАҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЖОҒАРЫ

Ауыл – алтын бесік. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуда «Ауыл аманаты» жобасының пайдасы мол. Жобаға биыл Ынтымақ ауылдық округі қосылып отыр. Округ әкімі Мейірбек Ноғаевтың айтуынша, несие алуға 106 азамат өтініш білдірген. Несие сомасы 590 миллион 657 мың теңгені құрайды.

– Жобаның бірінші бағыты, яғни үй іргесіндегі жер телімін игеру жобасына 299 аула қатысуға өтініш білдірді. Оның жер көлемі 47,72 гектар. Аталған бағытқа 9,2 миллион теңге қаралған. Ал екінші бағыты мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Оған қатысуға 100 азамат өтініш берген. Жалпы 378 миллион теңгеге 3077 бас төрт түлік алу жоспарланған. Несие алуға өтініш берген 106 азаматтың құжаттары тексеруге қабылданып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы 98 азаматтың кепілдік мүліктерінің құжаты бағалау комиссиясына тапсырылып, оның 86-сы мақұлданып отыр. Қаржысы қолына тиген ауыл тұрғындары тарапынан 55 бас мүйізді ірі қара, 686 бас қой, 69 бас жылқы, 20 бас бұқашық сатып алынған. Әлі де бұл жұмыс өз жалғасын табуда.

Жобаның үшінші бағытындағы «Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін пайдалану» бойынша жер үлестерімен біріктірілген 1999 гектар жер телімі бар. Оның 636-сы егістік, 154-ін шабындық, 1209-ын жайылымдық құрайды. Алдағы жылы ол алқаптарға бидай, арпа, мақсары, көпжылдық шөп, жүгері дақылдарын егу жоспарлануда. Аталған бағыт бойынша айналым қаражатына 17 миллион 480 мың теңге қажет.

Жобаның төртінші бағыты бойынша «К-Байден» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, әділет басқармасынан тіркеуден өтті. Оның төрағасы болып ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі бар Рахымбек Кәрібаев сайланды. Ол алғашқы күннен-ақ кооператив құжаттарын заңдастырып, ауыл азаматтарын кооперативке тартуға байланысты жұмыстар жүргізді. Жалпы сомасы 144 миллион 250 мың теңгені құрайтын 7 ауыл шаруашылығы техникасына өтініш беріп қойды. Жобаның бесінші бағыты кәсіпкерлік саласы бойынша ауыл тұрғыны Жамбыл Тлешов жоба құны 4 миллион 500 мың теңгені құрайтын ағаш өңдеу қондырғысын алуға құжаттарын өткізді. Жалпы, ауыл халқының жобаға қатысуға деген ынталары жоғары, – дейді округ әкімдігінің бас маманы Талғат Аманов.

Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасының маңызын түсінгендер қатары артып келеді. Атап айтсақ, ауылда алғашқылардың бірі болып несие алған Әлімжан Ережепбаев өз шаруасын жолға қойып отыр екен.

– Мен мемлекеттен 2,5 пайызбен 8 миллион 600 мың теңге несие алып, 19 сиыр сатып алдым. Қолдағы малды қосқанда ірілі-ұсақты 40 бас болды. Қазір оларды қыстауда қыстатудамын. Сауылған сүт, дайындалған құрт, сары майды дүкенге өткіземіз. Қысқа қажетті қора-жайымды жөндеп, жем-шөбімді дайындап алдым. Бізге осындай жағдай жасаған мемлекетке алғысымыз шексіз, – дейді ол.

АУЫЛ КӨРІНІСІ АЖАРЛАНА ТҮСКЕН

Ауыл ажары жылсанап артып келеді. Округ әкімі Мейірбек Ноғаевтың айтуынша, ауданда қолға алынған «Таза ауыл», «Таза көше», «Таза аула» жобасына қатысып, сол байқауда Мәдімар ауылының Әлім Қолдасов көшесі жеңімпаз атанып, сыйлыққа ие болыпты. Осыдан кейін округ облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Үлгілі ауыл» облыстық байқауына қатысып, 13 ауылдың ішінен ауыл экономикасының өркендеуі, елді мекендегі адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы ортаны қалыптастыру, тұрғындардың бірлігі мен ынтымағы, жастардың білімі мен тәртібі, ауыл тазалығы мен мәдениеті, бұқаралық спорттың дамуы, тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануы мен ауыл ақсақалдарының белсенділігі сынға түскен байқауда Мәдімар ауылы жүлделі ІІ орынды жеңіп алған.

Өткен айда ұйымдастырылған Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің көшпелі семинары мен Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және ТҮКШ басқармасының ұйымдастыруымен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы экология және қалдықтарды басқару» тақырыбындағы көшпелі облыстық семинарын өткізуге де осы Мәдімар ауылының таңдап алынуы бекерден-бекер емес. Аталған семинарға қатысқан ардагерлер мен аудандардан келген аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері мен тазалыққа қатысты бөлім басшылары мен мамандар Мәдімар ауылындағы тазалық, көріктендіру мен көгеріштендіру, реттілік пен ғимараттардың безендірілуі, гүлге оранған саябақтарды көріп, таң-тамаша болды. Ауылдан уақтылы шығарылып жатқан күл-қоқыстардың кәдеге асып жатқанын көздерімен көріп, таңдай қағысты. Міне, осындай игілікті жұмыстардың басы-қасында үнемі осы ауылдың тумасы, 2009 жылдан бері ауылда әкім қызметін абыройлы атқарып келе жатқан Мейірбек Олжабайұлы жүр.

Округтегі 335 аулада 2027 халық тұрады. Олардың 489-ы жастар. Жер көлемі 17128 гектар болса, оның 3606 гектары егістік. Ауыл халқы мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ауылда 106 шаруа қожалық болса, олардың 13112 гектар жері бар. Ауыл бойынша 12 азамат әлеуметтік жәрдемақы алса, 3 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып жүр. Бұларға қарағанда ауыл халқының тұрмысы жаман емес екенін бірден аңғаруға болады.

– Ауылда жыл сайын мал басы өз төлі есебінен көбеюде. Сондай-ақ, егістік алқаптарынан жиналатын өнім көлемі де арта түскен. Ауылдағы қой-ешкі 17713, мүйізді ірі қара 1893, жылқы 635 басқа, үй құстары 7 мыңға жетті. Мал қыстатуға 1500 тонна мал азығы дайындалды. Округ бойынша биыл масақты дәнді дақылдар 2790, көпжылдық шөп 130, көкөніс 5, бақша 15, бидай 910, арпа 1330, мақсары 550 гектар алқапқа орналастырылып, өнімі жинап алынды. Округте де ағын су мәселесі ретімен шешіліп келеді. Мемлекет басшысы Жолдауында су мәселесіне ерекше тоқталғаны белгілі. «Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні жоқ. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады», деп атауы округ диқандарының көңілінен шығып отыр. Демек, олар алдағы уақытта ағын су мәселесі тұрақты шешілетініне үлкен сеніммен қарайды, – дейді округ әкімі М.Ноғаев.

БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ – ТІРЛІК БАР

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау көптің есінде. Сол тұста бір ауылды асырап отырған кеңшарлар тарады. Елде жұмыссыздық жайлап, әркім күнкөрістің қамымен базар жағалап кеткен еді. Ауылдан қалаға көшіп жатқандарда аз болмады. Ауылдағы балабақша, клуб, кітапханалар жабылып, талай ғимараттар жекенің қолына өтіп кетті. Міне мұндай қиындықтар Мәдімар ауылын да айналып өткен жоқ.

Бертінде ауылға қайта көңіл бөліне бастаған тұста ауыл қайтадан еңсесін тіктеді. Жабылып қалған мәдениет ошақтары қайта ашылып, ауылдар заман ағымына қарай ілесті. Ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептегі 357 оқушыға 61 мұғалім білім, саналы тәрбие беруде. 1965 жылы соғылған мектеп 2020 жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа түрге енді. Биыл осы орта мектеп, «Балдәурен» бөбекжай балалар бақшасы, 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория қазандықтары көгілдір отынға қосылды.

Ауылдық кітапханада орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталығында ауыл тұрғындарына 445 қызмет көрсетіліпті. Ауыл халқының 42,5 пайызы спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанады. Олардың басым бөлігі – жастар.

Ауыл ажарын айшықтап, халықтың әлеуетін арттыру бағытындағы берекелі тірліктер көп. Атап айтсақ, ауылдағы еңселі Мәдімар Райымбекұлы ескерткішінен бастап, «Даңқ кешені», «Алғашқы механизаторлар», «Еңбек ерлері», «Ұстаздар» аллеялары, «Ата мен немере» саябағы мен «Ардагерлер аллеясы» атты демалыс орындары көпшіліктің жиі бас қосатын орнына айналған. Олардың төңірегі абаттандырылып, әртүрлі ағаштар мен алқызыл гүлдер отырғызылған.

Ауыл тұрғыны, «Әшім ата» шаруа қожалығының төрағасы Жанысбек Әшімов ауыл орталығынан 110 орындық мешіт соғып, ел игілігіне берді. Бұл мешітте өз ерекшелігімен көз тартады.

Ауылдағы тұрғын үйлер түгел көгілдір отынмен қамтылған, бес көшеге асфальт жабыны төселген. Таза ауыз су жүйесі іске қосылып, көше жарықтары орнатылған. Шағын футбол алаңшысы соғылып, жастардың игілігіне берілген. Ауыл халқына 6 азық-түлік дүкені қызмет көрсетуде.

Округ әкімшілігі бюджетінен биыл Н.Түйтебаева көшесі бұрылысына жарық орнатуға 888,9 мың теңге, әкімшілік пен «Даңқ кешені» аумағына асфальт төсеу жұмыстарына 4638 мың теңге, «Мәдімар ата» ескерткіші аумағын абаттандыруға 2400 мың теңге бөлінген. Бұл жұмыстардың барлығына конкурс жарияланып, жеңімпазы анықталып, тиісті құрылыс жұмыстары атқарылған.

Ауылдағы 5 көшеге орнатылған жарық шамдары жарқырап тұрса, онда тәртіпті бақылайтын 4 бейнебақылау камерасы да жұмыс істеп тұр. Халықтың қауіпсіздігі үшін 4 трансформатор қоршалып, ауылға кіре берістегі 2 гектар аумаққа 2000 түп қарағаш отырғызылған. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық қатты қалдықтары уақтылы шығарылып тұратынына да көз жеткіздік. Әр көше, әр аула тұрғындары ауыл тазалығына ерекше мән беретіндері байқалады. Ауылдағы әрбір мереке, айтулы күндерге байланысты өтетін іс-шараларға ауыл тұрғындары ұйымшылдықпен белсене қатысатындары да құптарлық жай.

«Туған жерге – туыңды тік» демекші, «Жомарт түлек» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарда аз емес. Ауылдық округ әкімі аппаратына 2005 жылы туған ауылдың бір тұрғынына «Отбасы» банкінен депозиттік есепшот ашылып, қаржы құйылуда. «Туған жер» жобасы аясында демеушілер мен меценаттар көмегімен қорым басына құны 1 миллион 500 мың теңгені құрайтын нысан салынды. «Механизаторлар аллеясына», «Мәдімар ата» мешітіне құны 500 мың теңгелік евро қақпалар орнатылды. 1974 жылғы туған азаматтар ауыл тұрғындарына «Street Workout» пайдалануға алып берсе, 1982 жылғы туған азаматтар мешітке 100 адамдық бастырма соғып беріпті.

Ауылда «Асар» жобасы да жақсы жолға қойылған. Аталған жоба аясында 2020 жылы тұрмыс жағдайы төмен жалғызбасты ана Ғалия Құрмановаға, 2021 жылы көпбалалы аз қамтылған отбасы Пернебек Тыныштықбаевқа, 2022 жылы көпбалалы, аз қамтылған отбасы Асылжан Сайлауовқа 4 бөлмелі үйлер асырлатып соғылып берілді. Ал биыл көпбалалы, аз қамтылған Жапсарбек Шағайбаевтың отбасына 5 бөлмелі үй соғып берген.

АРДАГЕРЛЕР – АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ

Міне, мұндай игілікті істердің барлығы ауылдағы ауызбірлікті, елдің ынтымағын білдіреді. Осы жоғарыда айтылған жұмыстарды ұйымдастыруда округ әкіміне қолдау білдіріп отырған ауыл ақсақалдары баршылық. Атап айтсақ, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Дәулетов, билер кеңесінің төрағасы Асан Әлмақашұлы, әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлбану Томанова, ауыл ардагерлері Жарқын Сәтібеков, Тұрсыналы Құрманов, Алтынхан Әшкеев, Сыдық Шохайбаев, Мырзахас Кейсеков, Жақсылық Тайшыбеков, Ізбасар Байқұлақов, Рысбек Қосыбаев, Сәулетбек Орынбетов, Айтбай Мықтыбаевтар ауылдың бірлігін сақтай отырып, осындай сауапты істерге елді жұмылдыруда көп еңбек сіңіріп жүргендерін атап өтуге болады.

Ауыл ардагерлерінің ұйытқы болуымен жақында өмірден ерте өткен еңбек және спорт ардагері Болат Шохайбаевты еске алуға арналған облыстық іс-шара өтті. Онда 60 жастан асқан ардагерлер арасында волейбол, бильярд, шахматтан жарыстар ұйымдастырылды. Оған аудан спортшыларымен қатар Тараз қаласы, Жамбыл ауданының ардагерлері де қатысты. Жастарға тәлім-тәрбиелік мәні бар мұндай қызықты да, сауапты шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

Ауылдан шығып есімі аудан, облыс республикаға дейін танымал болып, еліміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан азаматтар аз емес. Олардың қатарында Талас, Красногор, Мойынқұм аудандарының хатшысы, бірінші хатшысы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған Нілзия Рақышева, 2022 жылғы аударыспақтан әлем чемпионы Данияр Смайылов, химия саласының докторы, профессор Өмірзақ Жүсіпбеков, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің тұңғыш редакторы Мәдәзім Мәдыбырайымов, ақын, жазушы, журналистер Жақсылық Сәтібеков, Асан Әлмақашұлы, Жанатбек Тұрғынбай, Әмірбек Есенбайтегі, Мақсұт Райқұлов, тарихшы, тіл маманы, ғалымдар Нығметулла Киікбаев, Тұрсынбек Тілеуқабылов, өнер зерттеушісі Якия Шынасілұлы, заңгерлер Орынбасар Жарықбасов, Нұржан Тайшыбеков, ауылдың алғашқы әкімі болып 7 жыл бойы абыройлы қызмет еткен Ұлжан Теміртаева, тағы басқаларды айтуға болады. Міне, бұлардың арасында өмірден өтіп кеткен азаматтар да бар. Дегенмен, ауылдан шыққан осындай айтулы азаматтарды бүгінгі жастар біліп, солардың еткен еңбегі, қол жеткізген жетістіктеріне қарай бой түзеп өскендері абзал.

Бір сөзбен айтқанда, Мәдімар ауылындағы атқарылып жатқан жүйелі де, жемісті жұмыстар көрген жанның көзін сүйсінтіп, жанын жадыратады. Ал, мұның барлығы ауыл халқының арасындағы ынтымақты көрсетеді.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

журналист.

Мәдімар ауылы,

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support