- Advertisement -

«Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамның қозғаушы күші»

30

- Advertisement -

 Бүгінде мемлекетіміз үкіметтік емес ұйымдардың демократиялық процестердегі рөлін сезіне келе, оған сеніммен қарай бастады. Соған сай азаматтық қоғамда мұндай ұйымдардың қатары артып келеді. Көп жағдайда оларды «үшінші сектор» деп те атайды. Атап айтқанда, бірінші сектор, бұл – мемлекет болса, екінші сектор – коммерциялық ұйымдар. Одан кейін бірнеше адамдардың бірлесіп, қоғамдасып жұмыс істейтін тобы – үкіметтік емес ұйымдар. Олар – белсенділер, мұндай бірлескен топ пайда табумен айналыспайды. Ең бастысы, олар азаматтардың белсенділігін оятып, қоғамға пайдалы жұмыстар атқарады. Өңірімізде де келелі мәселелерді көтеріп, халыққа пайдасын тигізіп жүрген үкіметтік емес ұйымдар баршылық. Солардың бірі – «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастанға жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Исламбек, облыстағы үкіметтік емес ұйымдар туралы сөз қозғалса, сіздің есіміңіз қоса айтылады. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– 2006-2010 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжінде оқып жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Мені бірінші қабылдаған ұйым «Жас Отан» жастар қанаты болды. Одан кейін кәсіподаққа, студенттік қандай ұйым бар, соның бәріне қатысып шықтым. Кез келген ұйымның мақсат-міндетін, мүддесін көріп, қандай пайда тигізетінін білу үшін бөліп-жармай барлығына қатыстым. Сөйтіп жүріп азаматтық қоғамдағы үкіметтік емес ұйымдар саласына келдім. Әрине, бұл бірден бола қойған жоқ.

– Ең бірінші қандай ұйым ашып, жұмысты неден бастадыңыз?

– Алғаш рет 2010 жылы «Жамбыл облысы жастар мәслихаты» деген ұйым аштым. Бірақ оның нағыз жұмысы 2015 жылы басталды. Ұйым ашқаннан кейін не қаражат жоқ, түсінбеушіліктер болып, 5 жылдан кейін жастарды қасыма жинап, өзімнің тәжірибеммен бөлісіп, үш шақырылым жас депутаттар шығара алдым. Мұны мақтанышпен айта аламын. Қазір сол кездегі белсенді ұл- қыздармен хат-хабар алмасып, әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Сол ұйымда жүріп бір- бірін тауып, отау құрған жастар да бар. Одан кейінгісі Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы болды. Бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жұмыс тәжірибесі ең үлкен ұйымдардың бірі. Себебі, ол үздіксіз қызмет етіп келеді.

Өзіңіз басшылық ететін ұйымдардың қоғамға қандай пайдасы болды?

– Әуелгі пайда – сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру. Қасымда жүрген жастарға бірінші үйрететінім осы, яғни парасыз жұмысқа тұру, парасыз жұмыс істеу. Екінші пайда – мемлекеттік қызметтерді, яғни egov сияқты порталдармен жұмыс істей алу. Мысалы, ЭЦҚ кілтті біреуге ақша бермей, әрбір адам өзі ала алады. Одан кейін, жаңадан оқуға түскен, ештеңеден хат-хабары жоқ студент, басына проблема түссе, оны қалай шешеді? Міне, осындай кезде біз дұрыс бағыт-бағдар көрсетеміз, өзі ойланып, жолын тауып шыға алатындай болады. Үшіншісі, еліміздің дамуына адал азаматтар тәрбиелеу. Әрбір келген жастан өз ісінің жоғары білікті маманы болуын сұраймын. Олар менің қасымда жарты жыл, бір жыл жүрер, қанша уақыт жүрсе де адал азамат болу керек. Әрине, жұмыс барысында түсініспеушілік, дауласу болуы мүмкін. Сондай мәселелердің барлығында, әр нәрсенің екі жағы болатындай, екі тараптың пікірімен де санасу деген жайтты жастарға үйретіп келе жатырмын.

– Үкіметтік емес ұйымдарды кім қаржыландырады?

– Мұнда қаржыландырудың мемлекеттік және мемлекеттік емес деген екі түрі бар. Олар – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, грант қаржыландыру, одан кейінгісі сыйлықақы. Бұл үшеуі де мемлекеттің тарапынан берілетін көмек. Екінші қаржыландыру көзі – шетелдік донорлар. Шетелдік донорларға бір жоба ұсынасың, олар қарайды, қабылдайды. Содан кейін жобаға ақша береді. Ұйым аштың екен деп саған ешкім ақша бере салмайды. Алдымен қоғамға пайдалы жоба жасап, жұмысыңды көрсетуің керек.

– Қарамағыңыздағы жастардың еңбегі қалай бағаланып жүр?

– Бірінші бәрі волонтер болып бастайды. Олардың тәжірибесі көбейген сайын қызметі де өседі, соған сай ақша да алады. Мәселен, жоба үйлестіруші, жоба координаторы болып жұмыс істей береді.

Қазір қандай қызметтер атқарып жүрсіз?

– Бүгінде бірінші кезекте журналистпін. Одан бөлек, «Жамбыл облысы Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, «Тараз достары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Мәдениет және ақпарат саласындағы қоғамдық кеңес мүшесімін. Өзім құрған бірқатар жобалардың есебін жасап қойдым, әзірге бұл жобаларым тоқтап тұр. Бүгінде облыс әкімінің кеңесшісімін. Қазір қоғамдағы үлкен мәселе – азаматтық қоғам институттарының мәселелерін системалық тұрғыда шешу. Аймақ әкіміне осы салаға байланысты бірнеше ұсынымдар ұсындым, талқыладық. Алдағы уақытта азаматтық қоғам институттарымен бірге кездесу өткізу жоспарымыз бар. Облыс әкімімен кездесуде ұйымдар өздерінің өзекті мәселесі мен нақты ұсыныстарын айтатын болады. Енді азаматтық қоғам институттарын «кенже бала» деп шетте қалдырып қоюға болмайды. Өйткені, олар қоғамның қозғаушы күші, мәселені билікке жеткізуші.

– Биыл сіздің бірнеше форумға қатысқаныңызды білеміз. Онда не айтылды, қандай мәселелер қозғалды?

– Биыл азаматтық форумдар тематикалық түрде өтті. Сол тақырыптардың арасында әркім өзінің бағытын, тақырыбын алды. Мысалы, бірінші форум Талдықорған қаласында жергілікті өзін-өзі басқару бойынша өтті. Одан кейінгісі Қостанайда ұйымдастырылып, шекаралас аймақ болғандықтан, халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдастық бағытында болды. Үшінші форум Шымкент қаласында жастар саясаты тақырыбында өтті. Қарағанды қаласында өткен діни бірлестіктерге бағытталған іс-шараға да қатыстым. Одан кейін Қызылордаға бардық. Біздің облыста да үкіметтік емес ұйымдар, бизнес және мемлекет арасындағы байланыс бойынша жиын өтті. Соның нәтижесінде әкімдік пен «Қазфосфат» және «TalasInvestment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен меморандумға қол қойылды. Бұл осы форумның нәтижесі деп сеніммен айта аламын.

– Шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесінен аларымыз бар ма?

– Бізде үкіметтік емес ұйымдардың орталығы жоқ. Жалпы, бүгінде облыста 600 үкіметтік емес ұйым бар. Былтыр мен Германияға арнайы іссапармен барып, сондағы осындай ұйымдардың жұмысымен танысып келдім. Солтүстік Рейн жақтағы бір облыста болдым. Ұнағаны – ол жақта балалармен тәрбие жүргізу бизнес емес. Мысалы, жекеменшік мектептер бізде де, оларда да бар. Негізі мұндай мектептер тегін болу керек. Оларға мемлекеттен субсидиялауға қаражат бөлінеді. Бірақ біздің елде ондай мектептер «Біз жеке меншікпіз. Өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз» деп ата-аналардан ақша алады. Жекеменшік балабақшалар да дәл осы әдісті қолданады. Ал, Германияда жекеменшік балабақша, мектептердің меншік иелері – үкіметтік емес ұйымдар. Осы ұйымдардың тапқан қаражаты жекеменшік мекемелердің дамуына бағытталады. Мәселен, 1 миллион теңге түссе, кәсіпкер 500 мыңды өзіне қалдырып, қалғанын мекемесіне бөліп бере ма, өзі шешеді. Ал, үкіметтік емес ұйымдар барлық түскен қаржыны қызметкерлеріне бөліп береді. Біздегі білім саласының тоқырауға ұшырауының түпкі себебі – оны бизнеске айналдырып жіберуінде. Сондықтан, балаларға білім беру саласын бизнеске айналдырмай, оларға бөлінген қаржыны өздеріне жұмсасақ қана бізде нәтиже болады деп ойлаймын.

– Ұйымның бұдан өзге қандай мәселелері бар?

– Алдымен, билік үкіметтік емес ұйымдарды өзінің серіктесі ретінде көрмесе, бұл мемлекеттік органның, саланың дамымай қалатынын ашық айта аламын. Бұл бағыт бір қалыпта тұратын сала емес. Уақыттың ағымына, халықтың сұранысына қарай, басым бағыттары бойынша дами береді. Қоғамда «үкіметтік емес ұйымдар көп ақша алады» деген теріс пікір бар. Алайда, бұл салаға бөлінетін қаржының 80 пайызы дене мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінеді. Қоғамда бұдан да басқа мәселелер көп. Сол үшін қоғамдық бақылау жүргізу керек. Қоғам демократияланбай, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік болмай қоғам дамымайды.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз.

Ең үлкен жоспар, бұл – қоғамдық бақылауды күшейту. Біз соңғы 3-4 жылда осы қоғамдық бақылаумен үлкен жұмыстар атқарып жүрміз. Бұған ұйымдар ғана емес, жастар да, қоғамның әрбір азаматы да атсалысу керек деп ойлаймын. Өйткені, елімізде миллиондап, триллиондап мемлекеттік бағдарламаларға қаржы бөлінеді. Ол қаржы қайдан құралады? Әрине, салық төлеушілердің салығы есебінен. Ал, біздердің оны оңды-солды жұмсауға қақымыз бар ма? Сол себепті қоғамдық бақылауды жіті қолға алып жүрміз. Бірақ біздің санымыз аз болып тұр, бәріне жете алмаймыз. Мектептің дұрыс жөнделуіне, білім ошақтарының жылытылуына және мектеп әжетханалары сынды көптеген мәселелердің оңды шешілуіне осы қоғамдық бақылаудың нәтижесінде жетіп отырмыз. Қоғамдық бақылау – үкіметтік емес ұйымдар жұмысының бір бағыты. Жақында ғана қоғамдық бақылау туралы заң қабылданды. Оның біздің жұмысымызға үлкен септігін тигізері сөзсіз.

– Үкіметтік емес ұйымдар халықтың сөзін билікке жеткізуші ме әлде билікке көмекші құрал ма?

– Екеуі де болу керек. Ол билікке де көмекші болу керек. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдардың құрылтайшылары – тұрғындар. Мұндай ұйым өзімен өзі құрыла салмайды. Оның бастамасы, тобы, құрылтайшылары болады. Соның барлығын бірге пайдаланып алып кету керек деп ойлаймын. Сонда нәтиже де болады.

– Осы салада жүріп қандай пайда таптым деп ойлайсыз?

– Мектепте оқып жүрген кезден көптеген іс-шараларға қатыстым. Кейбір адамдар жұмыстан шаршадым деп жүреді ғой. Мен керісінше халықпен жұмыс істеу арқылы рахаттанамын. Мысалы, маған кез келген адам жай келмейді, өзінің мәселесімен келеді. Сондықтан да олардың мәселесін көтеріп, дұрыс бағыт беру, шешімін табуға көмектесу, алғысын алу, міне, осыдан жаным жай табады. Алғаш ұйым болғанда жұмысты көп белсенді жастармен бастағанбыз. Қазір осы салада өзім ғана қалдым. Қаншама бірге жұмыс істеген қыз-жігіттер бизнеске, мемлекеттік қызметке, басқа салаға кетті. Өзімнің көзім жеткені, бұл салада жүру үлкен жауапкершілікті талап етеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Назерке СӘНДІБЕК.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support