- Advertisement -

Жаңа білім ошағы бой көтерді

17

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. Президент 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы өскенін, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400- ге жуық мектеп салынатынын да айтқан болатын.

Жалпы, 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарланған. Аталған жоба аясында Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандарында бір мектептен соғылса, Қордай ауданында 3 мектеп, Шу ауданында 2 мектеп, ал, Тараз қаласында 4 мектеп пайдалануға берілмек. Жаңа мектептердің құрылыстары есебінен үш ауысымда оқытылатын және оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешілетін болады. 12 мектептің құрылысын жүргізу үшін барлығына мемлекеттік жер актісі алынған.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Сәдуақасқызының айтуынша, бүгінгі таңда аудандағы 39 жалпы білім беру мекемесінің 28-і типтік, 11-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Оның 29-ы орта, 9-ы бастауыш, 1-еуі негізгі мектеп. Аудан бойынша бұл мектептерде 16266 оқушы білім алуда. Бұдан бөлек, мектепалды дайындық тобында 1072 бүлдіршін тәрбиеленуде.

– Биылдан бастап Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Бүгінгі таңда ауданымызда осы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 600 орындық бір мектеп салу жоспарлануда, – дейді білім бөлімінің басшысы.

Биыл Шоқай ауылында 150 орындық жаңа мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді.

Зәуре Сәдуақасқызының айтуынша, аудандағы II-III топқа жататын 23 мектепке дабыл түймесі орнатылып, 23 мектеп, 3 балабақшаның 260 бейнебақылау камералары аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына интеграцияланған.

Президент Жолдауында бұл білім нысандарын жемқорлыққа жол берген, олардың заңсыз тапқан қаржысы есебінен салуды ұсынған. Яғни, Мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», – деп қаржы көзін де анықтап берген еді Жолдауда.

Қазақстан Республикасының оқу- ағарту министрлігінің өкілдерінің айтуынша, республикамызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 504 мектеп салу жоспарланған. Бұл көлем елдегі демографиялық өсімді ескеріп жасалып отырғаны белгілі. Ал, облыста 12 мектеп жобаға енсе, соның біреуі Шайқорық ауылында салынбақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жайлы мектеп» бағдарламасы туралы біраз сөз болғанымен, ол бүгінге дейін егжей-тегжейі айтылмаған еді. «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасының бүге-шігесі енді ғана белгілі болып отыр.

Атап айтқанда, осы ұлттық жоба аясында білім саласы 2025 жылы Қазақстан үш ауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленген. 2023- 2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Жайлы мектептің» басты мақсаты ретінде «Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою» деп нақты көрсетілген.

Әдетте, ең озық білім ошақтарының еліміздегі ірі қалаларда ғана ашылатыны белгілі. Бірақ, ұлттық жобада жаңа сипаттағы жайлы мектептердің ауылда да бой көтеретіндігі айтылған. Тек ауыл тұрғындарының саны қарқынды өскен, «белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекен» болуы шарт. Ол білім ошақтарының бәрі заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандырылады, зертханаларына дейін болады, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.

Жоба аясында қазір 300, 600, 900, 1200, 1500, 2 мың және 2,5 мың білім алушыға арналған орта мектеп құрылысының типтік эскиздік жобалары әзірленуде екен. Ал, мектептердің құрылысы жаңа жылда басталмақ.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын дайындадық. Осы жобада біз барлық тәуекелдерді ескердік. Бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етілді. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданды. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаратын болады. Бұл өте маңызды», – деді Оқу- ағарту министрлігінің өкілдері.

Үшіншіден, министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік мектептерді салғанда тек оның ғимаратын тұрғызумен шектелмей, «ішкі контентіне» баса назар аударылады. Мысалы, ондағы шәкірттер ең озық әдістемелермен оқиды. Оларды су жаңа мектеп автобустары тасуға тиіс.

«Ол мектептердің әрқайсысына баратын жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтимыз. Себебі, мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше ол мәселелердің бәрі қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады», – деді министрлік өкілдері.

Жаңа мектептерді салуға кем дегенде 2 триллион 606,6 миллиард теңге талап етіледі. Оның 1 триллион 960 миллиарды – республикалық бюджеттен алынады. Тағы 646 миллиард 535 миллион теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Өйткені, ондағы мұнай түсімдері болашақ ұрпаққа арналған, ал мектептер дәл сол ұрпаққа қызмет етеді.

Бұл жоба келесі жылы басталады. 2023 жылы – 499 миллиард 999,7 миллион теңге, 2024 жылы – 1 триллион 38,3 миллиард теңге, ал 2025 жылы – 1 триллион 68,2 миллиард теңге бөлінеді екен.

Аудан үшін қуанышты жағдай, перспективалы елді мекен санатына Шайқорық ауылы енген.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Сәдуақасқызының айтуынша, бұл мемлекеттік «Жайлы мектеп» жобасына ауданнан әзірге бір ғана мектеп кіріп отыр. Оған арнайы жер қаралып, құжаттары әзірленіп құрылыс басқармасына өткізілген. Алдағы уақытта 600 орындық заманауи білім ордасы Шайқорық ауылында бой көтергелі тұр.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support