Ауыл спортын дамытқан мұғалім

Ауыл спортын дамытқан мұғалім
ашық дереккөз
Ауыл спортын дамытқан мұғалім
Ауыл – қай кезде де алтын бесігіміз. Бүгінгі таңда ауылдарға білікті ұстаздар керек. Әсіресе, шалғай аудандарға жақсы ұстаздар өте қажет. Сондай ұстаздың бірі – Биназар ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Дүйсенғали Қыдырбаев. Дүйсенғали Мешітбайұлы бала күнінен спортқа бейім болды. Мектептің жоғары сыныптарында, әскерде өзін жақсы қырынан көрсетті. «Шапқылағанның бәрі шабандоз емес», – дейді халық нақылы. Әскер қатарынан оралған соң, кеңес уақытында мектеп бітірген түлек не жер, не мал мамандығының оқуына түсетін. Дүйсенғали да сол лекпен сол кездегі ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Ауылға келіп әртүрлі қызметтер атқарды. Қандай жұмыста жүрсе де алдыңғы қатардан көрініп жүрді. Қой қырқынына қатысып, шебер қырқушы атанды. Ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түсті. Елді ұйыта білген жігіттің қарымына қарап кеңшардың басшылары оны жоғары қызметке ұсынды. Тағы да нақ сайланатын уақытында сарт бұрылып жүре берді. 2002 жылы Ораз Жандосов мектебіне дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып қызметке орналасты. Спорт саласына қатысты жоғары мамандықты да игерді. Өзінің қалаған мамандығына ауысқан Дүйсенғалидың қуанышында шек болған жоқ. Таудай талабы өрге сүйреп, аудандық №23 балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы қызметін қоса алып жүрді. Спорттың қай түрінен болмасын шәкірттер дайындап, өрге ұмтылды. Еңбегі жанды. Баптаған шәкірттері, командалары биіктен көрініп, әрдайым алдыңғы топтан көріне білді. Аудан чемпионы, облыстық жарыстардың жүлдегерлері дәрежесіне дейін жетті. Ол баптаған қыздар баскетбол командасы 2020 жылы облыстық жарыста жүлделі орыннан көріне білді. Футбол, баскетболды терең меңгеріп, өз ауылында қазақ күресінің дамуына зор үлесін қосты. «Аула спортында», «Салауатты өмір салты» аясында игі іс-шаралар өткізіп, ауыл тұрғындарының алғысы мен марапатына бөленді. Бүгінгі қазақ елі өзінің ұлттық спортының бірден-бір төресі қазақ күресін олимпиада ойындарының сапына кіргізу үшін тер төгіп жатқан сәтте Дүйсенғали да өз ауылында аталған спорттың дамуын қолға алып, бапкеріне айлық, балуандарына жаттығатын орын тауып беріп, үлкен игілікті іс жасады. Аудан ғана емес, облыс, республикаға танымал, Мойынқұм мақтанышы, елеусіз қалған алып палуан Рысманап Шаңлақбаев есімін қайта жаңғыртып, осы кісі атындағы турнирдің кең көлемде дамуына басшылық жасап, облыс көлемінде жоғары дәрежеде өткізіп, 5 жыл бойы тынбай еткен еңбектің арқасында республикалық күнтізбеге енгізіп, жылда өткізілетін дәстүрлі турнирге айналдырды. Дүйсенғали өз туған жеріне деген сүйіспеншілігін шын жүрегімен көрсете білетін нар жігіт. Ауыл жұртының ниетін танып, әдеп пен рухты бекемдейтін мешіт ғимараты мен қатымхана құрылысын жүргізіп- тұрғызып ыстық ілтипатқа бөленді. Тарихта қазақ халқының орнығуына еңселі еңбегі сіңген Биназар батырдың 210 жылдығы мерейтойын өткізу және кесенесін жаңғырту комиссиясы құрамында болып, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, ауыл азаматтарын қайырымдылық жұмысқа ұйытып, сол кездегі аудандық мәслихат депутаттары: кәсіпкер Мадияр Жақсыбаев, Қайрат Хасеновпен бірлесе үлкен жұмыс атқарып, облыс басшылары тарапынан алғысқа ие болып, Биназар бабаның шарапатынан ұрпақ жарған көптеген жандардың ізгі ниеттеріне бөленді. Осы күнге дейін баба кесенесінің дамыту жұмыстарынан қол үзбей келеді. Дүйсенғали Қыдырбаев қоғамдық жұмыстардан сырт қалған жоқ. Тыным таппайтын азамат халықпен бірге үнемі ауыл ішінде өткізілетін саяси-мәдени, қоғамдық іс-шаралардың ортасында жүреді. Спорт жарыстарын да ұйымдастырып, өз қатарына жас мамандарды да баулу үстінде. Талай бәйгеде дес бермей оза шапқан тұлпар алпыс белесінен асып зейнет жасына да келіпті. Ел алдында қажымай жалындап жүрген жігітті, ешкім бұл жасқа жетті деп ойламайды екен. Расында, қазыналы жастың қатарына енген, ұлағаты мол Дүйсекең бұл жаста да дүбірлі додада топ жарған шағынан айнымай, әлі де дес бермесі анық. Жақында Дүйсенғали Қыдырбаев ерекше қуанышқа кенелді. Ұзақ жылғы ұстаздық жылдарында алдынан сан жүздеген шәкірттер өтті. Солар жақында ұйымдасып, Дүйсенғали Қыдырбаев атындағы баскетболдан облыстық турнир өткізді. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаз Дүйсенғали Мешітбайұлына үлкен құрмет көрсетті. Ұстаздың еңбегінің жемісі осы болса керек. Шалғай ауданда спорттың дамуына үлес қосқан Дүйсенғали Қыдырбаевтың еңбегі құрметке лайық.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар