Ерліктің ізімен ел қорғау – басты міндет

Ерліктің ізімен ел қорғау – басты міндет
ашық дереккөз
Ерліктің ізімен ел қорғау – басты міндет
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысында орналасқан шекара департаментіне қарасты Айша бибі шекара заставасында бөлім сарбаздарымен патриоттық тәрбие жөнінде тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Басқосу барысында жас жауынгерлерге Отан қорғау жолындағы қасиетті парыз қағидалары жан-жақты айтылды. Әрбір ер азамат үшін Отан қорғаудан артық қастерлі парыз жоқ екені айдан анық. Бұл ұстаным ұланғайыр ұлы даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпаққа аманаттап кеткен бабалардың тағдырлы тарихынан белгілі. Бүгінгі бейбіт дәуірде сол аманатқа адалдық танытып, ерліктің ізімен ел қорғау – жас жауынгерлердің басты борышы. Осы ретте Айша бибі шекара заст авасында өткен басқо суды аталмыш департаменттің қоғамдық жұмыс жөніндегі жетекшісі Қошан Жұмабаев ашып беріп жүргізіп отырды. Іс-шараға Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Дүкенбай Ермеков, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңе сінің жанынан құрылған Аналар алқасы тұрақты комиссия төрайымы Хадиша Оспанова қатысты. – Қазіргідей құндылықтар алмасқан аумалы-төкпелі уақытта ел қорғайтын жастарымыз үшін артылар жауапкершілік жүгі мол. Жасыратыны жоқ, интернет қосымшалары жаулап алған жастардың санасы ел үшін маңызды дүниелерден алыстап барады. Әскерге барудан жалтарып жүрген жастардың басым көпшілігі түнгі кафелерде, компьютерлік клубтарда жүреді. Ондай жүрістен өзіне де, қоғамға да, Отанға да еш пайда жоқ екені айтпасақ та түсінікті. Еліміз сенім артып отырған жастарымыз ел қорғаудан қашып жатса кімге үміт артамыз? Бабаларымыз 14-15 жасынан атқа қонып, ел қорғағаны, Ұлы Отан соғысына аттанған бозбала жастағы батырларымыздың арасында Әлия мен Мәншүк сынды қаракөздеріміздің өзі сұрапыл соғысқа сұранып барғаны, кешегі Желтоқсан оқиғасында ел мүддесі жолында қыршын кеткен қаһармандарымыздың барлығы кәмелет жасындағы өрімдей жауқазындарымыз еді. Даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы «жиырма жас – ерлік жасайтын уақыт» деп бекер айтқан жоқ. Сондықтан, осындай өр рухты батырлардың ұрпағы – бүгінгі жастарымыз Отан ананың сенімін абыроймен ақтауы тиіс. Әскер – ер азамат үшін өмір мектебі. Сондықтан «әке көрген оқ жонар» деп дана халқымыз айтқандай, замандастарына үлгі болып, борышын адал атқарып жүрген жас жауынгерлердің болашағына сеніміміз зор, – дейді ардагер Дүкенбай Ермеков. Мұнан соң Жасөркен шекара заставасы басшысы, аға лейтенант Ералхан Асхат өзінің бөлімшесіндегі сарбаздармен кездесу өткізіп, қонақтардың айтқан кеңестеріне алғысын айтып, сарбаздардың әскердегі жағдайларымен таныстырды. Ардагерлер жас сарбаздарға әскери міндеттерін абыроймен орындап, үйлеріне аман қайтуларына тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

   

Ұқсас жаңалықтар