- Advertisement -

Кооператив жері мемлекетке қайтарылды

53

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Бұл бағытта «Amanat» партиясының бастамасымен былтыр «Жер аманаты» жобасы қолға алынып, өңірде өткен жылы мемлекет меншігіне 208 мың гектардан астам жер қайтарылған болатын. Ал, биыл 100 мың гектарға жуық жайылымдық жер қайтарылды.

Аймақта бұл жоба аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан аудандарда жер мәселесі өзекті. Сондай ауданның бірі – Меркі. Осы орайда, «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов «Жер аманаты» жобасы аясында сол ауданның Аспара ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Елді мекенде жайылым жер жетіспейді екен. Ауыл халқымен жүздесуде партия облыстық филиалының төрағасы партияның ауыл маңында пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтаруда атқарып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ, осы бағытта «Жер аманаты» комиссиясының мақсатын да жеткізді.

– Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма берген болатын. Осы мақсатта, «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында «Amanat» партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, құзырлы органдармен тиісті жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде, өткен жылы өңірде 208 мың гектардан астам жер қайтарылса, биыл жыл басынан бері 100 мың гектарға жуық пайдаланусыз жатқан жер ауылдық округ әкімдіктерінің меншігіне берілді. Жыл соңына дейін тағы 50 мың гектарды қайтаруға ықпал ететін боламыз. Жалпы, алдағы екі жылда 250 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару үшін жұмыс істейміз, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Кездесу барысында Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Нұрпейісов ауыл тұрғындары мен «Аспара» өндірістік кооперативі арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, кооператив пен Аспара ауылдық округі әкімдігі арасында 150 гектар жерді ауыл тұрғындарына жайылымдық жер ретінде беру үшін Меморандумға қол қойылды. Осылайша, кооперативтің жері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бүгінгі күні мал және егін шаруашылығымен айналысатын кооперативке де егіндік жер қажет. Сондықтан, жергілікті әкімдік ұжымға басқа аймақтан 150 гектар егістік жер беріп отыр.

150 гектар жайылым жердің қайтарылғанына аспаралықтар дән риза. Себебі, мал басы күн санап артып келе жатқан ауылдағы жұртшылық малды өріске сыйдыра алмай келген еді. Алдағы уақытта округ тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие де берілмек.

– Ауылдағы негізгі күнкөріс – төрт түлік. Қолдағы малды елді мекеннен ұзатып жая алмаймыз. Өйткені, шаруалардың егістік жерлері көп. Осы орайда, «Amanat» партиясының облыстық филиалының араласуымен ауыл халқына 150 гектар жер беріліп отыр. Ауыл халқының мәселесіне баса ден қойып отырған «Amanat» партиясына алғысымыз шексіз, – дейді Аспара ауылының тұрғыны Жарылқасын Байжұманов.

Жалпы, Меркі ауданы бойынша биылдыққа 10 мың гектарға жуық жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтару межесі қойылған. Қазіргі таңда оның 8 мыңы қайтарылды. Жыл соңына дейін тағы 2 мың гектар қайтарылатын болады.

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support