- Advertisement -

Рәміздер – тәрбиенің қайнар көзі

55

- Advertisement -

Жастарға патриоттық тәрбие беруде ұлттық нақыштарымыз рәміздердің ерекше орын алатындығы белгілі. Сондықтан да оны үнемі насихаттап отыру керек. Рәміз – бұл мемлекеттің төлқұжаты. Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы мақсат – әрбір жастың жігерін оятып, оның Отан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту. Сонымен бірге жастарды Отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу.

Әсіресе, халықаралық жарыстарда Әнұранымыз шырқалып, Ту көтерілгенде тебіренбейтін жан қалмайды. Жарысты теледидардан көріп отырғанда үлкендер тұрмақ балабақшадағы бүлдіршіндер ойынын қоя салып, теледидардың алдына тұра қалып, қолын кеудесіне қойып, кішкентай алақанымен жүрек тұсын басып, Әнұранды қосыла шырқап кетеді. Балғындардың сол сәттегі ісін көріп, қуанасың. Кішкене болса да олар Әнұранның қасиетін жүрегімен сезеді. Бұл да бір қанмен сіңген ұлтымызға тән қасиет болар.

Тәрбиешілер күнде ертеңгісін ересек топ бүлдіршіндерін қаз- қатар тұрғызып, алақандарын жүрек тұсына, кеудесіне бастырып, Әнұранды үйретеді. Бұл бала санасына сіңіріліп жатқан жақсы өнеге. Балабақшаға баратын кез келген бала Әнұранды мүдірмей, жатқа айтады. Өйткені, біздің Әнұранның сөзі жеңіл, тез жатталады. Әуені әуезді.

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар, – деп басталатын Әнұранның өлең шумақтары – адамға зор рухани әсер беретін күштің, халықтың, ұлттың, мемлекеттің, елдің бірлігінің нышаны сипатталады. Сонымен бірге балалар балабақша төрінен орын алған Ту, Елтаңбаны күнде көріп жүргендіктен, оның қастерлілігін сезінеді.

Ертеректе Ту – бейбіт кезде құрметпен сақталып, ол тек жаугершілік кезде ғана шығарылып отырған. Тудан айырылу – өліммен тең болған. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ту – қасиет! Ту – әскерлердің ар намысы»! Ал, бүгінгі таңда көк Туымыз Астанамыздың төрінде желбіреп, күн шуағын шашып, ашық аспан астында қыранымыз қалықтап ұшып жүр. Бұл бейбітшілік пен татулықтың, достық пен ынтымақтың, жалпы алғанда қазақтың дарқан пейілінің көрінісіндей.

Көк тудың желбірегені –

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту

Жан емес маған керегі –

Көк тудың желбірегені, – деп әнге арқау болған ақын Алмас Ахметбекұлының осы өлеңі барша жастарды нағыз патриоттық рух пен тәрбиеге шақырып тұрған жоқ па?

Күн сәулесі, көк аспан, шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары – барлығы Елтаңбаны бейнелейтін нақыштар. Шаңырақ – Елтаңбаның жүрегі іспеттес. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелесе, қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі. Елтаңбадағы бес жұлдыз, жарық жұлдыз Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын білдіреді. Бидай сабақтары – молшылықтың нышаны. Аспан ашық, жұлдызы жарқыраған, шаңырағы биік, жеңімпаз, молшылық елінің перзенті болу.

Қорыта айтқанда, елімізді, жерімізді, рәміздерімізді, Отанымызды құрметтеуге және патриоттық сезімімізді нығайта түсуге тырысу – ол әрбір азаматтың парызы! Туған жер деген киелі ұғымды әрбір қазақстандық құрмет тұтуға, қастерлеуге міндетті.

 

Камшат ӘБИЕВА,

№19 бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support