- Advertisement -

Тәуелсіздіктің Тұғыры

116

- Advertisement -

Мемлекеттік Рәміздер туралы сөз қозғалған кезде біз, жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков туралы айтпай кете алмаймыз.

Шәкен Оңласынұлының алда 85 жылдығы келе жатыр. Оны республика деңгейінде өткізу жоспарлануда. Ал, туған жерінде Ту авторының мерейтойын атап өту іс-шаралары біраздан бері ұйымдастырылып келеді. Осының аясында өзінің туған жерінде Бесжылдық атауын Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбековтің атына ауыстырылды. Ендігі кезекте Жамбыл ауданы мен Тараз қаласынан бір-бір көшеге, Тараз қаласында бір мектепке қоғам қайраткерінің есімін беру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік транзитінің Бесжылдық елді мекеніне бұрылар тұсындағы бір гектар егістік жерімнен 15 сотық жер бөліп, оны рәсімдеп, Қазақстан Республикасы Туы саябағын ел болып, жұрт болып аштық. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» демекші, сөз берген кісілер уәдеде тұрып, мемлекеттік бағдарламалар аясында алғашында 41 миллион теңге, кейіннен инфрақұрылымын тартуға қосымша 15 миллион теңге бөлді. Сөйтіп, 15 сотық алаңда биіктігі 23 метрді құрайтын көк Ту бой көтерді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны «МадГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиімді жұмсап, жақсы саябақты ел игілігіне берді. Ал, ауылдың кіреберісінен Шәкен Ниязбековтің есімі жасалған темір арка орнатылды. Оны 2001 жылы осындағы Әзімбек Ысмайылұлы атындағы орта мектепті бітірген, 1984 жылы дүниеге келген мектеп түлектері жүзеге асырды.

Жалпы, Шәкең өмірде өте қарапайым, мақтанғанды қаламайтын. Көбіне өзімен-өзі, ой үстінде қалатын. Өмірінің соңғы жылдары Шәкен Оңласынұлының інісі ретінде қасында болып, ол кісімен көп пікірлескен едім. Бірде оңаша отырғанымызда, «Көке, көк Байрағымыз қалай өмірге келді» деп сұрағаным бар.

«Тәуелсіз еліміздің туын жасауға байқаудың жарияланғаны жөнінде Жоғарғы Кеңестен Ербол Шәймерденов деген азамат хабарлаған болатын. Шынымды айтсам, ұтамын деген ой болған жоқ. Сонда да конкурсқа қатысып, бақ сынап көруге ұйғардым. Сөйтіп дүние жүзіндегі барлық Тулардың фотоларын жинап алып, зерттедім. Конкурс екі айға созылды. Біреуге анау ұнайды, біреуге мынау ұнайды дегендей талқылау созылып кетті. Мен болсам барлық идеяларымды соңына дейін айтпай жүрдім. Себебі, сол конкурсқа қатысқандар өз жақтаушыларының жұмысын өткізуге тырысып жүргендерін байқап қалдым. Бәрі бір-бірімен айтысып болғаннан кейін соңғы нұсқамды көрсеттім. «Неге сегіз бұрыш қолданбаймыз?» деген сұрақ қойылды. «Сегізбұрышты Әзербайжан алып қойды, басқа ұлттық нақыштарымыз жетпей ме?» дедім. «Неге айды сал-майсың, неге шаңырақты салмайсың?» дегендер де табылды. «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Мен дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы, ал шаңыраққа келсек, ағайындар-ау, шаңырақты қырғыздар қызыл туларына салып қойды, неге біз біреудің істегенін қайталауымыз керек?» деп жауап бердім», – деді.

Бұл жолда да Шәкеңе көп сын айтылса керек. Кейбіреулер «Бүркіттің күннің қақ ортасында ұшуы қисынға келмейді» деген пікір де білдірген ғой. Шәкең сабырлы адам болатын. Барлық сыннан сүрінбей шыққан ол конкурста өз позициясында тұрып, «Тудың түсі көк. Себебі, біз Тәңірінің адамдарымыз. Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық тірестіре алатындай жағдайға жетті. Бүркіт – ең биікке көтерілетін әрі ұзақ жасайтын құс. Былайша алсақ, Қазақ елінің рәмізі», дегеннен кейін елдің бәрі идеямды түсінді. Қарсы келген жоқ. Қыран құс – ерлік пен азаттықтың символы. Ал, қыранды алғаш рет тек біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың Туымызда бейнеленуі – заңдылық!» деп тарата айтып берген соң ғана қазылар алқасы осы нұсқаға тоқталыпты.

Шәкеңмен келесі бір жолыққанымда «Сейдилла, Туда қазақтың үш мәселесі бар» деді ағынан жарылып. Мен де білуге құмартып, «айтыңышы аға», деп қолқа салдым. Ол сәл ойланып отырды да «Тудағы бірегей көгілдір түс тектен-текке таңдалған жоқ. Ол аспан мен өмір нәрі – судың да түсі. Бірінші, көктәңірі көк түс. Қазақ Тәңірге сыйынған. Тәңіршілдіктің кейбір әдет-ғұрпы қазіргі салтымызда да бар. Екінші, қазақтың мәрттігін, кеңпейілділігін, ерлігін танытатын бүркіт. Бүркітіміз бен күніміз, көк аспанымыз Туда. Үшіншіден, қазақтың қазақ екендігін айшықтайтын оюын туға қондыруды мақсат еттім. Ұлтымыз бен Туымызды айшықтап тұрсын деп ерекше ою ойлап таптым» деп еді. Сол қасиетті Туымыз бүгінде спорттық бәсекелерде, саяси алаңдарда желбіреп, еліміздің елдігін, бейбітшілігіміздің беріктігін көрсетіп тұр.

 

Сейдилла ПІРІМҚҰЛОВ.

Шәкен Ниязбеков ауылы,

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support