- Advertisement -

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде «Отбасы банк» АҚ-да тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үйді сату

88

- Advertisement -

2023 жылдың 15 тамызынан бастап, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында, жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үйлерді бөлу жаңа әдіспен жүзеге асырылады.

10% басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% және 5,2% бастап сәйкесінше) беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады.

Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 2% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 2% -дан бастап) қолжетімді несие алуға өтініш бере алады:

1. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

2. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

3. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

4. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы отбасылар, көп балалы аналар.

Қазір осы төрт санат бойынша 227 мың қазақстандық баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 51 мыңы 1 және 2 топтағы мүгедектер.

Отбасы банкінің аталмыш санаттағы азаматтарды несиелеу тәжірибесі бар. Бүгінгі күні бұрын қолданыста болған бағдарламалар бойынша 564 адам заем рәсімдеген, олардың тең жартысы кепілгер тартқан. Өйткені, кез келген банктен несие алу үшін сізде табыс пен төлем қабілеттілігін растайтын құжат болуы керек. Мүгедектік бойынша жәрдемақы қосымша табыс ретінде ғана қарастырылады.

Егер мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады. Ал бұрын бұл мақсатқа тек жақын туыстары – күйеуі немесе әйеліне, я болмаса кәмелеттік жасқа толған балаларына ғана кепілгер ретінде қатысуға рұқсат берілетін.

1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін және олардың баспана мәселесін шешуге көмектесу мақсатында қосымша қарыз алушылардың тізімі кеңейтілді. Енді кепілгер ретінде олардың туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін және үшінші тұлғаларды тартуға болады.  

Пәтер сатып алу мәмілесі тікелей мемлекеттік бағдарламаға қатысушымен жасалатын болады. Бұл жағдайда 1 және 2 топтағы мүгедек еңбекке жарамсыз болса, өкінішке қарай ол мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайды.

Тағы бір жаңашылдық, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша, кредит алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-ден (2%-дық мөлшерлеме бойынша несие алу үшін) және 3,7-ден (5%-дық мөлшерлеме бойынша несие үшін) аспауы керек деген талап бар болатын.  Ол тиісінше 125 757 және 150 098 теңгені құрайтын. Мәселен, бұл сома белгіленген нормадан кем дегенде 100 теңгеге асып кетсе, отбасы қолжетімді заемнан қағылып, баспана мәселесін шеше алмайтын.

Сондай-ақ, Тұжырымдамаға сәйкес қатысушылар кредиттің ең жоғарғы сомасы бойынша шектелмейтін болады. Бұрын аймаққа байланысты ол 10 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін болатын. Енді кредит сомасы пәтер құнына негізделіп, тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасынан қалыптасады.

Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық классына сәйкес келіп, пәтердің максималды ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады.

Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында жылжымайтын мүлік объектілері аясында қабылданатын болады. Бұл бұдан былай бүкіл Қазақстан бойынша өтінімдерді жалпылама қабылдау болмайды деген сөз. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті қатысушылары енді бірден белгілі бір аймақтағы нақты нысандағы нақты пәтерді таңдап өтінім беретін болады.

Мәселен, қазіргі таңда жылдық 2% мөлшерлемемен (ЖТСМ 2%-дан бастап) заем алып, азаматтар қоныстана алатын нысандар Шымкент пен Ақтөбе қалаларында дайын. Бұл бірінші кезеңде мемлекеттік бағдарламаға осы екі облыстың тұрғындары ғана өтініш беріп, қатыса алады деген сөз. Қалған өңірлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдармен салынатын белгілі бір өңірдегі жылжымайтын мүліктің дайын болу уақытына қарай бағдарламаға қатыса алады. Банктің сайты мен әлеуметтік желілеріндегі ақпаратты қадағалап отыруларыңызды сұраймыз.

Тұжырымдамаға қатысушыларды таңдаудың негізгі критерийлері ретінде: тұрғын үй кезегіне тұру уақыты мен қабылдану санаты болады. Яғни, үміткерлер арасынан әлеуетті қатысушыларды іріктеу кезінде бірінші кезекте 1 және 2 топтағы мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі.

Жылжымайтын мүлік азамат баспана кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы керек.

Тұжырымдама аясында жергілікті атқарушы органдар арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйлерді ғана сатып алу көзделеді. Оның бар-жоғын otbasybank.kz порталынан көруге болады.

Бұған дейін «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының алдыңғы нұсқасы) жүзеге асырылған төрт жыл ішінде 16 мыңнан астам қазақстандық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспаналы болып, қоныс тойын тойлады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша, өз аймағында лайықты баспананың жоқтығынан, былтырғы жылдан бері жеңілдетілген заем ала алмай жүрген «Бақытты отбасы» бағыты қатысушыларының өтініштері 2023 жылдың 15 тамызында жойылатын болады. Бұл ережеге «Толық емес отбасы» санатына жататын, сондай-ақ белгілі бір нысанға өтініш беріп, қазір заем алу барысында тұрған азаматтар ғана бағынбайды. Өтінімдері жойылған азаматтар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысу мүмкіндігін алады.

Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың барлық қалған санаттары жылдық 5% мөлшерлемесімен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) қолжетімді заем алуға өтініш бере алады.

Жамбыл облысы өңіріндегі мемлекеттік бағдарлама арқылы сатылымға қойылатын нысандар, Қазақстан Республикасындағы аумағы ең үлкен «Ұлы Дала» шағын ауданында жүзеге асады. Бүгінгі күнде 803 пәтер сатылымға шығарылды. Оның 303 пәтер тікелей брондау арқылы сатылымда болады. Ал 500 пәтер конкурстық сатылыммен іске асады.

Сатылымға шығарылған 13 нысан бойынша балалар ойын алаңы, көлік тұрағы, коммуналдық  инфрақұрылымдары аяқталған.

***

««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.

 

Сұлтанов Нұрлан Темірбекұлы
Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының директоры

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support