- Advertisement -

Бастауыш сынып ыстық тамақпен қамтылады

158

- Advertisement -

Санаулы күндерден кейін мектеп есігі оқушыларға айқара ашылады. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – барлық өңірдің мектептерінде 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтылады. Барлық ата-ана үшін балаларының уақтылы және дұрыс тамақтануы маңызды. Сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасалған бұл бастама ата-ана үшін де, балалар үшін де қуанышты жаңалық.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, өңіріміздегі бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға облыстық мәслихаттың шешімімен 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Әр оқушының тамағына орта есеппен 450 теңге жоспарланған.

Жалпы, жаңа оқу жылында облыстағы 494 мектепке болжаммен 251 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Ал, 1-сыныпқа бүгінгі күнге дейін 22 мыңнан аса оқушы қабылданған.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 326 баланы тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425 678 мың теңге қаралған.

Облыста білім саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр бұл салаға 244,1 миллиард теңге қаралып, игерілсе, биыл 284,8 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр.

Жаңа өзгерістің тиімді тұстары көп екенін жеткізген Талас ауданы Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектебінің директоры Ержігіт Ияукулов білім ошағындағы жағдаймен бөлісе келіп:

– Сыйымдылығы 720 оқушыға арналған Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектебі 1983 жылы салынған. 2006 жылдан бері асханамыз жарамсыз болып қалғандықтан, қазіргі таңда мектеп ішінен бір кабинетті ыңғайластырып отырмыз. Оның сыйымдылығы 40 оқушыға арналған, көлемі 49,7 шаршы метр, ал қоймасы 15 шаршы метрді құрайды. Былтырғы оқу жылында бір мезгіл ыстық тамақпен 94 оқушы қамтылған болатын. Биыл Президент Жолдауына байланысты барлық 1-4 сынып аралығындағы 134 оқушы және категория бойынша 5-11 сыныптардағы 50 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады деп жоспарлануда, – деді.

Аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Ақшорақызы бұл оңтайлы бастаманың әсіресе бала денсаулығына пайдасы көп екенін айтты. «Қарны тоқ бала ештеңеге алаңдамайды, сабаққа ынтасы жоғары болады. Одан кейін сырттан қосымша тамақ жемейді. Ішінде қоспасы көп қытырлақ нан, қытырлақ картоп, газдалған сусын сынды пайдасыз тамақтардан аулақ болады. Ата-ана да, мұғалімдер де баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамайтын болады», – дейді ол.

 

Назерке СӘНДІБЕК.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support