- Advertisement -

JOLҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ ҚАСІРЕТІ

96

- Advertisement -

ОСЫДАН ТҰП-ТУРА 74 ЖЫЛ БҰРЫН СЕМЕЙ ЖЕРІ СІЛКІНІП, БҮКІЛ ОБЛЫС ХАЛҚЫ ДҮРЛІГІП САЛА БЕРДІ. ТЕК ОБЛЫС ҚАНА ЕМЕС, БҰЛ ТОСЫН ЖАҒДАЙ БҮКІЛ ҚАЗАҚ ЕЛІН ЕЛЕҢ ЕТКІЗДІ. 1949 ЖЫЛДЫҢ 29 ТАМЫЗЫНДА КЕҢЕС ЕЛІ СЕМЕЙ ӨҢІРІНІҢ АБАЙ ЖӘНЕ АБЫРАЛЫ АУДАНДАРЫНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ 30 КИЛОТОННА БОЛАТЫН АЛҒАШҚЫ АТОМ БОМБАСЫН ЖАРДЫ.

1947 жылы КСРО Министрлер кеңесінің шешімі бойынша құрылған Семей ядролық полигоны аясында КСРО-да жасалған ядролық қарудың алғашқы сынақтары жүргізілді. Ядролық тәжірибелер үшін Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағынан 18 500 шаршы шақырым жер бөлінген.

Ядролық қару сынағы мұнымен тоқтамады. 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда әлемде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутегі бомбасы сыналды. 1953 жылғы тамызда термоядро қондырғысының, ал 1955 жылы А.Сахаров жасап шыққан бомба күші іс жүзінде анықталған.

Осылайша Абылай хан, Бұқар жырау, Қазыбек би сияқты ұлыларды дүниеге әкелген, Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары сынды батырлардың түрлі шайқастарда ізі қалған, Тәттімбет, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мұхтар Әуезов сияқты қазақтың біртуар даңқты ұлдары өмір сүрген даладағы тіршілік тып-типыл болды.

Ресми ақпараттарға сүйенер болсақ, 40 жыл ішінде Семей полигонында ауада және жер бетінде жасалған барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға лақтырылған бомбаның қуатынан 2500 есе күшті болған деген дерек бар. Ал, түрлі есептеулер бойынша, Қазақстанда полигондағы сынақтардан 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Салдарынан әлі күнге дейін сол аумақтың тұрғындары түрлі ауруларға шалдығып, бұл оқиғаның зардабын әлі күнге дейін тартып келеді.

Бұл турасында жазушы Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» кітабында «…Семей полигонында болған 470 жарылыстың 307-сі Дегелең мен Балапан бұйратынан қазылған 131 штольняда және әртүрлі тереңдіктегі ұңғымаларда жасалған. Кейбір сәтте, әрине, жарылыстың күш-қуатын арттыру үшін ядролық зарядтар қат-қабат жарылған. Мысалы, 1978 жылғы 27 шілдеде 104-штольняда бір мезгілде бес жарылыс жасалыпты. Демек, 1961 жылдан 1991 жылға дейін айналасы небәрі 22 шақырым шағын тау күні-түні тоқтаусыз жүрген жарылыс дүмпуіне тап болған. Әскерилердің Балапан, Телкем, Ақтанберлі, Сарыөзен, Байкал, «Тәжірибе алаңы» атаған жазықта, кейіннен Дегелең тауы мен Балапан бұйратының қойын-қонышын ұңғып, жерастына да бойлап ядролық жарылыстар жасағаны – қазірде жария шындық» деп жазады.

Ал, сол уақытты Президент пен Министрлер кабинеті аппаратының Экология және табиғатты пайдалану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған, бүгінгі экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменов былай еске алады: «Жарлық халық ашуын басу үшін ғана дайындалған еді. Полигонды жабу туралы Президент Жарлығы бір жұмыс күні ішінде дайындалып, оған сол күні-ақ қол қойылған болатын. Ол кезде мен Президент пен Министрлер кабинеті аппаратының Экология және табиғатты пайдалану бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Біз Президент пен халық арасында дәнекер болдық, күрделі мәселелерді шешуге тырыстық. Ал, Семей полигонын жабу туралы Жарлықтың тарихына келер болсам, мен сол күні Ғылым академиясының алдындағы алаңда болғалы жатқан шерудің хабарын ертеңгілік радиодан естідім. Халық наразылығы орын алса, тоқпақтың бір басы билікке тиетіні белгілі. Сол үшін де көптің ашуын басатын бір құрал не саяси шешім керек болды. Мен әуелден Семей ядролық сынақ полигонын жабу жөніндегі ел Президентінің Жарлығын әзірлеуді қолға алдым. Әрине, мұндай деңгейдегі Жарлықтарға бір күнде қол қойылмайтыны белгілі, кем дегенде бір ай уақыт қажет. Министрліктер, өзге де тиісті органдардың келісімі жиналады, ақыр аяғында республика басшысының Одақ басшысымен келісімі болған жағдайда ғана Жарлық шығарады. Ал, бізде мұның бірде-бірі жоқ болатын. Бұл жалғыз нардың көтерер жүгі емес еді. Соны біле тұрсам да, тым құрыса, жиналған халыққа: «Міне, Жарлықты жасап жатырмыз. Жоғарыдағылардың бәрі танысып, келісімін бергеннен кейін полигон да жабылады. Қарап отырған жоқпыз, жұмыс істеп жатырмыз», деп айтып, митингіні тарататын саяси құрал болар деген ниетпен біздің бөлім қызметкерлері Жарлықты жазып, әзірлеп шығардық…», дейді.

Иә, атом қаруының таралуына қарсы күрес – ядролық сынақтардың зардабын бастан кешірген және ядролық өлім әлеуетінен өз еркімен бас тартқан Қазақстан үшін басым бағыт. Бұл ел ТМД мемлекеттері арасында алғашқыларының бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы және ядролық қаруға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қосылды. Сондай-ақ, Қазақстан осындай тәжірибелердің салдары туралы ақпаратты таратуға ықпал ету үшін ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтуді ұсынған болатын. Осылайша қазақ жұрты сұм қарудан өз еркімен бас тартты.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support