- Advertisement -

Ұлттың ұлы қуаты мен қадірі

149

- Advertisement -

Ту, Елтаңба, Гимн – ең қадірлі мәртебелі белгілер. Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктеткен таңбалар. Тіршілік атаулының құны шексіз, бағасы теңдессіз. Сол сияқты біздің мемлекеттің де құжаты, құны, бағасы бар. Ол – мемлекеттік рәміздер. Рәміздер халықтың рухын, ой-өрісінің кеңдігін, ұлттық санасын, қаhармандығын, кешеге деген алғысы мен ертеңге деген үмітін, арман-тілегін жеткізеді.

Отан-Ананы, рәміздерін құрметтеу арқылы ел құндылығын асқақтатамыз. Көгілдір аспан түстес көк Тудың желбірегені – бейбіт күннің тыныштығы, мызғымас ойлардың мықтылығы, өрлігі. Елтаңба шаңырақтың шаттығы, тұяғының бүтіндігі тұлпардың тарпаң бейнесі, ыстық ықылас пен мейірімнің көзі іспетті шуақты күн бейнесі – тұтатқан оттың сөнбегенін, қайсар рухтың өлмегенін білдірсе керек-ті. Бұл белгілер дархан пейіл қазақтың арманының асқақтығының айнасы. Ал, Әнұран көңілдің шарықтағаны, ұлт өмірінің маңызы мен мазмұнының дастаны.

Иә, әлемді өзіне қаратқан алпауыт мемлекеттердің алдында жеңіске жеткен спортшылардың жат елде маңдай терімен жеткен жеңісі көк Туды желбірете көтерген сәтте екі еселене биіктеп, Әнұранмен қалықтай түседі. Сол сәт жанарынан жас тамып, көкірегін кере күрсіне тұрып, сүйсіндірген қаракөз өзінің ғана емес, бүкіл елдің мәртебесін биіктеткенін түйсіне түсесің. Сонда мінберде шырқалып, ұлтты ұлықтай түскен Әнұран да жаныңды елжіретіп, туған жерге, елге деген махаббатыңды арттырып, жаныңды шексіз сезімге бөлейді. Бұл Отан-Анаға деген сүйіспеншілік, Тәуелсіз елге деген тағзым. Ұлттық рухтың қуаты мен қадірі.

Елтаңбада шаңырақ бекер бейнеленбеген. Ол қазақ үшін ең қасиетті ұғым. Қазақ отбасы құрған екеуді «Шаңырақ көтерді» деп «Шаңырағың биік болсын», «Шаңырақтарың шаттыққа толсын», «Шаңырақтарың шайқалмасын» деген ыстық ықыласпен жақсылыққа балап, лебіздерін білдіріп қана қоймай, отау көтерген жастардың төбесіне киіз үйдің шаңырағын тігіп, уықтарын қалаған. Дәл осы жақсылықтың нышаны рәміздердің биігін де асқақтатып тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында бейнеленген жұлдыз да адамның болмысына жақын, қастерлі. Сондықтан болар «Жұлдызың жансын», «Жұлдызың жарқырасын», «Жұлдызың жоғары болсын» деп жатады.

Ежелден еркіндік аңсаған елдің тәуелсіздікке қол жеткізіп, басына бақ қондырғаны, елінің жыры болып төгілетін ері мен гүлі болып егілетін қызы, абыройын асыратын қария қазынасы мен ардақты анасы, аяулы перзентіне дейін Әнұранды әуелете шырқап, «Туған жерім менің – Қазақстаным» деп елжіреп тұрса, құрметтің асқар шыңы да сол болғаны ғой.

Студенттік шақта Қытай елінен Қазақстанға білім алуға келген қандасымыздың бөлмесіне кірдік. Бөлменің төрінде ілулі тұрған дәптердің ақ парағына көзім түсті. Көк Ту бейнеленіпті. Оны ешбір суретші де салмаған. Жай ғана қаламмен қолынан келгенше Тудың суретін салып, әспеттеп іліп қойған екен. Сонда жиһазсыз жұпыны бөлме сол бір ғана қағаздағы суреттің құдіретімен нұрланып қоя берген еді…

Кеше мен бүгіннің сабақтастығының жарқын көрінісін, тереңнен тамыр тартқан ұлт даналығын, асқақ арманы мен тілегін жеткізетін белгілердің құны ешқашан тапталмауға, талауға түспеуге тиіс. Ел еңсесін көтеріп, арман-мұратын жеткізудің ең асыл да қасиетті бөлшегі ол рәміздер. Сондықтан қымбатты, сондықтан қадірлі!

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support