- Advertisement -

«Aq jol» газетінің аты берілген көшеге асфальт төселді

25

- Advertisement -

Небір қиын-қыстау кезеңдерде Мұхтар Әуезовтей заңғар жазушылар мен Қасым Аманжоловтай алапат ақындардың шығармалары алғаш жарық көрген, ақиқаттың алдаспанына айналған облыстың бас басылымы – «Aq jol» газетінің ғасырлық белесіне орай, Тараздағы көшелердің біріне басылымның аты берілген болатын. Қант зауыты алабындағы бұл көшеге таяуда асфальт жабындысы төселіп, тұрғындар қуанышқа кенелді.

Халықтың жүз жылдық сырласы болған, өңір тарихының ғана емес, Әулиеата руханиятының әу бастан шырағын маздатып, рухын әуелетіп, шежіресін қалыптастырған басылым қаншама мүйізі қарағайдай қаламгерлердің тағдырын бір арнаға тоғыстырған киелі шаңырақ. Қазақ детективі жанрының атасы атанған Кемел Тоқаевтың өзі осы басылымда 24 жасында еңбек етіп, өз үлесін қосып кеткен болатын. Осылайша, тәуелсіз ел тарихына қолтаңбасын қалдырып, шаңырағы шындықтың шыңына айналған бас басылымның 100 жылдығы аймақта ғана емес, республикалық деңгейде ұлағаты мол шараларға ұласып, мерейлі сәтте облыс орталығынан көше атауы берілген еді.

– Осы көшенің бойындағы қарашаңырақта дүниеге келгенімнен бері 73 жыл бойы табан аудармай тұрып келе жатырмын. Алапта жиырма мыңнан аса тұрғын, дәл осы көшеде екі мыңға жуық халық бар. Бұрын бұл «Дальный» көшесі деп аталатын. Осы көшемен мектепке барып, алғаш қара таныдық. Бір сөзбен айтқанда, осы көшенің топырағы табанымызға, шаңы маңдайымызға сіңіп өстік. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де ескі идеологиялық көзқарастан түбегейлі арылып, көшеміздің аты қазақшаланса деп сан мәрте мәселе көтерген едік. Абырой болғанда, өңіріміздің бетке ұстар басылымы – «Aq jol» газетінің аты беріліп, қуанышымыз еселене түсті. Аймақтың бас газетінде халықтың жанайқайы, тіпті осы қант зауыты аумағында шешімін тапқан талай мәселені көзбен көрдік. Енді сол халықтың аманатын арқалаған басылымның аты берілгенде, біздің де мәселеміз бейжай қалмайтынына сендік. Міне, енді сеніміміз еселеп ақталғандай болды. Бұл көшеге ешқашан асфальт төселмеген. Талай мәрте сұрағанымызбен, мәселеміз тасада қалып келді. Қанша жылдан бері облыс орталығына қарағанымызбен, қара жолда өміріміз өтті. Шынымен қалада тұрып жатқанымызды енді сезініп жатқандаймыз. Сол үшін қала басшылығына алғысым шексіз. Енді жарықтандыру мәселесі де шешіледі деген үміттеміз, – дейді қала тұрғыны.

Расымен, бұл тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш. Жаздың басында шаңы шығып жатқан көше бұл күнде тақтайдай теп-тегіс, көше бойына арша, шырша ағаштары егілген. Талайға таңсық болған көшенің тазалығын сақтау мәселесі де тұрғындардың тұрақты назарында.

– Көшенің бұрынғы көрінісі мен қазіргісін мүлде салыстыра алмаймыз. Себебі, бұл көшеде жол, газ, тіпті электр жарығы тартылмаған кездерді де бастан кештік. Енді қызығын немерелеріміз көрсін. Бұл «Қант зауыты» алабындағы үлкен көшелердің бірі. «Aq jol» газетін сонау «Еңбек туы» кезінен білеміз. Бала күнімізден сүйікті басылымымыз. Небір қиын кездерде ақиқатын айта білген, әлі де көп мәселе көтеріп жүрген басылымның аты көшемізге берілгенін жақсылыққа жорығанымыз рас. Бұл өте тағылымы мол шешім болды. Алдағы уақытта қоғамдық көлік мәселесі де, басқа да ұсыныстарымыз ескерілетініне сеніміміз мол, – дейді көше тұрғыны Ақылбек Қарашолақов қария.

Көпбалалы ана Гүлжан Дүйсебаева да алдағы уақытта көше бойынан балалар ойнайтын алаңша болса деген ұсынысын айтуда. «Біздің көшеде көпбалалы аналар өте көп. Балаларымыз да, өзіміз де көктемде батпақ, жазда топырақ кешуден әбден шаршаған едік. Көшеде асфальт болмаған соң шақырған таксилер де келе бермейді. Жедел жәрдем үшін де діттеген жерге дер кезінде жету қиынға соғатын. Көшеміздің аты да керемет, үйінен шыққан әрбір адамға ақ жол тілеп тұрғандай. Енді балаларымызға арналған ойын алаңшасы болса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді ол.

Осылайша, басылымның құрметіне берілген көше тұрғындары үшін маңызды мәселенің бірі оң шешілді. Ғасыр тойы қарсаңында «Жеңіс» саябағында егілген жүз түп ағаш та бұл күнде жайқалып, көпшіліктің көз қуанышына айналған.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support