Медицина мәртебесі артып келеді

Медицина мәртебесі артып келеді
ашық дереккөз
Медицина мәртебесі артып келеді
Халқымыз әуел бастан басты байлық санаған адам жанының саулығы кез келген уақытта маңызын жоймайтыны анық. Себебі, дені сау ұлт қана ұрпақ өрбітіп, дамылсыз дамуға талпына алады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған әрбір Жолдауында денсаулық саласына айрықша мән беріп келеді. Президент пәрменімен өңірде шешілген мәселе, атқарылған жұмыстар да аз емес. Алдағы жоспарлар да ауқымды. «Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал- жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады», деп Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да саланың бағыт-бағдарын нақтылап берді. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасы аясында статистика басқармасының соңғы деректеріне сәйкес облыс бойынша 1 миллион 170 мың 532 адамға 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Ауылдық шалғай елді мекендерде орналасқан халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 11 жылжымалы медициналық кешен биыл барлығы 265 елді мекендегі 96 239 адамды медициналық тексерумен қамту жоспарланса, осы жылдың 6 айында 191 елді мекендегі 76 957 адамды қамтыған. 20 753 диагностикалық зерттеулер, 5 273 зертханалық тексеру, 102 859 бейінді мамандардың консультациясы көрсетіліп, 1733 адам емханаға есепке алыныпты. Қызмет сапасын арттыруға бағытталған шаралар нәтижесінде биыл нәрестелердің шетінеп кетуі 4 пайызға төмендеген. Қанайналым жүйесінен аурушаңдық көрсеткіші 8,6, ал, аталған аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 27 пайызға төмендеген. Сол секілді қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші де 15,8 пайызға азайып отыр. Өңірде жалпы 15 783 медициналық маман қалтқысыз қызмет атқаруда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру мақсатында 2023 жылдың 1 қаңтарынан денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11896 медициналық қызметкердің, оның ішінде 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 8648 орта медицина персоналының жалақысы орташа есеппен 20 пайызға ұлғайған. Дәрігердің айлығы орта есеппен 453427 теңгеден 589455 теңгеге, орта медициналық буын персоналының айлығы 204000-нан 244 00 теңгеге көтерілген. Сонымен қатар, биыл көптеген жылдан бері көтерілмеген тазалықшы, жүргізуші және өзге де персоналдардың еңбекақысы орта есеппен 18 пайызға өскен. Атап айтқанда, 3 430 тазалықшының еңбекақысы орта есеппен 124 854 теңгеден 147 327 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Басқарма мамандарының мәліметінше, инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 2,6 миллиард теңгеге 20 жоба басталып, биыл соның 18-і пайдалануға беріледі. Оның ішінде, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 10 нысанның құрылысы бар. Сонымен қатар, 1,4 миллиард теңгеге 10 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба шеңберінде 3 ауданда, атап айтсақ Меркі, Шу, Талас аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құруға қайта жаңғырту жұмыстары Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 аудандық орталық аурухананың құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жалпы құны 14,1 миллиард теңгені құрайтын облыстық онкологиялық диспансер пайдалануға берілді. Жалпы сипаттағы трансферттермен бекітілген қаржы шеңберінде 10 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Ол бойынша Меркіде 1, Мойынқұмда 2, Тараз қаласында 7 нысан қайтадан ел игілігіне берілмек. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Меркі ауданының Достық дәрігерлік амбулаториясы ғимаратын күрделі жөндеу бекітілген. Бүгінгі таңда Бірыңғай Дистрибьютор «СҚ-Фармация» серіктестігімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар 10 миллиард 446 миллион 504 мың теңгеге жеткізілген. Облыс бойынша жалпы тәулік бойы медициналық қызмет көрсететін 5 899 кереует қоры бар. Соңғы 3 жылда жергілікті бюджет есебінен 9,1 миллиард теңгеге материалдық-техникалық базаны нығайтуға медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдар алынған. Лизингі шарттарымен 12 дана санитариялық автокөлік облыстық жедел жәрдем стансасына сатып алынған. Жалпы, биыл жоспар бойынша медициналық техникамен жабдықталу көрсеткішін 92,6 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Осы жылдың 6 айында медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 92,45 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсті. Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық жұмыстарына зерделеу жүргізу барысында Меркі, Жуалы аудандарына 1, Мойынқұм 2, Шу 4 дана табиғи газбен жылу беретін пеш сатып алу қажеттіліктері анықталып, алдағы бюджет нақтылауына 79280 мың теңгеге өтінім берілген. Сонымен қатар, Сарысу ауданы Саудакент ауылдық ауруханасының қазандығына аурухана есебінен 2 пеш сатып алынған, қазандықты күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін 12309,1 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Жалпы, 2023 жылдың басында Жуалы ауданында 4 нысан, Байзақ ауданы 14 елді мекеніндегі нысандарды мекеме өз қаражаты есебінен табиғи газға қосты. Биыл аудандық ауруханалар есебінен шамамен 21600 мың теңге көлемінде 27 алғашқы медициналық көмек көрсету нысандарына жобалық-сметалық құжат әзірленіп, газдандыру жоспарлануда. Бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жұмыстың бір бөлігі ғана. Ал, ондағы уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген абзал жандардың есіл еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Саладағы қордаланған мәселелерді де жоққа шығара алмаймыз. Бастысы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сай кемшіліктер азайып, оң өзгерістер халықтың игілігіне қызмет етуде.  

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар