- Advertisement -

Тыйымда да тәрбие бар

97

- Advertisement -

Қазақ – ұрпағын жас күнінен түрлі тыйымдармен тәрбиелеп отырған. Қазіргі таңда перзент тәрбиелеп отырған ата-аналарға да олардың пайдасы болары анық.Мәселен, қазақ балаға құйымшақ жегізбейді. Құйымшақ жеген бала жеңілтек, ұшқалақ болып өседі деп ырымдаған. Ұшқалақтық – жақсы қасиет емес.

Балаларға және әкесі тірі кісілерге қойдың басын ұстатпаған. Бұл үлкендерді сыйлау қажеттігінен туған тәртіп болса керек. Бала көмекей жесе ұрысқақ болып кетеді екен. Ұл баланың ожаумен сусын ішкенін де бабаларымыз ұнатпаған. Босағаға түсетін болашақ келіннің мұрны ожаудай үлкен болып кетеді деп есептеген. Балаға асық етін мүжуге болмайды дейді. Тіпті, осыған байланысты «Алты жыл аш қалсаң да, асық етін мүжіме» деген тәмсіл қалыпты.
Балаға үйге кіргенде ас шайнап кіруге болмайды. Оның да қазақы түсінігімізге кері әсері бар екен. Тіпті, ондайда үй иесі «Асты түкір» деп, түкіртіп тастаған. «Дұшпаныңның үйіне жеп кір, досыңның үйінен жеп шық» деген сөз осыдан қалған секілді. Жаңа туған нәрестеге құтты болсын айтып барғанда шикі ет апаруға болмайды екен. Шикі еттің жолы ауыр, жамандық шақырады дейді. Ер балаға да, қыз балаға да кеңірдек жегізбеген.
Қазақтың тыйымдары тек балаға қатысты ғана айтылмаған. Үлкендер ғибрат алатын тыйымдар да аз емес. Оның көпшілікке пайдасы болмаса, зияны болмас. Мәселен, ас-тойға арнайы әкелінген қымыз толы сабаны сарқуға болмайды. Қымыз сарқылып, сабанның кебірсуі малдың желінінің семуіне және суалуына алып келеді. Саба мен көнекті төңкеруге және ыдыстардың түбін таяқпен немесе қолмен қағуға болмайды. Ондай жағдайда ырыс кетеді деп есептеген.
Малды басқа малдың көзінше және адамдарға қаратып бауыздауға болмайды. Ол кесірге жатады. Нанды басуға, бір қолмен үзуге, затпен шаншып жеуге болмайды. Тобықтың етін тастауға болмайды. Осыған байланысты «Тоғыз жыл тоқ болсаң да, тобықтың етін тастама» деген нақыл қалған екен. Кәрі жілікті қыз балаға беруге болмайды. Оң жақта ұзақ отырып қалады немесе болашақ күйеуі кәрі болып кездеседі деп санаған. Аяғы ауыр әйелге қоян етін жеуге болмайды, ерні жырық болады деп болжаған. Аяғы ауыр әйелге түйенің етін жеуге болмайды. Сәби көтеруі ұзаққа созылып кетеді. Бір жерден кешігіп келген адамға да «Түйенің етін жегенсің бе?» деп айтылып жататыны бар. Діні жат адамға мал бауыздауға болмайды. Әйел кісіге мал бауыздауға болмайды. Қонаққа шақырған адамды оның баласы арқылы шақыруға болмайды. Үлкен кісіні құрметтеп, үй егесі өзі шақырған жөн. Беделді адамдарға жауырын, кәрі жілік, мойын сияқты мүшелерді беруге болмайды. Күйеуге асқа бата жасауына болмайды. Бұл жерде де қазақы тәрбие жатыр. Дастарқан үстіне келген адамдармен қол алысып амандасуға болмайды. Бұл қонақтағы тәртіп мәселесіне қатысты болса керек. Асқа немесе тойға арнап сойылған малдың еті үй иелері ауыз тимей, көпшілікке таратылмайды. Қазанның ернеуін босағаға қаратып асуға болмайды. Ошақтың киесі атады, үй иесі дертке шалдығады деп есептеген.

«Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

энциклопедиясы бойынша әзірлеген Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support