Түйме сұлу мекендеген Түймекент

Түйме сұлу мекендеген Түймекент
ашық дереккөз
Түйме сұлу мекендеген Түймекент
Бұл қала жұртының орны Байзақ ауданындағы Түймекент ауылының оңтүстік шетінде орналасқан. Қала жұртының маңынан Талас өзені ағып жатыр. Қазақ тарихындағы 2000 жылдан астам тарихы бар Жаркент, Тараз, Манкент, Сайрам, Түркістан, Отырар сияқты тарихи ірі қалаларымен аты қатар аталатын Түймекентті қоршаған қоршаулардың биіктігі 4,5-7 метрді құрайды. Қала аумағы 250, 300 метрді құрайтын салыстырмалы шағын тіктөртбұрыш. Ол жан-жағы дуалмен қоршалған, периметрі бойымен 30 күзет мұнара орналасқан. Өзінің шағын көлеміне қарамастан, Түймекент сол кездегі дербес және тәуелсіз қала болды, қала тұрғындарының тіршілік әрекеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзіндік инженерлік желісі бар еді. Ғалымдардың қазба жұмыстары барысында 30 метрге созылған су ағатын құбыр табылған, құбыр 1,5–2 метр тереңдікте кіреберіс жолдың астында салынған. Түймекент қалашығына алғашқы зерттеу жұмыстарын 1894 жылы В.Бартольд жүргізген. Араға 40 жыл уақыт салып, мұнда Бернштам жетекшілік еткен Жетісу археологиялық экспедициясы табан тіреген. 1983 жылы қала жұртына белгілі археолог ғалым Мадияр Елеу жетекшілік жасаған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археологиялық экспедициясының тобы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тарихшы ғалымдар мұнда табылған жәдігерлер мен құрылысында сәулеттік ерекшеліктерді талдай отырып, қаланың біздің заманымыздың VI – XII ғасырларында өмір сүргенін анықтады. Түймекент қалашығының пайда болуына қатысты аңыздардың бірінде қала атауының Түйме сұлудың құрметіне аталғаны айтылады. К.М.Байпақов алғашында Түймекентті Тараздан 7 фарсах жерде орналасқан Кавекет (Кевакиб) деген жердегі Дех-Нуджикес қаласымен баламалауды ұсынып, кейіннен оны Түймекент ауылының жанындағы қаламен баламалаған. В.В.Бартольд Түймекент қаласы орналасқан жердің стратегиялық жағынан өте ыңғайлы екеніне тоқтала отырып, қаланың атын Тойма (Түйме) қызбен байланыстырып, ол туралы аңызға көңіл аударған. 1905 жылы В.А. Каллаур жариялаған «Древние киргизские легенды о постройке Акыр-Таша» деген мақаласында Түймекентті мекендеген Көкше хан мен қызы Түйме сұлу, Алаңғасар алып және оның баласы жайлы уақиғаларды жүйелі түрде баяндаған. Бұл аңыз туралы ғалым Ә.Х. Марғұлан «Ежелгі жыр аңыздар: ғылыми-зерттеу мақалалар» атты еңбегінде жазған болатын. Қазір мұнда аудан мектептерінің, колледждерінің оқушылары мен студенттеріне арнап экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады. Ал, қала жұрты аумағында бой көтерген ауыл бүгінде Түймекент деп аталады. Өз кезегінде бұл ауыл аудандағы ең үлкен әрі халқы көп қоныстанған елді мекен саналады.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар