- Advertisement -

Таңғажайып қабілет иелері

69

- Advertisement -

Қазіргі таңда сегіз миллиардқа жуықтаған адамзаттың арасында айрықша қабілетке ие жандар аз емес. Ол қабілеттерді, тіпті әлі күнге дейін ғылым да толыққанды түсіндіре алмай келеді. Солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ұшатын адам

Левитация қабілеті бар белгілі адам – Даниэль Данглас Хьюм. Ол ХІХ ғасырда Шотландияда өмір сүрген. Куәгерлер оның жерден көтеріліп, ұшып жүргенін бірнеше рет сипаттаған. 1867 жылы ол үйінің жатын бөлмесінің терезесінен үш адамның көзінше ұшып шығып, қонақүйдің терезесінен қонған. Оның беделі мінсіз, оны ешқашан алаяқтық немесе көзбояушылық жасады деп айыптаған емес. Ол өз қойылымдарына тәуелсіз сарапшыларды, соның ішінде белгілі ғалымдарды да шақырып отырған. Хьюм жас кезінен Еуропаны аралап, өз қабілетін көпшілікке көрсеткен. АҚШ-та да танымал болған. Ол бірнеше рет дін өкілдері тарапынан қудалауға да ұшыраған. Қабілеті туралы өзі «Мен бұл қабілетті басқармаймын. Оларды қолданбаймын. Бұл қабілетім бірнеше айға жоғалып кетеді, содан кейін қайта пайда болады», – деп айтқан екен. Ол 1886 жылы 38 жасында қайтыс болған.

Зағиптықты жеңе білген жан

55 жастағы Дэниэл Киш велоспортты жақсы көреді. Бірақ оның көзі көрмейді. Жас кезінде дәрігерлер оған ретинобластома (торлы қатерлі ісік) диагнозын қойып, күрделі операцияның нәтижесінде екі көзі көрмей қалған. Басына түскен қайғыға бейімделуге тырысқан ол айналада жүруді жеңілдету үшін тілімен түрлі ерекше дыбыстар шығара бастаған. National Geographic-ке берген сұхбатында Киш әр дыбыс туралы: «Менің миым жаңғырықтарды динамикалық бейнелерге айналдырады, бұл басқалардың айналадағы адамдармен сөйлескенімен бірдей», – деп, өз қабілетінің сырын ашқан. 2000 жылдан бастап Дэниэл «Соқыр көздер әлемі» шағын коммерциялық емес ұйымын басқарды. Құрылтайшының өзі және әлемнің 25 елінен келген 500 волонтер зағип балаларға жарқанаттар қолданатын экзолокация өнерін үйретеді. Киштің шәкірттері өзіне жасалған жұмыстардың нәтижесінде мұндай қабілетке ие болу мүмкін екенін дәлелдеді. Олар велосипедпен ұзақ сапарға шығады. Көшеде емін-еркін жүреді.

Жанарымен жалын шашқан жан

Парапсихологияда «пирокинез» термині бар. Ол заттардың температурасын қашықтықтан көтеріп, оларды тіпті жандырып жіберетін қабілет. Моңғолиялық Батмунхин Унурме өзінің осы қабілетін басқара алмайды. Ол зер салып қараған кез келген нәрсе өртеніп кетеді. Көзілдірік те көмектеспейді. Нәтижесінде оның отбасы өрттен сақтану үшін тас қабырғалы үйге көшкен.

Рентген әйел

1987 жылы 37 жастағы Донецк тұрғыны Юлия Воробьеваның денесін кранның кабинасындағы ақау салдарынан 380 вольтты тоқ соғады. Дәрігерлер оны өлдіге санап, денесін мәйітханаға жібереді. Бірнеше күннен кейін Юлия оянады. Юлияның бойында ерекше қабілет бірден пайда болған жоқ. Алты ай бойы ол бас ауруы мен ұйқысыздықтан азап шеккен. Содан кейін ауруы басылып, оның орнына керемет қабілет пайда болған. Ол алғаш рет аялдамада тұрған әйелдің «ішкі ағзаларының қимылын» көргенде өзін есі ауысқандардың қатарына қосқан. Кейін Юлия Федоровна өз шеберлігін халық игілігіне жұмсауға көшкен. Ол Донецк ауруханасына жұмысқа тұрып, бірнеше науқастың өмірін сақтап қалды. Рентген әйел диагноз қойған кезде ешқашан қателеспеген. Ол өзінің қабілетін түсіндіре алмайды. Тек адам ішкі ағзасын көре алатынын айтады. Юлия Воробьева бүкіл әлемге әйгілі болды, бірақ өзінің керемет талантын ешқашан өз пайдасына жаратпаған.

 

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support