- Advertisement -

Жүйелеуді қажет ететін жұмыс көп

111

- Advertisement -

Тараз станциясы Желілік Полиция бөлімінде «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» және Жамбыл магистральді желі бөлімшесі басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынды ЖПб-нің бастығы, полиция полковнигі Қалжан Орынбеков жүргізіп, онда вокзал, станция, саябақ, локомотивтерге бейнебақылау қою, адам қағу, мал қағу, мүліктердің ұрлануы, болат жолдың бойын қоршау жайы талқыланды.

Хабарлама жасаған ЖПб-і басшысының бірінші орынбасары Аслан Дүйсенбаевтың айтуынша, бүгінгі күні теміржол қоршауларының дені ескеріп, бағаналары ұрланған, сым темірлері бүктеліп, одан адам да, мал да өтіп, пойыздардың жедел тежеуі жиі орын алып отыр екен.

Әсіресе мұндай оқиғалар халық тығыз орналасқан Тараз – Түлкібас телімінде жиі қайталанады. Тіпті, бүгінгі күні ұрлық көбейгендіктен ЖПб-і Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері тынымсыз жұмыс істеуде. «Болат жолдың бойында тыйым салу белгілерін қою, Тараз – Ақыртөбе, Тараз – Қаратау – Жаңатас бағытында қоршау жұмыстарын жүргізу, оны қайта жөндеу сын көтермейді. Тараз – Құмшағал арасындағы қоршаулардың бағаналары алшақ орналасқан.

Мұнда пойыздар қозғалысы сағатына 90 шақырым болу керек болса, кедергілерден жылдамдық төмендеген. Тараз – Ақыртөбе арасындағы 73,5 шақырымның 16 шақырымы қоршалмаған, Тараз – Түлкібас арасындағы 59,9 шақырым қоршауда олқылықтар көп. Яғни, қағазда бар, ал істе жоқ. Тараз – Ақыртөбе арасындағы қосымша қоршау жұмыстары жоспарға енбеген. «Жол картасына» сай келмейді. Абай даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер өткеліндегі тұрғындарға «ескерту белгісі» машинистің жолына «қарап» қалған, керісінше ол жаяу жүргіншілерге «қарау» керек», – деді ол.

Ал «ЖТ – Жамбыл бөлімшесі» азаматтық қорғаныс жөніндегі инженері Мұрат Бейсенбаевтың айтуынша, бүгінгі күні ЖПб- нің қызметкерлері қарайтын станцияларға 220 бейнебақылау керек екен.

Сондықтан бейнебақылауды сатып алу, орналастыру бойынша бағасын анықтаумен орталықтандырылған жүйе айналысып жатқан көрінеді. Бұл алғашқы толқынмен алынатын камералар. Жалпы, Жамбыл өңірін толық қамту үшін 494 бейнекамера керек екен.

– Бұл жерде барлығы бір мәселеге келіп тіреледі. Ол – қаржы жағы. Бейнекамераларды алу үшін 195 миллион теңге керек. Соңғы заңнамаларға сүйенсек, болат жолдың бойында аспалы көпір салу, жаяу жүргіншілердің өткелдерін жөндеу, белгі қою – тікелей жергілікті биліктің жұмысы. Біз бұған дейін де қала әкімдігіне хат жазған болатынбыз. Енді осы жиынды басымдыққа ала отырып тағы да хат жолдаймыз, – деді «ЖТ – Жамбыл бөлімшесінің» директоры Молдахмет Қожабеков.

Жамбыл магистральді желі бөлімшесінің директоры Сұлтан Борамбаевтың айтуынша, қоршаулардың 70 пайызы «қолды» болады екен. «Оны ұрлайтындар сырттан келмейді. Жасыратын несі бар, ұрлыққа барып отырған өзіміздің теміржолшылар.

Тараз – Құмшағал арасындағы қоршаудың тең жартысы ұрланған. Бүгінгі күні 120 шақырым қоршау қайта жасалып, бұл жұмыс 110 пайызға орындалып келеді. Ал жалпы Жамбыл өңірінде 2300 шақырым қоршалу керек болса, алғашқы кезекте 750 шақырымды қоршап алуымыз керек, келесі жылға 250 шақырым жоспарланып отыр. Қоршалып жатқан аймақ мал көп жайылатын өңірлер», – деді Сұлтан Адамбайұлы.

Қыс маусымында жолаушылар негізінен вокзал ішінде болады. Сондықтан Тараз, Түркісіб, Шу, Қаратау, Жаңатас вокзалдарына LED экрандар қойып, болат жол – қауіпті аймақ екенін тұрғындарға насихаттап отыру керек.

Бұл сауалға жауап берген Жамбыл магистральді желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Бейбіт Садықбеков: – Қазір бюджетке қаржы қойылды. Келесі жылға жоспарланып отыр. Біз бұл мәселе бойынша облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына және Тараз қаласы әкімдігіне хат жазғанбыз, – деді.

Басқосуда Мұрат Бейсембаев бір өзекті мәселені көтерді. «Көрші Қырғыз елінде Қазақстан теміржолына қарайтын Жуантөбе және Маймақ деген екі станция бар. Мұнда жергілікті тұрғындар тарапынан қызметкерлерге шабуыл жасау, бағдаршамдарды сындыру фактілері жиі орын алады. Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғауда кедергі көп.

Территория – Қырғыз Республикасына, станциялар Қазақстанға қарайды. Бұл оқиғалар бойынша шағымдарды Тараз станциясындағы ЖПб-де және олардың қырғызстандық әріптестері де қарай алмайды. Сондықтан осы мәселені шешуде ведомствоаралық мәмілелер жасау керек», – деді ол. ЖПб-нің басшысы Қалжан Әбуәліұлы бұл мәселені шешуге күш салатынын жеткізді.

Сондай-ақ жиында Боранды станциясындағы Желілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Нұржан Нарқозы Түлкібас – ОП-115 – Абайыл (25 шақырым), Шақпақ – Боранды – Сұрым – Күркіреу- су (59 шақырым) станциялары аралығындағы қоршаулар бойынша тексеріс қорытындысын баяндады. Олқылықтар көп. Тіпті халық тығыз орналасқан болат жолдың бойындағы Абайыл елді мекені аумағы жедел қоршауды талап етеді екен.

Қазір полицейлер мен теміржолшылар үшін өзекті мәселе болып отырған, ол – «Ауыл-Береке» базары аумағындағы No5 теміржол өткелі маңындағы жол жөндеу жұмыстары. Өйткені жолаушылар тасымалымен айналысып отырған қоғамдық көліктер теміржолдан өтпей, жолаушыларды тастап кетіп жатыр. Базарлап келген тұрғындардың легі қалың болғандықтан, теміржолдан өту өте қауіпті.

Бұл «Қаратау өткелінен» тәулігіне кемінде төрт-бес пойыз өтеді. Сондықтан жамбылдық теміржолшылар мен полицейлер жол жөндеу жұмыстары біткенше мұнда кезекшілік ұйымдастыратын болды.

Ал ай сайын бір рет бас қосып тұруды жоспарлаған қатысушылар келесі жиынға Тараз қаласы әкімдігінің және облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерін шақыратын болды.

 

Ерман ӘБДИЕВ,

журналист.

Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support