- Advertisement -

Ауыл ахуалы жақсарып келеді

13

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Талас ауданы, Үшарал ауылдық округінің әкімі Самат Ақпанбетов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Аталған округ былтыр бірқатар міндеттерді сәтті жүзеге асырып, әр сала бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Аталған округтің құрамына Үшарал, Арал, Қайыр атты ауылдары кіреді. Ауылдық округ бойынша 2210 тұрғын, 326 аула бар.

Ауылдық округ әкімі айтып өткендей, округте бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 51 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны 35 шаруа қожалық. Ауылда азық-түлік дүкендері, дәріхана мен жанармай құю бекеті жеткілікті. 182 мың 848 гектар ауылшаруашылық мақсаттағы жер бар. Төрт түлік малдың басы өз төлінен өсіп келеді.

Округте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына ерекше мән беріледі. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Үшарал ауылы бойынша 6 көшенің жолын күрделі жөндеуден өткізуге 353 миллион 622 мың теңгеге 11,77 шақырымның жұмыстары жүргізіліп, 1,8 шақырым тротуар салыныпты.

Үшарал ауылындағы ескі ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына 480 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылып, әр аулаға су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, ауылдық округке қарасты Қайыр және Арал ауылдарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су тазарту кешенді блоктарын қою жұмыстары ағымдағы жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Демеушілер тарапынан жинақталған 5 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа округ орталығындағы «Жастар саябағын» қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Үшарал ауылында демеушілердің қаражаты есебінен 1 миллион 700 мың теңгеге балалар ойын алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы бойынша да айтарлықтай жетістіктер бар. Былтыр жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант алуға өтініш білдіріп, екі ауыл тұрғыны 2 миллион 760 мың теңге қайтарымсыз қаржы алыпты. Көпбалалы ана Айдана Шамшабекова 1 миллион 380 мың теңгеге 4 бас мүйізді ірі қара сатып алса, ал Эльвира Қыстаубаева 1 миллион 380 мың теңгеге дәріханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Шаруа қожалықтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құдық қазу бойынша 4 шаруа қожалық 6 құдықты 60 миллион 700 мың теңгеге орнатыпты. «Жомарт түлек» жобасы бойынша жеке кәсіпкер Бекжан Аденовтің демеушілігімен ауылдық округтегі әлеуметтік жағдайы төмен 10 отбасына жалпы көлемі 600 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетіліпті.

Жеке кәсіпкер Данияр Жаппаров өз қаражаты есебінен жалпы құны 50 миллион теңге болатын заманауи үлгідегі қоғамдық монша құрылысын аяқтапты. Үшарал ауылында 2004 жылғы мектеп бітіруші түлектердің демеушілігімен құны 1 миллион 700 мың теңге болатын балалар ойын алаңшасының құрылысы жүргізіліп жатыр. 2014 жылғы мектеп бітірген түлектердің қаржылай көмегімен Үшарал ауылына кіреберіс қақпасына ауыл атауын жарық шамдармен жазу жұмыстары жүргізілуде.

Жиын соңында Үшарал ауылдық округінің әкімі Самат Батылханұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған және әлеуметтік желі арқылы түскен сұрақтарға жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support