Талас тұрғындарының талап-тілегін тыңдады

Талас тұрғындарының талап-тілегін тыңдады
ашық дереккөз
Талас тұрғындарының талап-тілегін тыңдады
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданына жұмыс сапары барысында аудан тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен жиында тұрғындар көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Облыс әкімі әуелі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен негізгі мақсат-міндеттерді атап өтті. – Бүгінде өңірде 81,7 мыңға жуық жұмыс орны құрылған, оның 64 мыңнан астамы – тұрақты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 66 мыңнан астам адам тартылды. Оның 27,6 мыңы жастар, — деді аймақ басшысы. Ербол Қарашөкеев аймаққа инвестиция тартудың маңыздылығын да айтты. – Мемлекет басшысының инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу бойынша нақты тапсырмасы бар. Әр ауданда жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары құрылуы тиіс. Инвесторлардың жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Бұл экономиканың артуына, азаматтарымыздың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етеді, — деген облыс әкімі өңірдің әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырды. Бұдан бөлек, аудан орталығы Қаратау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары баяу жүргізіліп жатқандығын айтып, жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. – Азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі тұрақты бақылауды қажет етеді. Өйткені, қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігін баспана мәселесі алаңдатады, – деді Ербол Қарашөкеев. Айта кетейік, биыл түрлі бағдарламалар аясында облыста пайдалануға берілетін пәтер саны өткен жылмен салыстырғанда 227,1 пайызға артады деп жоспарлануда. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобын тұрғын үймен қамту көлемі де екі есеге дейін ұлғайтылмақ. Сондай-ақ, облыс әкімі аймақтағы өзекті мәселелерді атап өтіп, аудан әкімі мен орынбасарларынан есеп алды. Сұрақ-жауап бөлігінде тұрғындар түрлі мәселелерді көтеріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, олар мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, көше жолдары мен су арналарын ретке келтіру, субсидия алу секілді көптеген сауалдарын қойды. Облыс әкімі барлық мәселе назарға алынатынын баса айтып, жауаптыларға зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді. Кездесуден соң Ербол Қарашөкеев бірқатар аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Облыс әкімі Талас ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар жергілікті зиялы қауым және жастардың өкілдерімен кездесті. Д.Қонаев атындағы мұражайда еркін форматта өткен басқосуда өңірдің мәдени-рухани дамуы, жастардың қоғамдағы рөлі және өзге де тақырыптар қозғалды. Ербол Қарашөкеев Талас ауданының әлеуетін, оның ішінде инвестиция тарту, жеке кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жиында облыс әкімі аға буын мен жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Зиялы қауым өкілдері жастардың туған жерінде қызмет етуі үшін оларға қолайлы жағдай жасау бойынша қажетті шараларды қабылдау керектігін айтты. Ербол Қарашөкеев жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайту, оларды мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау басты мақсат екенін атап өтті. Мәселен, аймақта жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл бастама аясында аудан жастарын да баспанамен қамту шаралары жоспарлануда. Жастардың кәсіп бастау, сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасына қатысты толғандырған сауалдарына жауап берілді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, мәселелерді бақылауға алды. Аймақ басшысы әуелі 1972 жылы пайдалануға берілген 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің қазіргі жағдайын көрді. Тұрғын үй әкімшілік ғимаратқа айналып, аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім қызметкерлерінің жаңа жұмыс орнына айналады деп жоспарлануда. Ербол Қарашөкеев нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын сапалы жүргізуді тапсырды. 1973 жылы пайдалануға берілген 1280 орындық А.Пушкин атындағы орта мектеп жөндеуді қажет етеді. Мектеп директоры Ақсәулем Торланбаева облыс әкіміне білім ошағын аралау барысында бірқатар мәселелерді атап көрсетті. Аймақ басшысы жауаптыларға тозығы жеткен мектепті күрделі жөндеу бойынша нақты тапсырма жүктеді. Ербол Қарашөкеев жұмыс сапары барысында аудандағы мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының жұмысымен де танысты. Сондай-ақ, №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына барды. Мекеме басшысы Ерлан Әнетбаев облыс әкімінен қызмет алушыларға арналған арнайы көлік қарастырып беруін сұрады. Бұл бойынша Ербол Қарашөкеев жауаптыларға нақты тапсырма берді. Аймақ басшысы аудандық орталық аурухананың да жұмысымен танысты. Медициналық мекемеге қарасты 1 емхана, 9 дәрігерлік амбулатория, 1 бастапқы медициналық-санитариялық көмек, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт және 14 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді. 2022 жылы ауданға қарасты Үшарал және Есейхан ауылдарында дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілген. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Қызыләуіт ауылдық округіндегі жел электр станцияларының жұмысын көрді. «Wind Power city» ЖШС-де өткен жылдың қыркүйек айынан бастап 4,043 мың кВт, ал «Wind Electricity» ЖШС-де 3,517 мың мВт электр энергиясы өндірілген. Аталған мекемелерде 21 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетейік, алғаш рет өңірде жел электр энергиясын өндіретін құрылғыларды жөндейтін нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, облыс және еліміздің өзге өңірлерінде орналасқан электр энергиясын өндіретін кәсіпорындардың құрылғыларын жөндеуге мүмкіндік туады. Ербол Қарашөкеев жел электр станцияларын салуға инвесторларды белсенді тарту қажеттігін атап өтті.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар