- Advertisement -

Өлең өлкесіндегі өрендер

133

- Advertisement -

Табанымды топыраққа күйдіріп,

Алпыс екі тамырымды идіріп.

Сол баяғы алқам-салқам қалпымда,

Мен келдім ғой, айналайын, Игілік! – деп жырлаған ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы поэзия әлемінің көшін бастап жүрген ағаларымен бірге Сарысу топырағына келді. Жаңатас қаласында оқушылар арасында облыстық «Маралтай оқулары» байқауы өтті.

Бұл байқаудың мәні де, мазмұны да бөлек. Маралтай Райымбекұлы өзінің елін, жерін, Отанын, туған өлкесін жырға қосып жүрген ақын ғана емес, ол ел десе еміреніп тұратын нағыз азамат. Өзі туып-өскен ауданда белгілі қоғам қайраткері Айтбай Назарбеков пен есімі елдің жадында жатталған Мәді Шәутиев күйшіге ескерткіш орнатқаны ел есінде. Игілік ауылында туған Маралтайдың шынында да игілікті істері көп. Сарысу топырағында үлкен іс-шаралар өтсе, ауданнан шыққан тұлғалардың мерейтойлары өтсе, сол жиының ішінде маң-маң басып Маралтай жүреді. Бір сөзбен айтқанда Маралтай Райымбекұлы ақындығы да, азаматтығы да биік деңгейдегі тұлға.

Бұл туралы іс-шараны ашқан Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев көбірек тоқталып, байқауға қатысқан барлық талапкерге сәттілік тіледі. Сарысу топырағына табан тіреген қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет кеңінен толғанып сөз сөйледі. Іс-шара барысында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов те ақынның поэзиядағы тереңдігіне тоқталды. Қазылар құрамында ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын Маралтай Райымбекұлы, эпик жыршы, этномузыкатанушы Берік Мырзалыұлы, жазушы, «Aulieatа-media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт, жергілікті композитор Асхат Абзалбеков, Сарысу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Алтынбекова болды.

Тараз қаласы мен әр ауданнан 500 оқушының арасынан іріктеліп келген 24 талапкер екі аталым бойынша (мәнерлеп оқу, авторлық өлеңін оқу) барын ортаға салды, атағы алысқа кеткен ағаларының алдында арындатып өлең оқыды. Мұндай ғажайып кештің балаларға да шабыт бергені рас. Талай тарланның басын қосып осындай ғажайып кешті ұйымдастырған Сарысу ауданы әкімдігі мен облыстық білім басқармасына көпшіліктің алғысы көп айтылды.

Қазылар алқасының шешімімен авторлық өлеңін оқу аталымы бойынша байзақтық Дархан Айзат пен тағы бір жүйрік Еркеназ Шәріпхан жеңімпаз атанды. Ал Альбина Жұмабай, Әсел Шерімбаева, Инсан Рызбай екінші орыннан көрінсе, Ерсұлтан Есімқұл, Қуаныш Сұлтаналы, Мирас Ғалиға үшінші жүлде бұйырды. Ал мәнерлеп оқу бойынша Мөлдір Бейсенбек пен Қырмызы Әубәкір жеңімпаз атанса, Жансая Тоқбай, Дархан Мәтбай екінші, Алдияр Жүзбай, Аршат Ниетбек, Толғанай Әбідахат үшінші жүлдеден көрінді. Бастысы, «Маралтай оқулары» жүздеген жас талапкердің ынтасын оятып, өнерін өрістеткен игі іс-шара болды деп айта аламыз. Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған қазылар алқасының қолынан марапат алу жасөспірімдер үшін ұзақ уақыт ұмытылмайтын естелік болғаны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support